Қашықтан оқыту: Педагогтердің ынтымақтастық әрекеттерін ұйымдастыру
Қазіргі қашықтан оқыту форматында білім беру процесін құрайтын педагогтің «оқыту» және білім алушының «оқу әрекеттері» өзгерген жоқ. Олар біріккен, екі жақты біртекті процесте: біріншіден, педагог білім алушыларға қолжетімді интернет-платформалары арқылы білім беріп, икемділікке, дағдыға үйретеді; екіншіден, білім алушы таным міндеттерін жете түсініп, қашықтан оқыту жағдайында негізінен өз бетімен білім мен оқу икемділігін меңгереді.
Қоғамда, соның ішінде білім беру саласында қандай жағдай орын алса да, оқыту – педагогтің жетекші іс-әрекеті, оқу – білім алушының танымдық, практикалық іс-әрекеті болып қала береді. Білім берудің барлық саласы сияқты педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарында да ағымдағы жылдың сәуір айынан бері қашықтықтан оқыту форматында курстар өткізілуде. Педагогтердің біліктілігін арттырудың курстық шаралары негізіндегі қысқамерзімді, орта білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы курстар YouTube, Zoom платформалары арқылы онлайн режимінде ұйымдастырылып өткізілуде. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» оқытушылары біліктілікті арттыру курстарында аудиториядағы сияқты тиімді оқыту мен оқу тәсілінің бірі – бірлескен әрекетке негізделген ынтымақтастықта оқуды сәтті ұйымдастыруда. Оған Zoom платформасындағы сессиялық залдағы жұмыстар мүмкіндік береді.
Жалпы педагогикада ынтымақтастықта оқуды дәстүрлі оқытудың тиімді баламасы ретінде қарастырады. Ол сонымен қатар тұлғалы-бағдарлы білім беру тұрғысы ретінде де қарастырылады. Ал бірге оқудың басты формасы – топтық жұмыс. Өйткені топтық жұмыс әрбір оқушының/мұғалімнің әлеуметтік мүмкіндіктері мен қабілеттерін шығармашылық тұрғыда көрсетуіне, оның негізінде тұлғаның когнетивті дамуына жағдай жасалады. Сондықтанда ынтымақтастықта оқытуды ұйымдастыруда оның басты принциптерiн сақтау керек. Олар: оқытушы/тренер білім алушының тобын сабаққа дейiн, психологиялық үйлесiмдiктi сақтай отырып құрады. Бұл ретте әрбiр топта мықты, орташа және әлсiз білім алушы болғаны жөн. Ал егерде топ мүшелері бiрнеше сабақ бойы ұйымшылдықпен ынтымақтастықта жұмыстанса, онда олардың құрамын ауыстырудың қажетi жоқ (бұл базалық топтар деп аталады).
Егер жұмыс қандай да бiр себеппен өнбейтiн болса, онда топтың құрамын сабақтан сабаққа ауыстырып көрген жөн; топқа бiр тапсырма берiледi, бiрақ оны орындау кезiнде оған қатысушылардың арасында рөлдердi бөлiсу көзделедi (әдетте, рөлдердi білім алушылардың өздерi бөлiседi, кейбiр жағдайларда оқытушының/тренердің ұсыныс жасауы да мүмкiн); бiр білім алушының ғана емес, бүкiл топтың жұмысына баға берiледi. Бұл жерде білім алушылардың бiлiмiне ғана емес, олардың бiрлескен күш-жiгерiне баға қойылатынын ескеру қажет; оқытушы/тренер тапсырмаға жауап беруге тиiстi топтың білім алушысын өзi таңдауы немесе тыңдаушылардың өз еркімен де жауап беруіне болады; ынтымақтастықта оқыту топтағы әрбiр білім алушының/тыңдаушының өзiне тиесiлi деңгейде оқу материалын меңгеруiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Сөйтiп, осындай бiрлескен iс-әрекеттiң арқасында білім алушылар/ тыңдаушылар барлығы да дербес рөлге ие болып, жеке жұмыс бөлiгiн алып, бірлескен іс-әркет қызметiне белсене қатыса алады. Ынтымақтастықта оқытудағы топтық жұмыстың басты детерминанты – топ мүшелерінің бірлескен іс-әрекет. Сондықтан да, біліктілікті арттыру курстарындағы топтық жұмыста педагогтер өзара ой бөлісіп пікір алмасуға, өзінің ойына қайшы келетін пікірлердің болатындығына және ол пікірлердің болуына толыққанды құқықтын бар екендігіне көздері жетіп, ойлау операцияларының жоғары дәрежелерін: талдау, жинақтау мен бағалау әрекеттерін жүзеге асыруға дағдыланады. Қашықтан оқыту жағдайында білім алушыларды Zoom платформасындағы сессиялық залдарға бөліп, топтарға әртүрлі тапсырмалар беруге болады. Сессиялық залдарға бөлінген тыңдаушылар Google қосымшалары (Document; Presentation; Spreadsheets; Jamboard; Classroom), сонымен қатар Padlet, Class tools, Learning Apps web-сервистерінде де бірлесіп жұмыстанды.
Сессиялық залдардағы топтық жұмыс негізінде жасаған жұмыстарын Zoom-ның ортақ залында талдап, бір-бірін толықтырады. Бұл ретте ынтымақтастықта білім алуға қатысатын тыңдаушылардың бір-бірін оқытуға, тәжірибелерін жетілдіруге, өзара бағалауға, рефлексиялық ойлауына жағдай жасалады. Жалпы бірлескен оқуға қатысушылардың өзара тәуелділігінің біргеше типтері бар. Олар: қатысушылардың бір мақсат пен міндетке тәуелді екендігін ұғынып, оған жетудің жолын бірлесіп іздестіруі: бір ақпарат көзіне тәуелді болуы салдарынан топ мүшесінің әрқайсысы өзіне тиісілі ақпарат туралы мағұлымат беру арқылы ортақ ақпараттың толығуына үлесін қосады; бәріне ортақ оқу материалына (жаттығуға, есептке, мәтінге, зертханалық жұмысқа) тәуелділігі; ортақ тапсырманы орындауға қажетті бір құралға тәуелділігі; топтық жұмыс өнімінің ортақ формативті бағамен бағалануға тәуелділігі.
Топтық оқытудағы топ мүшелерінің санына келсек – бес немесе алты адамнан тұратын топтар өнімдірек болып келді (құрамы қаншалықты аз болса, іс-әрекет өнімділігі соншалықты жоғары болды). Топ құрамы аз болған жағдайда мұғалімдерде объективті өзіндік бағалау жағдайы жеткіліксіз, ал саны көп болса, әрбіреуінің жекелік сұранысының қанағаттануы төмендейді, білім беру ортасының орташалануы және бастапқы гомогендік топтың қабілеті жоғары және қабілеті төмен мұғалімдерге бөлінуі жүре бастайды. Сондықтан да, жоғарыда аталған 5-6 адамнан тұратын шағын топ – идеалды топ құрамы болып табылатындығына курстар барысында көзім жетті.
Мұндай жағдайды мен келесі себептермен түсіндірер едім: қашықтықтан оқыту жағдайында техникалық себептерге байланысты кейбір тыңдаушылар сол сәтте қосыла алмай қалуы; топ тыңдаушыларының АКТ құзыреттіліктері деңгейінің әртүрлі болуы салдарынан, сессиялық залда компьютер немесе ноутбук экраның демонстрация жасай алмай уақытты оздырып алуы; дау-дамайлы жағдайларда ортақ шешімге келу және қолайлы шығармашылық ортаны жасау үшін қатысушылар саны тақ болғаны дұрыс (топта екі жақты пікір немесе шешім болған жағдайда дауыс беру арқылы жалпы нәтиже шығарылады). Жалпы қашықтықтан оқыту жағдайында шағын топтарда орындалатын тапсырмаларды (сілтемені) алдын-ала дайындап, сессиялық залдарға бөлу кезінде барлық тыңдаушылардың тиімді оқуын ұйымдастыру қажеттілігін ұмытпау керек. Яғни, тыңдаушылар алдын-ала дайындалған сілтемелер арқылы бірден жұмыс жасайтын платформаға немесе web-сервиске өтіп, бірлесіп жұмыс жасауы қажет.
О.К.Тихомировтың (1969) пікірінше, шешімді табу шағында жекелік әрекет аса тиімді болса, ал оны өңдеу барысында топтың күш-жігеріне ден қою керек. Сондықтанда әркiмнiң жеке қосқан үлесiнен топтық жұмыстың өнімі құралады. Бұл білім алушыларды/тыңдаушыларды белсендi танымдық iс-әрекетке, бiлiм негiздерiн терең меңгеруге, жаңа ақпарат көздерiн iздестiруге, өзара, өзін-өзі бағалау арқылы рефлексиялық ойлауға ынталандырады. Ынтымақтастықта оқытудың әдiстерiн пайдалана бiлу – оқытушының/тренердің жоғары бiлiктiлiгiн, оның интерактивті оқыту әдiстерін терең меңгергендігін көрсетеді.
Педагогтер топтық жұмыстағы бірлескен онлайн әрекетте: айтылған пікірлерді саралап сын рефлексиялық ойлауға, қалыптастырушы бағалауда бір-біріне қолдау көрсету мақсатында сенім білдіруге, мадақтап уәж беруге, әріптестермен кеңесіп көшбасшылық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік алады. Жалпы топтық жұмыс мұғалімдердің бір-бірінің жеке қасиеттеріне мән беріп серіктес болуға және орын алған достық сезім негізінде топтың ынтымағын арттыруға жағдай жасайды. Ал мұндай құндылықтың қазіргі қашықтықтан оқыту жағдайында аса маңызды екені анық.
Сонымен ынтымақтастықта оқытуда педагогтердің өзара бірлескен іс-әрекетін топтық жұмыс арқылы ұйымдастырудың тиімділігі қашықтан оқыту форматында да өзінің өзектілігін дәлелдеуде. Қашықтан оқыту жағдайында ынтымақтастықта білім алуға оқытушының/тренердің жасаған мүмкіндігі негізінде: біріншіден, онлайн сабақта мұғалімдердің топтық жұмысын ұйымдастыру арқылы олардың өзара пікір алмасуына мүмкіндік болады. Өйткені қарастырып отырған тақырып бойынша мұғалімдердің шынайы қызығушылығы мен сезімдерін біліп, бір-бірінің идеяларын құрметтеп өзара бағалауға жағдай жасалады.
Екіншіден, педагогтердің кең коммуникациялық процестерге тиімді және ойдағыдай қатысуына мүмкіндік беретін сыни тұрғыдан рефлексиялық ойлау мен зерттеу дағдылары дамиды. Қашықтықтан оқытуда диалогты пайдалану мұғалімдердің рефлексиялық ойлауына ықпал етіп, маңызды мәселелерді бірлесіп талқылауға, тәжірибесін ой елегінен өткізіп, материалды қаншалықты меңгергенін көруге мүмкіндік болады. Үшіншіден, сыни ойлауға төселген мұғалім өзін-өзі және өзара бағалау әрекеттерін тиісілі дәрежеде орындай алады және рефлексия жасайды деп ой түйемін.
Айгүл Болатқызы ХАЙРУЛЛИНА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “БҚО ПҚБАИ”
инновациялық білім беру және ақпараттық
технологиялар кафедрасының меңгерушісі, Орал қаласы