Өмірімен өнеге, ісімен үлгі
Мұғалім деген ат – қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім (Сәбит Мұқанов). Ұстаздың еңбегі ерен екеніне көптің көзі жетті. Әсіресе, бүгінгі қашықтан оқыту форматында бар ауыртпалық ата-анаға түскен кезде мектептегі мұғалімнің еңбегінің зор екенін көп ұғынып, түсінгендей. Ұстаздық ұлы қызмет екеніне дауа жоқ. Бар уақытын балаларға, олардың тәлім-тәрбиесіне сарп ететін ұстаздар қауымына бүгін үлкен көңіл бөлініп, дәрежесін көтеріп-ақ жатыр.
Ұстаз – мәртебелі мамандық. Қандай құрметке де лайық болса керек. Осындай құрметті мамандықтың иесі филология ғылымдарының кандидаты Сәрсекүл ИСМАТОВА бірнеше буынды білім нәрімен сусындатқан ұстаз. Жарты ғасырға жуық ғұмырын ұстаздыққа арнап, білім беріп, ілім үйреткен. Бүгінгі күні де өмірлік тәжірибесін, біліп, түйгенін жас буынға арнап келеді. Ғибратты ғұмырымен өнеге болып жүрген Сәрсекүл әпкемізбен әңгімелесудің сәті түсіп, сұқбат құрдық. Мәнді, мағыналы, әрбір сөздің дәмін кіргізе сөйлейтін ұстазбен сөйлесіп, уақыттың қалай өткенін де сезбедім. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші жақсы адамның әсерлі әңгімесін есту де бір ғанибет емес пе?!
Сәрсекүл Исматова үйдегі тоғыз баланың тұңғышы. Жуалының жұпар ауасын жұтып өскен, ауылдағы ағайынның мейіріміне қанып, тәрбие-тәлімін бар бойына сіңірген алғыр қыз болды. 1950 жылдар соғыс зардабынан әлі арыла қоймаған, елдің әл-ауқаты қиындау кезде дүние есігін ашты. Жуалыға қарасты Жаңаталап ауылы табиғаты ерекше көркем, бір жағында Қаратау, бір жағында Алатау көрінетін, жылғаларда бұлағы сыңғырлап ағып жататын көрінісі көз тойғысыз ауыл еді. Сол ауылда туған Сәрсекүл әулетте көптен күткен перзент болғандықтан бар ықыласқа кенелді. Ата-анасы, туған-туыс, ағайын алақанына аялағанмен есті қыз еркелікке берілмеді. Бойындағы салмақтылығын сақтап, биязы мінезімен ауылдың бетке ұстары боп өсті. Ата-анасы елге сыйлы, қарапайым жұмысшылар болды. Совхоз жұмысына белсенді араласқан әкесі өз қызметіне адал, жауапкершілігі үлкен азамат еді.
Анасы да бойына бар ізгі қасиетті жиған жан болды. «Бір қой сойса, сол күні жартысын асып, көрші-қолаңмен бөлісіп жейтін қолы ашық, жомарт жандар еді. Қойдың еті қоянның еті демекші, қалған етті бала-шағаға жеткізетін, әйтеуір» деп еске алады Сәрсекүл Молдабекқызы. Сегіз жылдық мектепте алғаш әріп танып, ұстаздарының тәлімін алды. Оқушы Сәрсекүл қатарының алды болды. Жазушы болуды армандаған қыз өлең жазып, аудандық газеттерге жіберіп жүрді. Қызының құлшынысына сүйсінген әкесі өлеңін мақтап, талаптандыратын. «Менің қызымның өлеңдері керемет! Жарайсың, жарқыным!» деп мақтап, сүйсінгенде мен расымен өлеңдерім керемет екен ғой деп ойлайтын едім. Бала күнгі қайбір өлең дейсін. Шимай-шатпағымды «Қазақстан пионері» газетіне, «Балдырған» журналына жіберіп, жауабын тағатым таусыла күтемін. Апталап күткен хатым да келеді. «Жаза ғой, шығармашылығыңды тоқтатпа, көбірек жұмыс істе» деген сынды жауап келеді. Қуанышымда шек болмайды» дейді бала шағын еске алған ұстаз.
Математикадан сабақ беретін Жүнісбек ағайы қаршадай қыздың талабын байқап, ата-анасына қалаға оқуға беріңдер деп кеңес етті. Ұстаз кеңесімен Сәрсекүл жаңа өмірге қадам басты. Жамбыл мектебінде оқуын жалғастырды. Ауылдан келген қызға қалада оқу оңайға соқпады. Орыс тілінен бір қиналса, бойындағы ұяңдығынан өзін көп нәрседен шектей берді. Әдебиетке, өлеңге деген сүйіспеншілігі арманшыл қызды алға жетеледі. «Күмісбек Әмірбеков деген сыныптасым болды. Керемет фотоға түсіретін. «Қазақстан пионері», «Балдырған» журналының фотокорреспонденті. Ол фотоларын, мен жазғандарымды газетке жіберемін. Сөйтсе редакцияда Күмісбек Әмірбеков пен Көпен Әмірбековтың аттарын шатастырып шығаратын. Ол біз үшін өзінше қызық еді. Бірде мектепке талантты оқушыларды іріктеу үшін арнайы топ келді. Мен поэзия бөліміне бардым. Топты бастап келген Жұмекен Нәжімеденов маған ақ батасын беріп, «журналист боламын» деген арманыма сендірді.
Ол кісінің ақжарқын тілегін, жоғары бағасын естіп, тіпті қанаттандым. Сол арманмен Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетіне оқуға аттандым. Ол сәт те ерекше қызық пен қиындыққа толы болды. Ауылдағы тіршілік қызып жатқан кез. Әкем оқуға түсіруге бара алмай мені Нүсіпбеков Жүнісбек ағайыма табыстады. Ол кісі інісін оқуға түсіруге бара жатты. Ағайдың жақсылығын, кіршіксіз пейілін еш ұмытпаймын. Дайындалу үшін бір жарым ай бұрын ерте бардым. Ағайым жатақханаға орналастырып кетті. Күні-түні кітап оқып, емтиханға дайындалдым. Журналистика тобы толып, филологияға тапсырдым. Ерте барғандықтан жатақханада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Жиырма шақты қыз жатақхананың жертөресіне жаттық. Терезеден адамдардың аяғы көрінетін. Сөйтіп, не керек емтиханға бір күн қалғанда қасымда жатқан қыз алты тақырыпты тауып келіпті. «Ертең осы тақырыптар келеді. Түнімен сен осы тақырыптарға шығарма жаз.
Екеуміз бөліп аламыз» деді. Таңғы беске дейін ал кеп шығарма жаздым. Азанмен емтиханға кірдім. Қарасам түнімен жазған шығармаларымның бірі жоқ. Дел-сал күйде есім ауып біраз отырып қалдым. Түнімен ұйықтамағанмын. Есімді жиып жан-жағыма қарасам бәрі шығарма жазып отыр. Сонда ғана өз-өзіме келіп, жаза бастадым. Онда да ойым шашыраңқы, шығарма кейіпкерлерін есіме түсіре алмай қиналдым. Келесі күні оқуға қабылданғандардың тізімі шықты. Мен тізімде жоқпын. «Бұ қалай? Енді қайттым? Ауылдағы ата-анама не айтам» деп қатты қиналдым. Комиссия мүшелеріне барып, «Бұлай болуы мүмкін емес. Менің жұмыстарымды қараңыздар» дедім. Олар мән бере қоймады. Комиссия оқуға қабылданғандарды келесі күні жинады. Мен де олардан қалмай қайта бардым. Тізімде жоқпын. Тағы қасарысып, папкамды, жазған дүниелерімді қарауларын өтіндім. Комиссия талапкерлерге келесі күні жатақхана, стипендия сұрақтарын талқылау үшін жиналуға тағы шақырды. Мен де келдім. Ең алдыңғы партаға отырдым.
Елу студент қабылданыпты. Шетінен аттарын оқи бастады. Менің атым елу бірінші болып аталғанда, орнымнан атып тұрып, қуанғаннан жылай бердім. Сөйтіп студент атандым»,- деп студенттік өмірге басқан қадамын айтқан ұстаз ол күндердің қызығын әрмен қарай жалғастырды: – Ол кез қиын заман ғой. Алмастырып киетін киім де аз. Бір чемоданмен келгем Алматыға. Оның іші толған кітап. Тек өзім тігіп алған юбка кофтам, тағы біршама киімім бар. Тігуді төртінші сыныпта оқып жүрген кезімде анам үйреткен.
Көрші апаларға, іні-сіңлілеріме киім тігіп беретінмін. Қолымнан келген бұл өнердің көп пайдасы болды. Кейін балалы-шағалы болған соң да анамның үйреткені кәдеме жарап, балаларыма киім тігіп, жоғымызды бүтіндеп жүрдік. Сонымен, студент атану оңай емес екен. Сабақтың басым бөлігі орыс тілінде өтеді. Бірде сол орыс тілінде өтетін сабақтың бірінде мұғалім «Плав» түбірінен басталатын сөздерді айтыңдар» деді. Қалайда басқалардан қалмауым керек деп тынымсыз оқитын мен қолымды көтердім де «плавки» дедім. Аудиториядағылар ду күлді. Не сөз айтқанымды өзім де білмеймін. Ұялғаннан қызарып кеттім. Бұл намыстанғаным мені қамшылай түсті. Орыс тілін, неміс тілін көп оқи бердім,- деп Сәрсекүл әпкеміз студент шағын сағынышпен еске алды.
Үйдің тұңғышы бауырларына қамқорлық танытуды, әке-шешесіне қолғабыс етуді әрқашан алдыңғы орынға қойды. Студент шағында жастар ойнап-күліп, әсем қала Алматыны тамашаласа, Сәрсекүл демалыс бола сала базарлығын арқалап ауылға аттанатын. Азын аулақ ақшасына сатып алған киім-кешек, ойыншықтарын бүкіл көшенің балаларына таратып беріп, солардың қуанышын көруге асығатын. Оқуын тәмамдаған жас маман Жамбылға келіп орталық мұражайға ғылыми қызметкер болып орналасты. Бар ойы қалайда журналист болу. Сөйтіп жүріп журналист Кәрімбай Әлиев, ақын Өкім Жайлауовпен таныс болды. Жиындарынан қалмай, жергілікті ақын-жазушылармен танысып, білісіп, араласып жүрді. Журналистикаға деген үлкен қызығушылығын құптаған Кәрімбай Әлиев жас маманды Жуалы ауданының жергілікті газетіне тілші қызметіне орналасуына қолғабыс етті. Осылайша бала күннен армандаған мамандығы – журналист атанды. Алайда, бұл сала жаңа тұрмыс құрған келін үшін аса қолайлы болмады. Аудан аралап, тіпті барған жерінде қонып қалған сәттерінен қатты қысылған жас журналист газет редакторынан мектепке ауыстыруын өтінді.
Қақаған қыстың ақпан айында Сәрсекүл алғаш мектепке мұғалім болып келді. Сыныптың есігін аша бергені сол еді, қолқаны қабатын қоңысқы иіс мүңк етті. Жуалының қысы қатты болған соң балалар аяғын шылғаумен орап керзі етік, пима киеді. Керзі етікпен кербеңтетіп бірін-бірі тепкен балалардың бұзықтығын, тынымсыздығын көрген жас мұғалім «қайда тап болдым деп» шошыған да болатын. «Сыныптан шығып талай рет жылап алған кездерім де болды» деген ұстаз бір айдың ішінде балалармен қатты достасып кеткенін айтады. Адам жанын түсінетін, көз жанардан көңілдегіні оқитын ұстаз ешқандай әдістемесіз әр баланың жүрегіне жол таба білді. «Дәл осы сыныбыммен күні бүгінге дейін араласамыз. Ерекше жақсы көремін. Әрдайым мені іздеп, хабарласып тұрады. Осы балаларымның бастамасымен былтыр ғана Жуалының Құрметті азаматы атағын берді. Барлық шәкірттеріме разымын. Олар менің жүрегіме жылылық екті» деп ақ пейілін ақтарған Сәрсекүл әпкеміз ұстаздықты ұқтырған да, қандай қасиетті мамандық екенін түсіндірген де осы алғашқы сыныбы екенін толғана айтты. Он сегіз жыл мектепте ұстаздық еткен Сәрсекүл Молдабекқызы еңбек жолын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында жалғастырды.
– Мектепте республикалық көлемде іс-шаралар ұйымдастырып, марапатталып жүргенімде институтқа шақырған. Ауылдағы үй-жайды қимай бармай жүрдім. Кейін бала-шағамыз да студент атанған соң жолдасым екеуміз ақылдасып қалаға келдік. Факультет деканы Рақым ағаның қолдауымен институттағы еңбек жолым басталды. Темірбай Мұқашев, Ақан Бодықова ол кезде жас маман. Махметғали Нұрғалиұлы, Асқар Бәкәділұлы проректор қызметінде. Кафедра жұмысын ілгерілету үшін күн демей, түн демей жұмыс істедік. Алғашқы жылы ақын Бауыржан Үсеновпен кездесу ұйымдастырдық. Іс-шарамыз жоғары дәрежеде өтті. 1991 жылы жас ақындардың басын қосатын «Жасын» үйірмесін құрдық. Талабы зор, өлеңге, әдебиетке деген құштарлығы бар жастардың басын қосқан бұл үйірме әлі күнге өз жұмысын жалғастырып келеді. Ақын, жазушылармен кездесулер өткізіп, өлеңдерді талдау арқылы көп жастарымыз бағыт-бағдар алды, үйренді, жетілді. Баланы сөзбен тәрбиелеу мүмкін емес, оларға тек ісіңмен көрсетіп, үлгі болсаң ғана ізгі қасиетті қабылдайды. Әйтпесе, құр сөз бос әурешілік, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Жарты ғасырға жуық ғұмырын білім саласына арнаған ардақты ұстаздың балалары да ана жолын таңдап, ізін жалғап келеді. Үлкен қызы Алматы қаласындағы колледжде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, екінші қызы Астана қаласындағы колледжде ұстаз. Ал кенже ұлы заң саласының маманы. «Келін ененің топырағынан» демекші Сәрсекүл әпкеміздің келіні де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Немерелері озат оқушылар қатарында. Біз жиі айтып, толғанатын өмір қамшының сабындай ғана қысқа болса, Сәрсекүл Молдабекқызы сол алтын уақытын ұрпақ тәрбиесіне, жастың бойында адамдық қасиетті қалыптастыруға арнады. Ұстаз атына лайық болуға, мәртебелі мамандықтың шоқтығын биік ұстауға ұмтылды. Айналасындағыларға жүрек жылуын сыйлап, шапағын шашты. Адалдықты, шындықты ту етті. Өмірімен өнеге ұстаздың еселі еңбегі елеусіз емес, әрине. Еліміздің әр бұрышындағы шәкірттері анасындай сыйлап, ерекше құрметтейді. Айналаңдағылардың махаббатына, шынайы ілтипатына кенелудің өзі бақыт емес пе?! Жасай беріңіз жаны ізгілікке толы жақсы жан!
Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ,
Дулати университетінің медиа-қызметі,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы