Техникалық және кәсіби білім беру: Педагогтердің біліктілігін арттырудағы әдістемелік тәсілдер

Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені белгілі. Осы құжатта барлық білім беру деңгейіндегі ұйымдардың педагогтері білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету бойынша педагогикалық шеберлікті жетілдіруге мүмкіндік беретін аудиториялық және қашықтықтан оқыту нысанында біліктілікті арттыру курстарынан өтетін болады. Курстан кейінгі жүйелі сүйемелдеуді, оқыту практикасын одан әрі өзгертуді және жетілдіруді көздейтін үздіксіз кәсіби дамуды қамтамасыз ету жағына педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілі өзгеретіндігі жазылған.

Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен алдағы жаңа оқу жылының қарсаңындағы тамыз конференциясы шеңберінде ұйымдастырылған №4 секциялық отырыстың пікірлесу алаңында «Техникалық және кәсіби білім бері жүйесі педагогтерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастырудағы әдістемелік тәсілдер» тақырыбы талқыланған болатын. Бұл зерделеу жұмысына оқу-әдістемелік бірлестіктердің төрағалары, ТжКБ ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері, «Talap» КеАҚ өкілдері мен штаттан тыс тренерлері қатысты.

Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан ОСПАНОВА осы онлайн жүздесудің модераторы ретінде осы диалог алаңы жоғары сапалы кәсіби білім берудің негізі бойынша оқытушының кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруға ықпал ететіндігіне тоқталып, тәжірибелік ұсыныстар педагогтердің оқу үрдісінде жаңа тәсілдер мен инновациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін кеңейтетіндігін айрықша атап айтты.

– «Педагог мәртебесі» туралы Заңның шеңберінде салалық министрліктің тарапынан ағымдағы жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері үшін де бірқатар ынталандыру шаралары қабылданды. Біріншіден төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есеге арттырылады. Екіншіден біліктілік санаттары үшін лауазымдық айлықтан отыздан елу пайызға дейін, ал басшыларға отыз пайыздан жүз пайызға дейін үстемақы төлеу көзделді. Үшінші – дәптер тексергені үшін базалық лауазымдық айлықтан 40 пайыз, кураторлық қызметіне елу пайыз, жалпы білім беру пәндерін ағылшын тілінде жүргізгені үшін базалық лауазымдық айлықтан 200 пайызға дейін үстемақы қарастырылды. Сонымен қатар материалдық емес ынталандыру шаралары да бар. Атап айтсақ, ең бастысы өзінің фукциясына тән емес жұмыстар мен есептен босатылды. Мектеп жасында дейінгі балаларын балабақшаға орналастыру болып табылады, – деді алғашқы сөз кезегін алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру Департаментінің педагогтер қызметі және тәрбие жұмыстарын үйлестіру басқармасының басшысы Бақытжан БИЕКОВА.

Бақытжан Үмітбекқызының мәліметінше жаңадан қабылданған салалық заңнаманы іске асыру мақсатында бірқатар нормативтік құқықтық құжаттар әзірленген. Қатысушылардың назарына педагогтерді аттестаттаудағы жаңа тәсілдер ұсынылды. Сонымен педагогтер үшін аттестаттау бес жылда кемінде бір рет, ал білім беру ұйымдарының басшылар үшін үш жылда бір рет ұйымдастырылатын болды. Аттестаттау екі кезеңді құрайды. Ұлттық біліктілік тестілеу орталығы ұйымдастыратын біріншісі сынақ электрондық форматта жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері үшін бұл ұлттық біліктілік тестілеу тапсырмаларының ерекшеліктері бар.

Жалпы білім беру оқытушылары үшін жалпы алғанда жүз (педагогика және оқыту әдістемесі бойынша отыз тапсырма, оқу пәнінің мазмұны бойынша 70) тапсырманы құрайды екен. Арнайы пән педагогтері үшін де 100 тапсырма (педагогтка, оқыту әдістемесі бойынша 30, қызмет бағыты бойынша 70) нақтыланған. Өндірістік оқыту шеберлеріне бағытталған алпыс тапсырманың 30-ы педагогика мен оқыту әдістемесін қамтыса, қалған жарты бөлігі қызметтік басымдықққа арналған. Білім беру ұйымдарының басшылары үшін сексен және басқару құзіреті бойынша 20 сұрақ дайындалған. Қазіргі уақытта бірыңғай тестілеу орталығы тапсырмаларды әзірлеуді аяқтағанын білдік. Бүгінгі күні 278 мамандық бойынша 1821 пәннің негізінде 152 мыңнан астам тапсырма әзірленіпті. Бұл тапсырмалар колледж педагогтерінің арасынан сарапшыларды тарту арқылы екі мәрте сараптамадан өтіп, екі мәрте қайта түзетілген. Коронавирус пандамиясына байланысты сараптамалық жұмыстардың кеш жүргізілуіне байланысты жоспарланған тестілеу сынағын бұрын белгіленген мерзімінде ұйымдастырудың мүмкіндігі болмаған.

Алайда ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы ресми ақпарат арқылы әр пән бойынша ерекшеліктер көрсетілгені айтылды. Тамыз айының бесінен бастап қатысушылардың өтініштерін қабылдау рәсімі басталған. Осы уақытта 5545 педагог тіркелген. Тамыз айының 24-29 аралығында ұлттық біліктілік тестілеу сынағын жүргізу жоспарланыпты. Тест нәтижесі оң болып саналуы үшін оқу пәнінің мазмұны және қызмет бағыттары бойынша педагог-модератор 50 пайыз, педагог-сарапшы алпыс пайыз, педагог-зерттеуші 65 пайыз, педагог-шебер жетпіс пайыз және педагогика, оқыту әдістемесі бойынша 30, 35, 40 және 45 пайызды құрауы қажет. Ұлттық тестілеу қорытындысы шығарылғаннан кейін әрбір қатысушы педагог сынақ нәтижелерінің дұрыс немесе бұрыстығына көз жеткізулері үшін жауаптармен таныса алады және бағалануымен келіспеген жағдайда республикалық апеллациялық комиссияның қарауы үшін ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы шағымдану құқығын пайдаланады.

Осы тестілеу сынағының оң нәтижесімен педагогтер екінші кезең біліктілік санаттарын беру, растау білім беру ұйымдары басшылары біліктілік бағалау және қызметінің қорытындылары кешенді талдамалылық жинақтау рәсімінен өтеді. Қыркүйек айының бірінен бастап біліктілік санаттары үшін айлық жалақысына үстем ақы бекітілуіне байланысты екінші кезеңді тамыз айының соңына дейін ұйымдастыру жедел қолға алынғанын құптарлық қадам деуге болады. Келесі кезекте техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы педагогтерге кәсіби құзыреттіліктерін шыңдау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігінің тікелей қолдауымен «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мен біліктілікті артыру курстары туралы және осы жұмыстардың оң нәтижелері жөнінде оқу тренингтік орталығының директор Нұрдаулет ЖАНАЙДАРОВ баяндап берді.

– Біздің іргелі ұжымның алдына қойылған маңызды стратегиялық басымдықтарының бірі оқыту сапасын арттыруға жағдай жасау. Осы маңызды міндетті жүзеге асыру оқу тренингтік орталығына жүктелген. Бұл тапсырманы орындау үшін бұл орталық төрт бағытта қызмет атқаруда. Біріншісі – мемлекеттік колледж қызметкерлеріне мемлекеттік тапсырма шеңберінде біліктілікті арттыру курстарын жүргізу, екінші – қашықтан оқыту курстарын ұйымдастырыу, үшінші – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ұстаздарға әдістемелік және кеңестік көмектер көрсету, төртіншісі және ең ауқымды жобамыз инновациялық жұмыстар витринасы. Биылға жылға әзірленген жоспар бойынша осы сала мамандарынан жасақталған 5200 педагогке (басшылық құрам – 300, қалған 4900-і тәлімгерлер) түрлі тақырыптар бойынша біліктілігін жоғарылату көзделген. Курс бағдарламаларын әзірлеу үшін алдыңғы жылдары курстан өткен ұстаздардың арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, қолданыстағы нормативтік құжаттарды зерделенді. Осы талдаулардың нәтижесінде жеті түрлі біліктілікті арттыру бағдарламасын дайындауға мүмкіндік алып, сараптамалық кеңесте талқыға салынған соң ресми түрде бектілген болатын, – деді Нұрдаулет Даулетбекұлы.

Баяндамашының айтуы бойынша бұл бағдарламалардың ең басты ерекшелігі кустық оқытудың мақсатына, міндеті мен нәтижесіне модулдік құзіреттілік тәсілдеме арқылы жету болып табылады. Барлық аймақтардағы әріптестермен оқытудың жоспар кестесі мақұлданды. Тамыз айының үшінен бастап 798 ұстаз біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. “Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота ҚАБДЫКӘРІМОВА «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыруда жалпы білім беретін пән оқытушыларының педагогикалық шеберлігін жетілдіру» тақырыбындағы баяндамасы да қатысушыларды тартымды мазмұнымен баурап алғаны даусыз.

– Колледж педагогтерін оқытудың жұмыстары негізінен төрт жыл бұрын басталған болатын. Осы уақыт аралығында біз тек 24 педагогикалық және гуманитарлық білім беретін арнаулы оқу орындарының ұстаздарына дәріс оқысақ, биыл салалық министрліктің тапсырмасы бойынша педагогикалық бейіндегі емес колледждердің қызметкерелерінің шеберліктерін жетілдіруге кірістік. Біз оқытудың аралас, аудиториялық және онлайн сынды үш түрлі форматын қолданамыз. Курстар төрт бағыт бойынша жүргізілуде, – деді Жанбота Жетілбекқызы.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жобасының жетекшісі Нұғман ЖҰЛДЫЗБАЕВ «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпкерлік негіздерін оқытудың өзектілігі» тақырыбындағы баяндамасында «Жастар жылын өткізу жөніндегі «Жол картасын» бекіту туралы ел Үкіметінің «Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру студенттеріне кәсіпкерлік негіздерін оқыту» туралы қаулысы (30.01.2019 ж, №27) мен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес арнайы курстың қолға алынғанын жеткізді.

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен енгізілген бұл курсты былтырдан бастап енгізу үшін негізінен үш кезең бойынша талқыға түсті. Біріншіден әр аймақтағы білікті бизнес тренерлерді іріктеу арқылы арнайы оқытуды ұйымдастырдық. Екінші кезекте осы арнайы білімін жетілдірген тәлімгерлер техникалық және кәсіби білім беретін колледжердің педагогтерін басым бағыттарға үйретті. Үшінші кезеңде біліктілігін жетілдірген оқытушылар студент жастардың кәсіпкерлік негіздеріне меңгеруіне үлестерін қосуда, – деді Нұғман Есболғанұлы.

“Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының (ҰҒПБСО) Адамның үйлесімді дамуы институты директорының орынбасары Гүлнәз САҒЫМБАЕВА тікелей эфирде жүргізілген пікір сайыс алаңында талқыланған тақырыптарды онлайн оқытудың мәні мен маңызын безбендеген баяндамасымен қорытындылады. Бұл бағыттағы баяндамашының зерттеуі интерактивті, белсенді және интернет технологияларын қолдану арқылы оқытушылардың біліктілік қабілеттерін дамытудың мүмкіндіктерін ашып көрсетуімен құнды пайым ретінде жоғары бағаға ие болғаны анық.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий