Мөлдір бұлақ бастауынан нәр алған

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» – деп, хакім Абай айтқандай, адам баласының өмірден өз орнын тауып, азамат болып қалыптасуында ата-ананың рөлі қандай болса, шәкіртіне білім нәрін құятын ұстаздың да орны айрықша. Жылдар жылжып өткен сайын өткен өмір жайлы, өткен жылдар бедерінде тағдыр жолықтырып, санаңызда өшпес із қалдырған жаны жайсаң жандар жайлы ойлар да көбейеді екен. Және де олардың бейнесі ішкі жан дүниеңізде уақыт өткен сайын сан қырларынан сәуле шашып, нұр төгіп тұратын жақұт секілді жарқыраған үстіне жарқырай береді екен.

Сондай асыл жандардың бірі Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың (бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы пединститут) физика-математика факультетінің «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған профессор Базарбек Қашқынбаев ағайымыз. Базарбек Қашқынбайұлы 1935 жылы 12 қазанда Қызылорда облысының Тартоғай ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ағайдың балалық шағы соғыс жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерге сәйкес келді. Баланың үлкені болғандықтан еңбекке ерте араласады.

Өзі кейде: «Балалық шағым соғыстың қиын жылдарына тұспа-тұс келді. Үйдің үлкені болғандықтан жастайымнан еңбекке араластым. Нан табу үшін барлық жұмыстарды атқардық. Тіпті, кесек өруді жақсы үйреніп алып, көрші-қолаңның үй-сарайларын салуға қатысқан күндерім де көп болды. Оқуға өте ынталы болдым. Жасымнан зерек едім, жұмыстан қалжырап, әбден шаршап келсем де қолымнан кітабым түспейтін. Әкем зағип жан еді, ауыл ішіндегі баратын жерлеріне қолынан жетектеп жүріп апаратынмын» – деп отыратын. Міне, осындай қиындықтардан шыңдалып өскен Базекең бастауыш мектепті №13 Құмсуат колхозында, 7 жылдық мектепті Ким мектебінде, ал орта мектепті Бірінші Май кеңшарында 1953 жылы бітіреді. Осы жылы Қызылорда пединститутының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны «физика» мамандығы бойынша 1957 жылы үздік бітіреді. Мұғалімдік қызметінің алғашқы қадамын өзі оқып бітірген қазіргі №40 орта мектепте бастайды.

Мектепте физика, математика пәндерінен сабақтар бере бастайды. Бойына білімнің бұла күшін жинаған жас жігіт тынымсыз еңбегінің және үздіксіз ізденісінің арқасында аз уақыттың ішінде елге силы болады. Мектептің және ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, мектеп жанынан құрылған өндірістік бригадаға басшылық жасап, оқушыларды еңбек тәрбиесіне баулиды, ауылдың көркеюіне өз үлесін қосады. Өз пәнін терең меңгеруі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, әрбір іске асқан жауапкершілікпен қарауы, өзіне де, өзгеге де талап қоя білуі сияқты қасиеттері арқасында Базарбек ағай 2-3 жылдың ішінде мектеп оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады.

Б.Қашқынбаев 1962 жылы өзі білім алған Қызылорда пединститутының «Теориялық физика» кафедрасына оқытушылық қызметке шақыртылады. Оқу орнына келген уақыттан бастап студенттерге сапалы дәріс беріп, ғылыми бағыттағы зерттеушілік жұмыстармен айналыса бастады. Институттағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, осы жылы партия ұйымының хатшысы, институт партбюросының мүшесі болып сайланады. Жас маманның терең білімі мен ғылымға деген құштарлығын, зерттеу жұмыстарына деген бейімділігін байқаған кафедра меңгерушісі Зұлқарнай Икрамов оны өзі оқыған Киев қаласына барып, аспирантураға түсуіне бағыт-бағдар жасайды. Сөйтіп ғылымдағы ізденісін 1967 жылы адамзат баласының тарихында айырықша орын алатын Киев шаhарындағы іргелі оқу орны Тарас Шевченко атындағы Киев университетінің теориялық механика кафедрасында аспирант болудан бастайды. Базекең «Жоғары жиілікті электр тогын өндіретін жаңа типтегі массивті роторлы турбогенераторлардан электромагниттік өрістің таралуын зерттеу» тақырыбында ғылыми зерттеулерін үш жылда аяқтап, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болып елге оралады. 1971 жылдан пединституттың «Физиканы оқыту және жалпы техникалық пәндер» кафедрасын басқарды.

1977-1979 жылдары Киевтегі Украина Ғылым Академиясының Электродинамика институтында докторантурада оқып, өзінің ғылыми зерттеулерін жалғастырды. Зерттеулердің қорытындысы бойынша халық шаруашылығына аса қажетті жоғары жиілікті электр тогын өндіретін жаңа типті массивті турбогенераторлардың жаңа үлгісі ұсынылды. «Өзіне де, өзгеге де талап қоя біледі» – дегеннен шығады, аспирант және докторант болып жүрген кезеңінде тумысынан еңбекқор Базекең Киев университетінде білім алып жатқан барлық қазақ азаматтарының тәртіпті болуларын, уақытылы оқу залына барып ғылыммен айналысуларын, жатақханадағы тәртіпті бұзбауларын қатаң бақылаған. Ғылым жолына түскен жастардың барлығына дерлік Базекең ағалық және ұстаздық қамқорлық жасап отырған. «Ішетін тамағымыздан бастап, ғылыми тақырыпты таңдау және ондағы зерттеу жұмыстарына дейін ақылын айтып, жол сілтейтін. Сол жігіттердің бәрі ғылым жолында табысты еңбек етіп жатыр», – деп еске алады сол жылдары Киевте оқыған белгілі ұстаз Ысқақ Қарқынбаев ағамыз.

Базекең докторантураны бітіргеннен кейін Қызылорда пединститутына кафедра меңгерушілігі қызметіне қайта оралады. 1989 жылдан институттың сырттай оқу факультетінің деканы, 1993 жылдан профессор, осы жылы ол институт жанынан дарынды оқушыларға арналған қазақ-түрік лицейін ашуға өз үлесін қоса отырып, осы лицейдің директоры болып тағайындалады. Ұстазымыз жоғары оқу орны мен лицейде қатар сабақ бере жүріп, студенттер мен оқушылардың бойында оқу-білімге, ғылымға деген құштарлықты арттырып, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру бағытында өлшеусіз еңбек сіңірді. Физика пәніндегі құбылыстар мен заңдылықтарды түсіндіру барысында оларды өмірмен тікелей байланыста қарастыратын, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударатын. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінде тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың өзі емес пе?

Әдетте, кез келген ұстаздың еңбегі оның шәкірттерінің жетістігімен бағаланатыны белгілі. Ағайдың шәкірттерінің ішінде ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, жоғары оқу орны ректорлары мен институт директорлары, қалалық және аудандық білім бөлім басшылары, мектеп директорлары, медицина және мәдениет саласындағы қызметкерлер көптеп кездеседі. Олардың барлығы әлі күнге дейін өздерінің тұлға болып қалыптасуындағы Базарбек ағайдың сіңірген еңбегі жайлы айтудан жалықпауда.

«Әлемдегі ең басты құдірет еңбек және тәртіп» – деп өскен Базекең физика ғылымы және оны оқыту әдістемесі тақырыбы айналасында 60-қа жуық еңбегін Одақтық, Украина және қазақстандық белгілі басылым беттерінде жариялады. Ол «СССР-дің оқу ағарту ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің және Облыстық Кеңестің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған ұлағатты ұстаз. Суреті Жоғары оқу орнының «Құрмет тақтасында» үнемі ілулі тұратын. 1997 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тарихында Меккеге барып қажы атанған тұңғыш ғалым да Базарбек ағай болатын. Ислам дінінің жастарды имандылыққа тәрбиелеудегі, қоғамды ізгілікке шақырудағы роліне терең ғылыми көзқараспен қарайтын еді.

1999 жылдың наурыз айында Базарбек ағайымыз дүниеден озды. Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің өзі өмір бойы дәріс өткізген «Электротехника негіздері» зертханасына профессор Базарбек Қашқынбайұлының есімі берілді. Ағайдың өмір бойы оқу қағидатын ұстана жүріп Мәскеу, Ленинград, Киев және Алматы қаларынан жинаған 3000 данадан артық құнды кітаптарын жұбайы Тоқсұлу апай мен баласы Сексенбай университет кітапханасына сыйға тартты. Базарбек ағай ұлағатты ұстаз болумен қатар үлгілі отбасы иесі, жақсы әке бола білген жан. Жұбайы Тоқсұлу апай пединституттың физика-математика факультетін бітіріп, ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ берген, саналы шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Ағайдың туған інісі Орынбасар ғылым кандидаты, доцент, Киев университетінің түлегі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде математикадан дәріс берді. Ұлы Сексенбай мен қызы Жанат ғылым кандидаттары, басқа балалары Қанат, Серік және Салтанаты жоғары білімді мамандар.

Жақында өнегелі, ғибратты ғұмыр кешкен ағайымыздың есімін мәңгі қалдыру мақсатында Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты ономастикалық комиссияға облыс мектептерінің біріне профессор Базарбек Қашқынбайұлының есімін беру жөнінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ, Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілік арттыру институты және Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі ұжымдары атынан ұсыныс тапсырылды. Мұның еліміздегі білім мен ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан, өзінің мөлдір бұлағының бастауынан нәр алған мыңдаған шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаздың еңбек жолын жастарға үлгі етіп, ұрпақтар арасындағы өмір сабақтастығын паш етер игі іс болары анық.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
“Өрлеу» БАҰО” филиалы АҚ Қызылорда
облысы бойынша ПҚ БАИ директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий