Қызылорда облысы: Білім саласының құрметті ұстаздарына арнайы билборд ілінді
Қызылорда облыстық білім басқармасының бастамасымен білім беру саласына үлес қосқан, республикаға танымал, тәжірибелі 10 ұстазға қала көшелерінің бойында құрмет бейнесі жасалып, билборд орнатылды, – деп хабарлайды осы аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.
Олардың қатарында: Марк Захарович Подольский – ҚР Құрметті ардагері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері; Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов, – ҚР Ғылым академиясының академигі; Әлима Жақыпқызы Әбдіқалықова – Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері; Раушан Ахметәліқызы Қарсақбаева – ҚР Білім беру ісінің үздігі; Күләш Мергенбай Бердікенқызы – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Құрмет орденінің иегері; Шаймағанбет Байдүйсенұлы Жиенбаев – Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері; Жанна Құспанғалиқызы Құнарова – ҚР Білім беру ісінің үздігі; Сәуле Аманкелдіқызы Әлденова – “Үздік педагог-2017” байқауының жеңімпазы; Сағатбек Жұмабекұлы Қарапаев – ҚР Білім беру ісінің үздігі; Ботагөз Рахманқызы Таңқыбаева – “Үздік педагог-2019” байқауының жеңімпазы бар.
Жас ұрпақ білімге өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлері мен тәжірибелі ұстаздарды білуі тиіс. Бұл жолда облыс аудандарына да құрмет билбордтары орнатылатын болады. Айрықша атап өтерлігі – педагогтар үшін ең маңызды құжат «Педагог мәртебесі» заңы қабылданды. Осы кезеңге дейін «Білім туралы» Заңының бір тармағы ғана болған «Педагог мәртебесі» деген ұғым, мемлекеттік деңгейге көтеріліп, арнайы заң ретінде шықты. Бұл мұғалімнің сөзсіз мәртебесін арттыруға арналып отыр. Яғни заң әрбір ұстаздың құқықтық және әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілдік береді.
Ең әуелі – ұстаздардың жалақысы артты. Педагогтарды қолдаудың материалдық деңгейі жыл сайын артып келеді. 2020 жылдан педагогтардың еңбекақысы 25%-ға, шеберлігі үшін жалақыға 30 бен 50 пайыз аралығында, жаңа қосымша ақы төленуде. Бұл үшін республикалық бюджет есебінен 14 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырған педагогтардың да жалақысына үстемақы қосылады. Айталық, педагог-шебер 50 пайыз, педагог-зерттеуші 40 пайыз, педагог-сарапшы 30 пайыз, педагог-модератор 30 пайызға көбейеді. Сонымен бірге ұстаздардың дәптер тексергені мен сынып жетекшілігі үшін берілетін үстеме екі есеге артып, 8 мың теңге мөлшерінде белгіленді.
Мұнан бөлек, кейбір педагогтардың еңбек демалыс кезеңі 42 күннен 56 күнге артты. Орта білім беру ұйымдарында магистрлік дәрежесіне 27 мың теңге қосымша ақы төленуде. Заңға сәйкес педагогтарға көзделмеген тексерулер жүргізуге және өз міндетіне жатпайтын фукцияларға тартуға тыйым салынды. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Қазір айқын білімді талап ететін уақытта ұстаздар мемлекет тарапынан жасап жатқан қолдауды сезіне отыра жаңа талаптарға сай дамуы қажет.
Биылғы жылдан бастап балабақша, қосымша білім және арнайы білім беру, колледж педагогтары Ұлттық біліктілік тестелеуден өтіп, жаңа формат бойынша аттесттаудан өтуде. Облыста 21538 педагог білім саласында қызмет атқарады. Оның 19636-ы жоғары білімді, 1393-ы орта және кәсіптік білімі бар. Биыл 3390 педагог ұлттық біліктілік тестінен өтті. 1818 педагог жалақысына үстеме алды. Оның 791-і педагог-модератор, 631-і педагог-сарапшы, 396 педагог-зерттеуші. Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет.
Ұстаздардың беделін арттыруда үздік ұстаздарға қаржылай сыйақылар мен арнайы төсбелгілер табысталып келеді. Жыл сайын республикалық «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, Сыр өңірінен ең мықты ұстаздары марапатталуда. 2012 жылдан бері өткізіліп келген байқауда Сыр елінің 18 ұстазы «Үздік педагог» мәртебесін иеленіп, қаржылай сыйақы иемденді. Биыл бір ұстаз «Үздік педагог» жеңімпазы атанып, сырбойылықтардың мәртебесін көтерді.
Тәуелсіздік мерекесіне орай педагогтарға арнайы төсбелгі тағайындалуда. «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі беріледі. Яғни үздік ұстаздарға арнайы төсбелгі ұсынылады. Сондай-ақ, он үздік ұстазға 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілмек. Бұл шамамен 833 мың теңге көлемінде. Биылғы мұғалімдер күні онлайн форматта ұйымдастырылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен үздік ұстаздарға марапаттау жасалды. Және қаланың орталығы мен ірі көшелеріне республикаға белгілі, облысқа танымал ұстаздың бейнелері белгіленген билборд ілніп, құрметке лайық ұстаздарға осылайша қолдау көрсетілді.
Ардагер ұстаздарға почта арқылы арнайы құттықтау хаттар жөнелтілді. Облыстағы ұстаздар күніне арналған фейсбук әлеуметтік желісінде “Құрметке лайық” арнайы челленджі бастау алып, әрбір аудан, қала көлеміндегі ұстаздардың жетістіктері мен ерекшеліктері туралы видеороликтер, постерлер салынды. Сонымен бірге оқушылардың, түлектердің ардагер ұстаздарға арналған “Шәкірттер құттықтайды” акциясына қатысушылардың да қатары қалыңдағанын айрықша атап айтқанымыз абзал. «Зияткер» инновациялық мектебінде облыстың ең үздік, дарынды, инновациялық идеяларға құмар жастармен бейресми кездесу ұйымдастырылып, жас буын өкілдерінің пайымды пікірлері тыңдалды.
Пандемия жағдайына сәйкес қашықтан оқытуға қажет электронды құрылғылармен оқушылармен бірге педагогтарға да ноутбук пен компьютерлер табысталды. Білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағымен бірлесе отырып, 306 мұғалімге ноутбук берілсе мұғалімдер күніне орай қырық ұстаз ноутбукпен марапатталды. Бастауыш сынып ұстаздары үшін де қолдау шаралары жүріп жатыр. Биыл 153 “Алтын белгі” иегерлерінің 89 алғашқы ұстаздарына “Бір көлік” шипажайына жолдама берілді. Маңыз беріп атап өтетін тағы бір бағыт – жыл сайын педагогика саласын таңдайтын жастардың қатары артып келеді. Әсіресе, ер мұғалімдердің педагогика саласында қызмет жасауға ұмтылуы жоғарылап келеді.
Биылдың өзінде мектеп бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуді аяқтаған түлектердің 980-дейі ұстаздық мамандықты таңдап отыр. Мұнан өзге, облыс әкімінің гранты негізінде бірқатар жастар педагогика саласында оқуын бастап жатыр. Әсіресе, ұлттық тесттен жоғары ұпай жинаған оқушылардың басым бөлігі ұстаздық мамандық иесі болуға талпынды. Облыстағы ең жоғары 133 ұпайды еншілеген түлегіміз мұғалім болуды қалады. Биыл грант алып, ұстаздық жолды таңдаған университет иесі студенттердің шәкіртақысы да арттырылды. Бұл – айрықша қолдау! Сонымен бірге, талаптар да күшейтілді. Биылдан бастап педагогика саласына баратын түлектердің ұлттық тесттен өту межелі балы – жетпіс ұпайды құрады.
Загрузка...