Үздік педагог отбасы
Егер бір жылдығыңды ойласаң, егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ағаш ек, ал мың жылдығыңды ойласаң адам тәрбиелеп, білім бер, – деген ежелгі данышпан ғұламалардың сөзі бекерге айтылмаса керек. Ұстаз – қадір қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың үздіксіз іздену мен оқып үйренудің адамы. Тегінде ұстаздық қызмет, ғылыми зерттеушілік бір күнде жарқ етіп көріне салатын оңай дүние емес екені баршаңызға мәлім.
Атақты ғұлама әл – Фараби: «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз»-дегеніндей, мамандық таңдау – тағдырыңды таңдаумен тең. Мұғалім атты қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдаған Сәулеш Дімкешқызы ұстаздар әулетінен шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Халқымызда адам бойынан жылт еткен жақсылықты танып қалса, оны шыққан тегімен байланыстыратын аталы дәстүр бар. Мұның өзі осының айғағындай. Өйткені, 70 жылдан астам тарихы бар институтымызда бір әулеттен шыққан үш бірдей ұрпақтың қызмет атқаруы сирек кедесетін жағдай.
Ең алдымен, 1949-1951 жылдары Сәулеш Дімкешқызының нағашы атасы Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Балқаш Әбиұлы директор болып басқарса, одан кейін Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Сара Балқашқызы (анасы) тарих және қоғамтану кабинетінің меңгерушісі, сондай-ақ әдіскер қызметтерін атқарды. Әулет өкілдерін «Педагогтер әулеті» деп атайтыны осыдан болар? Сара Балқашқызының бойындағы еңбексүйгіштік асыл қасиет «әкенің қаны, ананың сүтімен» дарыған. Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және филология факультетін тәмамдаған соң, тұлға ретінде еңбекке қалыптасудың үлкен жолынан өтті. Еңбек жолын өзінің туған жері Қарағанды қаласындағы №2 мектеп-интернатының мұғалімдігінен бастап, директордың оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары деңгейіне көтерілді.
Қаланың білім ошақтарында басшылық қызмет пен жоғары оқу орнында аға оқытушы қызметтерін атқарды. Өзінің саналы ғұмырын білім саласын жетілдіруге арнаған жанның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар, педагогикалық еңбек ардагерінің аты «Почитаемые люди земли казахской» – «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» республикалық кітабына енгізілді. Сара Балқашқызы өзінің бойындағы еңбексүйгіштік, үнемі ізденісте болу, отбасына құрметпен қарау, кез келген істі жауапкершілікпен атқару сияқты жақсы қасиеттерді қыздарының бойына да сіңіре білді.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», – демекші Сәулеш Дімкешқызының өзін ұстаздық жолға арнауы да бекер емес. Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің математика факультетін тәмамдаған соң, өзінің еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы Булаев қаласының №1 орта мектебінің математика және информатика пәнінің мұғалімдігінен бастаған еді. Еңбек жолы одан әрі Қарағанды облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында жалғасын тауып, Қарағанды облысының мектептерінде педагогикалық инновацияларды жүйелеу және енгізу мәселелерімен айналысты. Қарағанды облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатын құрып, сол мектептің директоры болды.
Кейіннен он екі жылдық білім беру проблемалары бойынша республикалық орталықтың басшысы, мектеп және мектепке дейінгі білім беру институтының директоры, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының докторанты, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық теориясы мен әдістемесі» кафедрасының доценті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары лауазымдарын атқарды.
Ал, 2012 жылдан бастап Мұқанова Сәулеш Дімкешқызы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры лауазымында. Педагогика ғылымдарының докторы Сәулеш Дімкешқызының ғылым және білім саласын дамытуға қосқан еселі еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алуда. Сәулеш Дімкешқызының тұңғышы – Әсел Маратқызы Умирсеитова да ЖОО бітірген кейін, өзінің еңбек жолын Нұр-Сұлтан қаласының №60 мектеп-лицейінде математика-информатика пәнінің мұғалімі ретінде, анасының сара жолын жалғастыруда.
«Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық жолдың қиындығын жеңген әрі оған көнген жан ғана – ұстаз», – деп, академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, ұстаздықтың ауыр бейнетін кешіп жүріп, талай дарынды баланың бағын ашқан, ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған Мұқановтар отбасы әулетінің (мұғалімдерінің) жалпы педагогикалық өтілі 250 жылдан асады. Иә, адал еңбек абыройға бөлеп, шын жан-тәніңмен беріле атқарған жұмыс атақ-даңқыңды арттырары сөзсіз. Ендеше, осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті биік болары ақиқат.
Т. ТУҒАНБАЕВА, А.БҰХАРБАЕВА,
“Өрлеу” Қарағанды филиалының оқу жұмысы
мен мониторинг қызметі бөлімі қызметкерлері