Дамудың тетігі – білімде

Кез келген елде дамудың тетігі – білім. «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым». Әл-Фарабидің бұл сөзі қозғап жатқан әңгімеміздің өзегі болып тұр. Мектеп жасындағы әрбір балаға білім осылай сіңуі абзал. Мемлекет басшысының Жолдауда айтқанындай, қала мен ауыл мектептерінің деңгейі бірдей болуы керек болса, мектеп алдымен техникалық базамен, интернет желісімен толықтай қамтылуы қажет. Сонда ғана оқытушы мен оқушының мұраты білімде болмақ. Мұғалімдер де ұсақ-түйекке басын ауыртпайтын болады. Бұл, бір, – деп жазады жетісулық журналист әріптесіміз Мақпал МЫСА Алматы облыстық “ЖЕТІСУ” газетінің сайтында жарияланған мақаласында.

Екінші, мен өзім облыс, аудан жастарымен кездескен тәжірибемде жастардың көбісі өзінің арман-мақсат жолында әнші-биші, тамада болудан аспайды. Әнші болу да оңай емес, әрине. Тума талант тас жаратыны белгілі. Бірақ менің айтайын дегенім, жастардың сол өнер бойына дарымаса да жаппай әншілерге еліктеуі олардың әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды өміріне қызығуынан деп түсінемін. Яғни мектептерде қолөнер, тігін, өнертапқыштық, робот техникасы, темір өңдеу секілді кабинеттер жүйелі жұмыс жасау керек. Білім олимпиадалары секілді еңбек өребәйгелері де өткізілуі қажет. Бұл жобалар балалардың өнертапқыштық қабілетін оятып, ғылыммен, кәсіппен айналысуына жол ашады.

Бүгінгі жастарға не жетіспейді деген сұрақ алдымнан жиі шығады. Әрбір жастың ұлтқа тән рухани тамыры болуы қажет. Біз көп ретте осыдан ақсап жатырмыз. Ал тамырсыз жастың ертеңі белгілі, қатыгез, қарау, біржақты ойлайтын адам болып қалыптасады. Ал тамырлы жастың ұлтжанды, елге жанашыр, қоғамға керек, ойлы болатыны сөзсіз. Рухани тамыр рухани құндылықтарымызды сақтап, тарих пен мәдениетті, әдебиетті білетін, салт-сана, әдет-ғұрыптарымызды сыйлайтын, кешегі ата жол мен бүгінгінің арасын алтын көпір қылып ұстанатын жастарда ғана болады. Бұл – саясаттың үлкені.

Сол себептен де халқымыздың төл қолөнері мен атакәсіпті жаңғырту мақсатында тез арада ауылдық жерлерге балалар этнолагерін салу қажет. Жазда демалуға келген балалар бір жағы таза ауа, табиғатта демалып шымыр болып өседі. Екіншіден, өлкенің тарихымен танысып, қыздар тігін, құрақ, көрпе, сырмақ сияқты қолөнерді, ұл балалар отын жару, өрім өру, ер-тоқым жасау, таспа тілу, мал сою, етті мүшелеу сынды жөн-жосық пен атакәсіпті үйренеді. Мүның ішінде асық ойнау, ақсүйек сынды түрлі ұлттық ойындар бар. Ат спортын да қамту керек. Бұл идея жаңа жұмыс орындарын ашады, жергілікті бюджетке де ықпал етеді.

Ел басына күн туған пандемия кезінде қала халқының ауылға жаппай ағылғанын көзбен көрдік. Таза ауа, табиғатты жанына сауға қылып, ел-жұрт тау-тасты аралап кетті. Қалалықтардың ауылға деген көзқарасы өзгерді. Қымыз ішіп, қойдың майын ем тұтып, табиғи өнімге бас қойды. Көлсай мен Қайыңдыға келуші туристердің саны артты. Кеген ауданы табиғаты көркем таулы өлке болған соң, тіпті біз аңғара бермеген әдемі, көрікті жерлерді көруге келген туристер барған жерлерін әлеуметтік желілерге таратып, атын аспандатып жатыр.

Аудан өз байлығының игілігін ең алдымен өзі көруге тиіс. Бұл ретте жастардың сауатты кәсіби білім алуы үшін осы аймақтан экономикалық және туризм колледжін ашуды ұсынамын. Жастар бүгінгі дамуға қажетті мамандықтарды игеріп, кәсіби біліктілігін арттырып, дайын маман болып шығады. Әрине, бұл үшін мемлекеттен тегін гранттар мен субсидиялар қарастырылуы қажет.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий