Шәкірт жүрегіне жол табу – ұстаздардың басты қағидасы

Кез келген елдің  әлеуеті оның білім беру саласымен өлшенеді. Дамудың даңғыл жолына түскен елдердің басты көрсеткіші білім мен ғылымға барынша назар аударып, өркендеп-өсуіне лайықты қолдау жасап отырғандығымен айқындалады.   «Мұғалім-қоғам айнасы»  дейтініміз сондықтан.  Елімізде орын алып отырған пандемия кезінде мұғалімдердің мәртебесі айқындала түсті. «Білімнің инемен құдық қазғандай» ауыр да бейнетті әрі жауапкершілігі мол жұмыс екенін түсіндік.  Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Жолдауында да білім саласына жіті мән беріп, білім мен ғылымды дамытудың басты тетіктерін атап өтті.

Қашықтан білім беруді жүзеге асырып жатқан мұғалімдердің жағдайы нешік?, Білім беруде қандай өзекті мәселелер бар? Оны шешу жолдары қандай? Озық ойлы педогог қандай болу керек? Осындай көптеген сауалдарға жауап алу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №66 мектеп-лицейі» шаруашылық жүргізу құқындағы мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының мұғалімі республикалық «Үздік педгог» байқауының қалалық кезеңінің бас жүлдегері, «Қазақстан Республикасының Құрметті қызметкері» Парманова Сандуғаш Қуанышбекқызына жолығып, сұхбаттасқан едік.

Жақында  жарияланған ел басшысының Жолдауын оқыған боларсыз. Жолдауда білім беру мәселесі де нақты айтылды. Сіздің осы жайлы пікіріңізден бастасақ? – Бүгінгі таңда мемлекет педагогика саласына өте жақсы қарай бастады. Соның ішінде мектепке. Мен мектеп мұғалімі болғандықтан оны сезініп жүрмін. Білім саласында серпіліс бар, қолдау бар, жақсы сабақ беруге мүмкіндіктер жасалды, қанша біліктілік арттыру курстары мен семинарлар арқылы дамып жатырмыз. Материалдық жағдай түзеліп келе жатыр, гранттар жақсы қарастырылуда. Қазір мұғалімнің жеке дамуына барлық мүмкіндіктер бар. Жүйе өзгеріп келеді, ашықтық байқалады, әрине әлі де жетілдіру тұстар көп, дегенмен сең қозғалғанын байқау қиын емес. Президент Жолдауын мұғалім ретінде қолдаймын, қанаттандырғанын баса айтқым келеді.

Елімізге белгілі педагогтардың санатындасыз жалпы педагогика саласында жетістікке жету үшін қандай мақсаттар болу керек? Жас мамандарға қандай кеңес айтар едіңіз? Шәкірт жүрегіне қалай жол табуға болады? – Рақмет! Азғантай жасап жатқан еңбегімізді айналамыз көріп жатса, қуаныш ғой, дегенмен, көріну үшін еңбек етпеймін. Ал жетістікке жету үшін түрлі іс-шараларға қатысу керек, тәжірибе жинау маңызды. Ұйымдастырылып жатқан іс-шараға қатыспай тек сабақта ғана тер төгіп жүрген қаншама ұстаздар бар. Ондай ұстаздарды қадірлеймін. Дегенмен, алаңға шығып тәжірибе алмасу арқылы даму маңыздырақ деп есептеймін. Жастарға айтарым, бәсекелестік бар жерде даму бар, сондықтан барлық нәрсеге қатысып, шындалу керек деп айтар едім. Өзім үнемі сондай шараларды іздеп қатысып жүремін. Ал шәкірт жүрегіне жол табудың қатып қалған формуласы бар деп айта алмаймын. Жол әртүрлі болуы мүмкін, себебі оқушы әртүрлі, олардың қалауы да әртүрлі, сондықтан оқушы жүрегінен жол табу ұстаздың жүрек тазалығына, ішкі мәдениетіне, адамгершілігі мен біліміне байланысты деп есептеймін.

Білім саласы сан алуан реформаларды басынан кешірді. Қазірде көптеген әдіс-тәсілдер енгізілуде. Әсіресе шет елдік түрлі бағдарламалар сынықтан өтуде. Сіз өз тәжірибеңізде қандай әдіс-тәсілдер тиімді деп ойлайсыз? Тәжірибеңізде қолданып жүрсіз ғой? – Иә, көп жаңалықтар енгізіліп жатыр, ол уақыт талабы деп түсінемін. Жаңалықтан қорықпаймын. Жаңалықтан қорықпайтын адам ғана даму үрдісінен қалмайды деп есептеймін. Қорқақ мұғалімнен қандай оқушы шығады? Шетелдік тәжірибелер келе берсін, тек сүзгіден өткізіп, оны өз тәжірибесінде тиімді қолдану маңызды. Мен «Тиімді оқыту мен оқу» тақырыбындағы деңгейлік бағдарламалар курсынан өтіп, қаншама дүниелерге басқаша қарай бастадым. Ол курс «21-ғасырда қалай оқыту керек» – деген мәселені қарастырды. Ол курс мені мазмұны жағынан да, мұғалімге ұсыну жағынан да толық қанағаттандырды. Ол оқытқан тренерге де байланысты, осы тұста тренер-ұстазымды атап өту менің шәкірттік парызым деп есептеймін, ол республикаға танымал әдіскер-ұстаз Баянғали Ғалымжанұлы Ғалымжанов.

Одан кейін жаңартылған білім мазмұны бойынша білім жетілдірдім. Ол «21-ғасырда нені оқыту керек» – деген мәселені қарастырды, осындай курстар менің кәсіби дамуыма мол ықпалын тигізді. Курстардан қалай оқыту керек, нені оқыту керек, оқушы әрекетін қалай зерттеуіме болады, тапсырмаларды қалай құрастыру керек, бағалау мәселесі, мұғалімнің психологиялық жағдайы бәрін-бәрін жаңаша түлеттім. Соның нәтижесінде бүгінгі сабағым заманауиланды. Мына әдіс-тәсілді қолданамын деп жекелеп айту қиын, себебі әр сабақтағы тақырып пен мақсатқа сай олар сан мың түрленеді. Ал оны түрлендіруді жаңаша курстар үйретті.

Білім мен қатар тәрбие беруде маңызды. Осы тұста білім берудің ұлттық  мазмұнынан ауытқып кетіп жатқан жоқпыз ба? – Әрине, білім мен тәрбие егіз. Ол принцип өзгерген жоқ. Әрбір тапсырмамыздың астында астыртын «Мәңгілік ел» идеясы жатыр. Ол әрбір мұғалімнің ішкі кухнясы. Ұлттық рухта тәрбиеленген, ұлтжанды әрбір педагог оны ұлттық негізде ұрпаққа беріп отырғанына сенемін. Сондықтан қорқа беруге негіз жоқ!

Халықтың педагогиканы өз сабағыңызда пайдаланасыз ба? – Менде ұрандату жоқ, ретіне қарай, сабақтың мазмұнына, тақырыбына, мақсатына қарай пайдаланамын, осы халықтық педагогика деп еріксіз сүйреп әкеліп сабаққа тықпаламаймын. Логикалық есептерім көбіне ұлттық педагогикаға негізделеді.

Бүгінде елімізде етек алған індетке байланысты қашықтан оқытып жатырмыз? Бұл оқушылардың біліміне кері әсер етпей ме? – Әрине, әсер етіп жатқан тұстары бар. Өз бетімен білім алу дағдысы қалыптаспаған оқушылар үшін өте қиын болып жатқаны ақиқат. Олардың ата-аналары алаңдаулы, себебі қорқыныш бар. Кейбір оқушылар сол дағдысы болмағандықтан  өзінше әрекет ете алмай отыр. Бірақ бұл тұс оқушыға да ата-анағада ойланатын сәт. «Сен оқыт, мен тек орындаймын» деген көзқарас өткен уақыт еншісінде қалды. Осыны түсіну керек! Қазіргі ұрпақ қандай жағдайда да білімін жетілдіруге болатынын сезінуі маңызды. Ал оны сезінбеу оның дамуына кедергі. Бұдан шығар жол – әрбір оқушы өз бетімен білім алуға ұмтылу.

Қашықтан білім берудегі артықшылықтар мен олқы тұстары туралы айтсаңыз? – Қашықтан оқудың артықшылығы бір уақытта бірнеше оқушыға білім беру мүмкіндігі бар, мен қазір телесабақта жүрмін, бұрын тек Нұр-Сұлтан қаласындағы бір мектептің санаулы сыныптарына сабақ берсем, қазір республикаға сабақ беріп жүргенімді мақтаныш сезінемін. Уақыт үнемдеу жағынан жақсы. Ақпараттық технологияны жақсы меңгеріп қалдық, үйде отырып та көп шаруа тыңдыруға үйрендік. Дегенмен, бетпе-бет оқытуға жетері жоғын бәрі де түсінді деп ойлаймын.

Мұғалім де ата-ана екенін ұмытып кетіп жатамыз? Мұғалімдер өз балаларын қалай оқытып жатыр? Бір жағынан өзі сабақ береді? Өз баласының сабағын қадағалау керек дегендей? – Мұғалім халқы жалпы біреу үшін өмір сүреді ғой. «Ұстаз болу – өзін-өзі аямау, ал өзгені аялау» – деп алдынғы буын не үшін айтты дейсіз. Ұстаздық кез келгенге берілетін қасиет емес. Ұстаздық – өнер. Өнердің кез келгенге қонбайтыны сияқты, ұстаздық та кез келгенге берілмейді. Дегенмен, ұстаздар өз балаларына да қарауға уақыт тауып жүр, олар оқушыларынан күтетін дүниені өз баласынан күтетіні ақиқат. Қазір не күтеміз балалардан? Жеке мен оқушыларымнан да баламнан да күтетінім – өз бетімен білім ала алуы мен бір нәрсені жасай алуын және өз бетімен шешім қабылдай алу дағдысын күтемін. Өз бетімен өмір сүру дағдысы жетілген баладан үміт күтемін.

Ұстаздар мерекесіне орай әріптестеріңізге тілегіңіз? – Алдымен отандық педагогтер қауымына етене танымпл республикалық апталық басылым “Білімді ел – Образованная страна” газетінің ақпараттық сайты арқылы баша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріне саулық тілеймін. Мен сияқты қанша адамды тұлға ретінде үлкен өмірге қанаттандырған парасатты педагогтерге басымды иемін! Дендері сау, отбасы аман, еңбектері жемісті болсын!

Мәнді сүхбатыңыз үшін үлкен рахмет.
Сұхбаттасқан Ерғазы  МАНАПҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий