Заты бар, аты жоқ құндылықтар

Тәуелсіздік алғалы бері, күнделікті баспасөз бетінде, теледидарда біздің Павлодар, Өскемен, Семей, Петропавл секілді үлкен елді мекендердің тарихи атауларын қайтарудың қажеттілігі жиі айтылып жүргенімен, шешімін таппай жатқанына қынжылып жүргеніміз рас. Отаршылық дәуірде ақ патшалардың құрметіне Қызылжардың, Керекудің аттарын оп-оңай өзгерте салдық. Ал совет өкіметі кезінде елді мекен аттарын бір басшыдан бір басшы асып, қаптаған Киров, Свердлов, Калинин, Луначарский, Мирзоян, Жуков, Ворошилов, Молотов, Щорс, Брежнев тағысын тағылар болып атап кете берді.

Енді міне, рухани жаңғырайық, ұмыт болғанды ұғындырайық дегенде алысқа бармай-ақ, осы өзіміздің Әулие Ата өңіріндегі өзім көрген біраз жайттар еске түсіп отыр. Соның бірі, бала кезімде көп естіген «Сапақтың күмбезі» деген жер. Бұл Байзақ ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылынан шығысқа қарай, Ақшолақ бекетінен төменде орналасқан үлкен бұталы, шеңгелді, жазық жайылым болатын. Ескі күмбездің белгісі де сақталған еді. Кейінірек шаруашылықтар суармалы жерді кеңейту мақсатында, осы жайылымның қалың жыңғылды, шеңгелді бұталарын жұлдырып егіс екті. Күмбез белгі де жойылды, онымен қоса, «Бақа төбе» деп аталатын үлкен тоғайлы, қоянды, қырғауылды аймақ та теп тегіс, шұңқырлы, арықты, тоғанды аймаққа айналды.

Мал жайып жүріп, үлкендерден және әкемнен: «Сапақ» деген кісі кім десем, ол батыр болған, атақты адам дегеннен артық ештеңе айта алмаушы еді. Дәл осындай жағдайда, Ақыртөбе маңында, «Қос апан» деген ауылдың төңірегінде, ХVII ғасырда өткен «Қосы батыр» Сәмбет ұлтының бейіті болып, басында арапша жазылған құлпытасы орнатылған қорғаны жойылып кеткен. Бұл қорған өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін сақталған екен. Ал тағы да, осы «Қосы» бабамыздың Талас өзені бойында «Қосының шоқысы» деген қонысы болған екен. Бүгінгі кезде «Қосының шоқысы» мынау деп айта алатын адам жоқ. Себебі кезінде ешкім оған тарихи орын ретінде қарамаған. Өйткені қазақи тарихқа тиымдық көзқарас орын алған кез болған. Ал енді осы жерлердің басында бір белгі болса, қандай да бір қысқаша тарихи дерек көрсетілсе, кейінгі және қазіргі ұрпаққа үлкен мағлұмат пен патриоттық сезім берер еді, туған жер тарихы бойына сіңіп өсер еді деп ойлаймын.

Осындай бір үлкен әрекет соңғы жылдары жоғарыда айтып өткен Сапақ бабаның күмбезі орнына жасалғанына қуанып жүрміз. Сондай бір қуаныш, жұртшылық көп баратын күйік асуы маңындағы ескі тарихи қалашыққа, оның қираған Қаратау қалашығы екенін білдіретін тақтаның қойылғаны, әрі күре жол бойына оған баратын жол нұсқауы орнатылғаны. Бұл белгілер мұндаға дейін жоқ болатын. Менің бір жеке әуестігім, мүмкін болғанда демалыс күндерімді табиғатты аралауға, аң аулауға, қозықұйрық теруге жұмсаймын. Әрине, жолай жер аралауға мүмкіндік туады. Солардың бірі, мені қатты таңғалдырған Талас ауданындағы, Көшек батыр ауылынан біраз жер қашықтықтағы көне «Тектұрмас қалашығы» орны.

Үлкен көк орай жазықтықтың ортасында, көлемді төбенің үстінде орналасқан, мұнара қалдығы бар ескі құрылыс қирандылары көп орын екен. Қалашық орнында көптеген керамикалық ыдыс сынықтары, шыны және тұрмыс қалдықтары жатыр. Мені таңғалдырғаны қалашықтың «Тектұрмас» аталуы. Себебі менің ойымда қалыптасқан «Тектұрмас» Әулиеатадағы ескерткіш еді. Қалашықтың басында кішігірім белгі болғанмен, қасымдағы жергілікті жігіттер тарихи орын туралы маңдыртып ештеңе айта алмады. Кейін тіпті, бірге қызмет жасап жүрген сол өңірдің тумаларынан сұрастырсам оның бар екендігінен еш хабарсыз екен.

Мына, «Қазыналы Қаратау» деп аталып жүрген өзіміздің өңірде, қозықұйрықтың мол шығатын, кекіліктері өріп жүретін «Арбатас жотасы» деген жерінде, Жолбарыс қамал деген шатқал бар. Табиғаты керемет, жаның жай табатын орын. Осы Жолбарыс қамал туралы, Жолбарыс ханға байланысы бар деген сөз бар. Жоғарыда айтқандай, осы өңірден шыққан азаматтардың өзі ол туралы жарытып ештеңе айта алмады. Өкінішті-ақ! Талас өзені бойының тағы да бір тарихи мезгілді қозғайтын орны сондағы «Абылай хан төбесі» немесе «Төре төбесі» деген жердің бар екені. Ондағы елдің осындай жердің болғанын білгенімен, дәлдеп мен білетіндердің ешқайсысы көрсете алмады. Тағы да, себебі еш белгі жасалмаған.

Осындайда, азаттықтың алғашқы жылдары болған бір оқиға еске түседі. Сол жылдары Шу ауданын басқарған белгілі азамат Амангелді Карентаев аудан орталығына Төле би бабамыздың есімін бермекші болып инициатива көтереді. Оған негіз ретінде бабамыздың осы өңірде дүниеге келгені айтылады. Сонымен, қош! Ал туған жері қай жер, оған қандай тарихи негіз бар деген сұрақ туындайды. Бабаның жерленген жері Ташкент қаласы екені белгілі, сонда кесенесі бар, бүгінгі күнге дейін алты алаш ұрпағының мінәжат ететін жері. Бұл қалай болады екен деген ой келеді. Сонан бір ескі деректерден бабаның Шу өңірінде «Жайсаң» деген жазықтықта дүниеге келгені айтылғаны табылып, сол жерге алғаш рет белгі соғылады. Содан соң шешім шығарылып, Аудан орталығына кіре беріске Бабаның үлкен монументальді ескерткіші орнатылған екен. Міне, қандай жақсы және жүйелі тірлік.

Бір Өскемендік іссапарда, жергілікті азаматтар қаламен, өңірмен таныстырып жүріп, мына жер «Абылай кетка» деп аталады дегені бар. Алтай жері үшін болған соғыста, жеңістен соң Абылай хан осы жерден көкшеге аттанған екен деді. Міне, тарихи жер! Осы «Абылай кетка» деген атау маған жүректі тіліп өткендей әсер берді. Ол, Абылай хан кетті, біз орыстар еге болдық деп тұрғандай сезіндім. Көңіліме, осы Өскеменді «Абылай хан» деп атаса жарасатын жер емес пе еді деген ой қонып алды. Осы жерді Абылай хан мен Райымбек батыр қазақ батырларының қасық қанын төгіп жүріп қайтарып алған мекен жер еді ғой. Мазақ қылғандай «Абылай кетка» аталуы қазақ намысын таптау ғой деп өкіндім. Осы ой бүгінгі күнге дейін мазалап жүрді. Міне, осындай естеліктер тарихшы, картография, туризм саласындағы азаматтарға, тарих пен туризм мамандығындағы оқып жатқан білімгерлерімізге, профессор-оқытушылар құрамына ой салса деймін.

Болат ҮСЕНБАЕВ, 
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің профессоры, Ардагерлер
кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий