Отызға жуық отырарлық ғалым туралы құпияны кім ашады?

Біз өз тарихымызды зерттеп-зерделегенде көбінде бергі тарихтан қайтатынымыз жасырын емес. «Бергі тарих» деп отырғанымыз, кешегі Қазақ хандығының тарихы мен еліміздің Кеңестер Одағы құрамындағы тарихы. Ерте және орта ғасырдағы тарихымызды зерттеп жүрген тарихшылардың да еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, солардың еңбегін дұрыс жолға қойып, насихаттай алмай жүргеніміз болмаса… Ежелден тарихқа деген көзқарас – болашаққа деген көзқарас емес пе еді?!, – деп жазады Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі «Экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс» бөлімінің  меңгерушісі Досхан ЖҰМАХАНҰЛЫ Түркістан облыстық “ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайтында жарияланған мақаласында.

Орта ғасырда Орта Азияда, оның ішінде бүгінгі қазақ жерінде ғылым-білім қарқынды дамыды. Оның дәлелі ретінде сол кездері қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ғалымдарды атасақ та жеткілікті. Орта Азиядағы ғылым-білімнің дамуына Ислам өркениетінің қосқан үлесі орасан. Қазақ жеріне ислам дінінің келуі ғылымның дамуына даңғыл жол ашты. Мешіт-медреселер, кітапханалар, басқа да білім орындары ашылып, ғылымның деңгейі едәуір өсті. Қалалар салынып, отырықшы мәдениет қалыптасты. Отырықшы мәдениеттің қалыптасуы да ғылымның қанат жаюына серпін берді.

Түркістан (Яссы), Отырар, Сығанақ, Сайрам (Исфиджаб), Тараз (Баласағұн) секілді үлкенді-кішілі мәдениеттің, ғылым-білімнің ошақтары пайда болды. Осылардың арасында қазақ даласындағы ғылым-білімнің дамуына ерекше үлес қосқаны Отырар қаласы еді. Отырардың ежелгі атауы Фараб екенін тарихтан білеміз. Ол кезеңдерде адамның ата-тегіне туған жерінің атауы қосылып жазылатын. Отырардан бірнеше ғұламаның шыққанын тарихшылар айтып жүр. Қазірдің өзінде сол кездегі ғылым-білімге, дін мен мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан 30-ға жуық әл-Фарабидің есімдері белгілі. Олар жайлы деректердің аздығы әл-Фарабилердің тиісті деңгейде насихатталмай жатқанына әсер етуде. Десе де, бүгінге дейін белгілі болған әл-Фарабилер туралы деректерді алдарыңызға тартқанды жөн санап отырмыз.

Әл-Фарабилердің ең мәшһүрі, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» – Әбу Насыр әл-Фараби. Оны кей тарихшылар «Шығыстың Аристотелі» деп атайды. Олай деуге себеп те жетерлік. Әбу Насыр әл-Фараби ғылым мен мәдениетті қатар алып, осы саланың дамуына ерекше үлес қосты. Ол негізін қалаған ғылымдар өміршең болып шықты. Оның музыка саласына қосқан үлесі де өте қомақты. Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсында дүниеге келген болашақ ғұламаның балалық шағы Фараб қаласында өтеді. Жастайынан алғыр, оқуға құштар баланы ата-анасы ғылым-білімнің ошағы саналатын Бағдад қаласына жіберуді жөн санайды. Әбу Насыр әл-Фараби Бағдадқа барар жолда Шаш, Самарқан, Бұхара қалаларында болып, білікті ұстаздардан тәлім алған. Ортағасырлық тарихшы, әдебиетші, шежіреші Ибн Халликан (1211-1282) Әбу Насыр әл-Фараби жайлы «Ол – аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина да (980–1037) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланған, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткен» деп жазып қалдырған.

Егер отырарлық ғұламаларды өмір сүрген кезеңдері арқылы реттестірсек, көш басына Аббас әл-Жауһари шығады. Ол математика ғылымымен шұғылданған. Белгілі ғалым, фарабитанушы Ауданбек Көбесовтің «Әл-Фараби» атты кітабында Аббас әл-Жауһари туралы біраз деректер келтірілген. «ІХ ғасырда құрылған Бағдад мектебінің өкілі, жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Бағдад обсерваториясы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі. Аббас әл-Жауһаридің Отырар қаласынан шыққандығын көрсететін мағлұматтар бар. Отырар алқабындағы бір қалашықтың орнындағы төбе күні бүгінге дейін «Жауһар ана» немесе «Гауһар ана» деп аталады. Ол әлгінде көрсетілген жерлестерімен бірге 829-830 жылдары Бағдадта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысады. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таблицалары» деп аталатын еңбек жазылады. Бұл еңбекке Әбу Насыр әл-Фараби үлкен мән берген» деп жазады ғалым.

Аты да, шығармашылығы да, зерттеулері де көпшілікке белгісіздеу болып келген отырарлық ойшылдардың тағы бірі – Имад ад-Дин Әбу-л-Қасым әл-Фараби. Шығыстанушы ғалымдардың бірде-біреуі Имад ад-Диннің туған жылын дөп басып айта алмаған. Мұның себебін ортағасырлық араб, парсы шежірешілерінің еңбектерінде оның туған жылы көрсетілмегендігімен түсіндіруге болады. Алғашқы білімді Отырар медреселерінің бірінде алған ол сол кездегі өз тұстастары секілді философия, этика, логика, тарих, жағрафия, астрономия іспетті ғылым салаларынан молынан сусындаған. Олай деуге оның қаламынан туған терең ойлы еңбектері дәлел бола алады.

Отырар жерінде дүниеге келіп, сол кездегі ғылым саласына аты мәшһүр болған ғалымдардың бірі – Мұхаммед Абдалла әл-Фараби. Ол философия, логика ғылымдары бойынша бірнеше еңбектер жазып қалдырған. Оның «Логиканың ең үздік түсіндірмелері» трактатының көшірмесі АҚШ-тың Принстон университетінің қолжазба қорынан табылған. Өкініштісі, оның өмірі туралы деректер де тым аз кездеседі. Жоғарыда айтқанымыздай, Отырарда отызға жуық ғұлама ғалым дүниеге келген. Аты аталмай, анықталмай жатқандары қаншама?! Аты белгілі осы ғұламалардың ішінде де зерттелмей, толық қыры ашылмай жатқандары да жетерлік. Бұларды жан-жақты зерттеу мәселесі алдағы уақыттың еншісінде деп білеміз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий