Ұстаз – ұлттың айнасы

Сүрген ғұмырыңда ат басындай алтынға айырбастамас тау тұлғалар жетерлік. Сырттан жолдас бола білген досың, мінезге бай таныстарың, қиналғанда құлатпай демеген бауырларың, мейіріне қанбас мейірбан ата-анаң және тағысын тағылар. Осы секілді тау тұлғалардың арасында шоқтығы биік тұратын, бір ұлттың болашағын қалыптастырар «ұстаз» атауының орны бір бөлек. Санасы ояу әр азамат осы бір абзал жанның тұлғалық келбетінен кемелдіктің көрінісін көретін. “Әттең, сондай тұлға болсам ғой!” – деп, талайы арман аспанына қалықтайтын.

Бір ауыз айтқан жақсы сөзіне семіріп, білімнің бұлағына түсетін. Мағынасына талай мәнді сыйдырған «ұстаз» есімін  бәрі ардақ тұтушы еді. Мұның барлығы – ұстазға деген кіршіксіз махабаттың, керемет сыйластықтың белгісі. Кешегі хан Ескендір де, бертін келе хан Абылай да ұлық басын кішірейтіп, ұстазының дегеніне бойұсынған. Әйтпесе, «бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген қанатты сөз қайдан шықты дейсіз?! Осы ретте Мағжан ақынның «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі ойға оралмай кетпейді. Ал енді,  осы күнде осы бір ұлағатты сөздің дәурені өтіп бара жатқандай ма қалай?! Бетіне қарсы келуге шенділердің өзі тайсалатын «ұстаз» мәртебесі лайықты бағасынан айырылмауы  керек.

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
Шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес  ғажап еңбектің,
Бейнетін кешіп жүрсіздер, – деп, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова  паш етуші еді ғой. Өз уақытын аямай, өзгенің баласын аялай қараған еңбегі ерен жанның еңбегін ұмыту, берген білімін ада көру – адамгершілікке жат іс. Қасиеті сол- дарытқан тәрбиесі өмір айнасынан алыстаған емес. Қандайда да бір жамандыққа барғалы жатсаң, айтқан сөзі көкейіңе тікен боп қадалушы еді. Айта берсе үйреткені үйдей нәрсені сыйғызу мүмкін емес.

Әйтсе де, қылған қызметінен береке таппай  талай арыздың, талай былапыт сөздердің астында қалатын да солар. Тіпті, кейбірі кешірім сұратып, алтын басын төменге салдырып жатады. Арагідік мұғалімнің мұрнын бұзғысы келетіндер де жоқ емес. Әліпті таяқ деп білмес баласына барын салып,  білім дәнегін еккен ұстаздар бұл іске лайықты емес, әрине. Өзіміз жерден шыққандай боп, мұғалімге заң айтып шағымданардай қоғам сорлы деңгейге жеткені ме деп қорқасың. Өздігінен өсіп-өнген адамдарша ұстаз атын аяққа таптап жатқанда іштей қынжылыс та болады. Талай баланы білімімен сусындатып, тәрбиенің бағдаршамындай боп бағыт пен бағдар беретін ұстаздарға жауапкершілік жетіп артылады.

Аманат білімге лайық кейпінде ұрпақтарға қайта аманаттайтын тұлғаға тағылар сын да көбейіп бара жатқандай. Қоғамдағы рөлі төмендеп бара жатқанда, баяғыдай “еті – сенікі, сүйегі – менікі” – деп табыстайтын ата-бабаңды сағынғандай боласың.
Ақ өркеш Алатаудай асқар ұстаз,
Махаббат Сырдария саған деген, – деп тебіренген Төлегендердің тәлімі керек  қазіргі жастарға. Киімді емес пейілді түзеп, ұстазға  құр бетпен емес құрметпен қарауға тиіспіз. Кез-келген жанның болашағына жолдама беретін жандарға деген сыйластық мәңгілік кіршіксіз күйінде сақталуы керек. Ғұмыр бойына жүйкесін тоздырса да, абыройлы ісіне әсте шағым айтпайтын барлық ұстаз атаулы ерекше құрметке бөленуі тиіс. Ұстаз –ұлттың айнасы.

Қадірбек Күмісбекұлы ӨТЕУЛИЕВ,
№24 лингвистикалық мектеп гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий