“Өрлеу – Қарағанды”: Бірлескен қызметтің берекесі
Еліміздегі белең алған індетке байланысты карантин жарияланған кезден көптеген білім ошақтары өз жұмысын қашықтықтан жалғастырды. Қашықтықтан білім беру жағдайындағы онлайн оқытуда сапалы ресурстардың болуы маңызды. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалдары барлық мектеп пәндері бойынша бейнесабақтар әзірледі. Барлығы 4500-ден астам бейнересурстар жасалып, 1 қыркүйекке дейін әзірленген бейнесабақтар YouTube платформасының «Өрлеу» білім беру арнасында жарияланды.
«Өрлеу» орталығының Қарағанды филиалы маусым-тамыз айларында 10-11 сыныптарға арналған география, биология және химия пәндерінен қазақ және орыс тілдерінде 316 бейнесабақ әзірледі. Бейнесабақтардың материалдары осы пәндер бойынша жаңартылған оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленген, олар сабақ мақсатына қол жеткізетін қажетті білім беру ақпараттарын, білім алушылардың өзіндік жұмысына арналған тапсырмаларды, өзін-өзі бағалаудың нақты құралдарын қамтиды. Бейнесабақтарды әзірлеу барысында сараптамалық бағалау жүргізген комиссия құрамына Қарағанды аймағы мектептерінің білікті мұғалімдері мен Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының мамандары кірді. Комиссияның жұмысы бейнересурстардың сапасын қамтамасыз етуге бағытталды.
Биология пәні бойынша бейнесабақтарды әзірлеу жұмыс тобына Каирбаева Жанна Хапасовна, химия пәні бойынша – Разбекова Зауре Кайыровна жетекшілік етті. Олар «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушылары және орта білім мазмұнын жаңарту аясында педагогтардың біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша тренерлері. География пәні бойынша жұмыс тобының жетекшісі – Ибрагимова Гульнара Каиржановна, «Өрлеу» Қарағанды филиалының инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, педагогика және психология ғылымдарының докторы (PhD). Өзгертілген білім беру жағдайының жаңа талаптары мұғалімдерге жаңаша білім мен кәсіби дағдыларды алуға, сонымен қатар бірінші тоқсанға арналған бейнесабақтарды әзірлеуге қатысуына мүмкіндік берді.
Бейнесабақты құру неден басталады? Әрине, әдеттегі сабақтағыдай – оның жоспарынан басталады. Мақсаттары мен күтілетін нәтижелері, мазмұнды оқу материалы, қызықты тапсырмалары және бағалаудың нақты құралдары бар жақсы ойластырылған сабақ жоспары – бұл бейнересурсты құрастыруда жартылай жетістік. Бұдан әрі дәстүрлі оқытуда анағұрлым аз сұранысқа ие болатын дағдыларды: оқушыларға қызықты әрі көзтартымды бейнеқатарды жасауды, қажетті анимациялық эффектілер мен бейнежазбалар кесінділерін қосуды, дыбыстауды және бейнесабақтын монтажын жасауды қажет етеді. Қарағанды ПҚ БАИ жұмыс топтары бірінші тоқсанда мектептерде қашықтықтан сабақ өткізуге арналған жаратылыстану-математикалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша химиядан – 106, биологиядан – 104 және географиядан – 106 бейнесабақ жасалды. Сабақтар әдістемелік тұрғыдан заманауи стратегиялармен және әдістермен қаныққан, өздігінен білім алуға бағытталған сандық ресурстарды пайдалану бойынша әдістемелік ұсыныстарды қамтиды, олар баланың оқуға деген ынтасын арттыруға көмектеседі.
Барлық әзірленген бейнесабақтар білім беру ресурсы болып табылатын «Өрлеу» білім беру арнасында жарияланды. Арна – танымал YouTube хостингінде 2017 жылдың қарашасында құрылды. Жаздың басында арнаның 83 мың жазылушысы болса, қазіргі уақытта олардың саны 111 мыңға жеткенін ерекше атап айта аламыз. Жарияланған бейнематериалдарды қарау саны бұған дейін 1 миллионнан асса, қазіргі кезде жеті миллионнан асқанына көз жеткізуге болады. Бұл сандар республика мұғалімдері үшін «Өрлеу» институтымен әзірленген бейнересурстарға деген сұранысты көрсетеді. Бейнесабақтар қашықтық форматында оқытуды ұйымдастырудың маңызды қорына айналады.
Сапалы білім беру – педагог үшін жауапты да үлкен міндет. Оқытуда бірлескен іс-әрекетті ұйымдастыру – сапалы оқыту негізгі. Ендеше, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасының тапсырмасына сәйкес YouTube «Өрлеу» білім беру арнасына жарияланған қашықтықтан оқыту тегін курстары мен әзірленген цифрлық сабақтар контенттерін насихаттаудың, сондай-ақ аймақтық білім басқармаларымен ынтымақтастық қатынастарды одан әрі өрістетіп, алда тұрған ортақ міндеттерді белгілеудің, 2020-2021 оқу жылына арналған бірлескен жобалар мен жоспарланған шараларды іске асырудың тиімді болары сөзсіз.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтының директоры Сәулеш Дімкешқызы Мұқанова және «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасы Гүлнас Кенжетайқызы Ахметова YouTube «Өрлеу» білім беру арнасына бейнесабақтарды әзірлеуге белсенді атсалысып, жоғары кәсіби шеберлікте жұмыс жасаған Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысы мектептерінің тәжірибелі пән мұғалімдері мен сол мектептің басшыларына шынайы алғыстарын білдірді. Нигматулина Анна Жилкибаевна (Қарағанды облыстық мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты), Нұрмұхан Аңсаған Қайырбекқызы (Қарағанды қаласы №101 мектеп-лицейі), Зейнуллина Сандугаш Хужаназаровна (Қарағанды облыстық тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты), Кокенова Эльмира Сагындыковна (Қарағанды қаласы № 4 ЖББОМ), Мусаева Гульнар Мусаевна (Шахан кентінің №12 ОМ), Нурпеисова Кунсулу Алимовна (Шахтинск қаласы Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-гимназиясы) сынды биология пәні мұғалімдері «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасы Г.К. Ахметованың Алғыс хатына ұсынылды. Сонымен қатар, 16 мұғалім «Өрлеу» Қарағанды филиалының директоры С.Д. Мұқанованың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
«Өрлеу» Қарағанды филиалы директоры С.Муканованың жеке тарапынан биыл екінші жыл жақсы дәстүр жалғасын табуда. Өткен жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсының республикалық кезеңінде оза шыққан 22 облыс педагогтарына «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің жылдық мерзімдік басылымы табысталған болса, биылғы жыл да бейнесабақтарды әзірлеуде ерекше еңбек сіңірген жоғарыда көрсетілген алты мектеп ұжымына толағай табыстар тілей отырып, осы газеттің жылдық мерзімдік басылымын табыстау көзделген. Міне, осындай бірлескен жұмыстар қай кезде де берекелі боларына бек сенімдіміз.
Мейрамгүл Асылбекқызы ЖЕТПИСБАЕВА,
“Өрлеу” Қарағанды филиалы директорының
оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары