Абай – 175: Шығармалары рухани бұлақ көзі

Мен Абайды күн еттім, Абай мені ай етті (М.Әуезов). Абай Құнанбаев қазақ әдебиетінде қайталанбас ұлы ойшыл, философ. Қазақ әліпбиінің негізін салушы, реформатор А.Байтұрсынұлы айтып өткендей, «Қазақта онан асқан бұрынғы-соңғы заманында біз білетін ақын болмағанын»  тіліне тиек еткен, М.Әуезовтай заңғар жазушының жарты ғұмырында қаламына арқау болған биік тұлға, ақын.

Әрине, кемеңгер тұлғаның қалыптасып, бала Абайдан, дана Абайға көтеріліп, ел аузында бүгінге дейін сақталып, өзі өлсе де аты өлмегені, сөзі аз, мағынасы ойлы, не жазса да тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазатын, терең ойлы тұлғаның ойшылдығы мен ақындығының ұшталуына ең бірінші себепші болған асыл да көреген жандар: Зере әжесі мен Ұлжандай анасының халық ауыз әдебиетін тереңнен біліп, санасына құюы ғана емес, Құнанбайдай көреген тұлғаның беделі де өзіндік әсерін тигізгені дәлелдеуді қажет те етпес. Десек те, халық ауыз әдебиетінің бай мұрасымен сусындап, нәр алған ұлы тұлғаның одан әрі өсіп, ойының ұшқырлануына екінші себеп, медреседе оқып жүрген уақытында Еуропа мен Шығыс әдебиетімен танысып, өлең өлкесіне қызығушылығы оянып, ақындық жолға бет бұруына әсер еткендігі.

Соған орай ақындық жолындағы ізденісін одан әрі дамытып, ел ісіне араласып, көріп-біліп түйгенін шығармашылық жұмысына арқау етіп өзі өмір сүрген қоғамдағы келеңсіз жағдайларды, шенеуліктердің шектен шыққан озбырлығын, жергілікті болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдігін, сараң байлардың іс-әрекетін ащы мысқылмен сынай келіп, адам бойындағы жаманшылық мінездерді- жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жетер жеріне жеткізіп, барынша адамгершілікті насихаттап, атаның емес, адамның баласы болуды үндей білді.

Ұлы ақын шығармаларында жоғарыда айтылғандармен бірге: ақыл, қайрат, жылы жүректілікті де арқау етіп, имандылыққа баулуы дана ойшылдың тағы бір қырын, яғни, жүрегі тайғақ, иманы әлсіз адамның діндарлығы соқыр, құрғақтан балық аулағандай болатынын, хақиқатын хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында таныта сөйлеуі бойына біткен зеректілік ғана емес, нағыз тәңіртанушы тұлға екендігін танытып өткендей.

Ендеше осындай ірі тұлғаның тек төл әдебиетімізден ғана емес, ұлттық тарихымыздан да ерекше орын алуы, әлем әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен есімі қатар қойылып, алтын әріппен жазылуы, ақынның әдеби бай мұрасының бүгінде тек қазақ тілінде ғана емес, 116 тілге аударылып, дүниежүзі тілінде сөйлеп, рухани нәр алар асыл қазынасы, қайнар бұлақ көзі бола білуі біз үшін, қазақ халқы үшін, баға жетпес байлық, зор мақтаныш деп білемін.

Камал Отарбайқызы РАХАТОВА,
“Тасарық орта мектебі МДШО-мен” КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті  және тарих пәндерінің
мұғалімі, Алматы облысының Сарқан ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий