Біліктілікті арттыру институты кітапханасының ақпараттық орта қалыптастырудағы рөлі

Дүние жүзінде орын алған пандемияға байланысты еліміздегі білім жүйесі қашықтан оқыту форматына көшті. Осы міндеттерді жүзеге асыруда білім жүйесі кітапханаларының алатын  орны  ерекше. Кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары кітапханалардың жаңа келбетін қалыптастыруда. Кітапханалар қоғамдық сананы, мәдениетті, адамдардың өмірге көзқарасын, мәдени-білім берушілік ортаны қалыптастыруға және дамытуға елеулі әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантиндегі алтын уақытты пайдалы істерге жұмсаған жөн екенін айта келіп, “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы, – деп оқшаулану кезінде оқуға отыз кітаптың тізімін ұсынды.

Бүгінгі кітапхана –  білім алу және ақпараттарға негізделген, қазіргі қоғам өміріне ойдағыдай қатысу үшін ең маңызды болып табылатын қолжетімді мәдени орталық, білім алушылардың тұлғалық әлеуметтенуі мен дамуы, рухани- адамгершілік, ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай күрделі міндеттер ақпараттық-кітапханалық қызметтерді жетілдіру, жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайларда кітапханалық қызмет түрлерін жандандыру, қоғамға тиімділігі мен жаңа бағыттарын ашуды талап етеді. Бұл кітапхана қызметіне инновациялық технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану, жаңа қызметтер мен өнімдер ұсыну, үнемі жан-жақты жетілдіріп отыру. Кітапханашының атқаратын қызметі заман талабына сай оқырмандарға өркениетті қызмет көрсету, жаңа технологияларды кітапхана жұмысында кеңінен қолданып, кітапханалардан бүгінгі қоғамның қажетті ақпарат орталығы екендігін дәлелдеп, беделін көтеру.

Қазіргі таңда зияткерлік өнімдер нарығын қалыптастыру жағдайында кітапхана пайдаланушылары дәстүрлі қызметтерге қанағаттанбайды және олардың кәсіби немесе білім беру қызметін ақпараттық қамтамасыз ететін арнайы қызметтерді (жеке бағдарланған) күтеді. Сондықтан әрбір кітапхана келушілерге дамытатын, өздері ұйымдастыратын мәдени-ақпараттық кеңістікті ұйымдастыру жүйесін құру керек. Бірінші – сапалы кітапханалық қызмет. Екінші – қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар. Үшінші – халықтың кітапхана жұмысына қатысуы (клуб, еріктілер, қоғамдық, шығармашылық). Төртінші – кітапхананы тартымды етіп жабдықталуын  жетілдіру. Бесінші – балаларға,  жастарға, ата-аналарға арналған  аймақтар құру. Алтыншы – кітапханашылардың кәсіби деңгейін арттыру.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша ПҚБАИ кітапханасы педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға, білім беру саласындағы қызметкерлерге ақпарат – библиографиялық қызмет көрсетуге негізделген. Институт кітапханасының жұмысы ғылыми-педагогикалық кадрлармен, педагогтердің кәсіби сұраныстарына сәйкес бағытталған. Кітапхананың материалдық-техникалық базасы институт мақсаты мен міндеттеріне сай, компьютерлік паркі толығымен жаңартылды. Жаңа модификациялы моно-блоктар қойылып, интернетке қосылды. Кітапхана «KazakhSoft» Қазақстандық фирмасының «КАБИС» бағдарламасымен автоматтандыру үрдісін жүргізуде, оқырмандарға штрих-код технологиясын қолданып қызмет көрсетіледі.

Кітапхана жұмысының негізгі бағыттары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа қызмет түрлерін дамыту, Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры», Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында курс тыңдаушыларына ақпараттық қызмет көрсету. «Нұр Отан» партиясының  «Қазіргі заманғы білім беру орталықтары»  жобасы аясында ,   «Өрлеу» БАҰО» АҚ Ақтөбе филиалы кітапханасында Со-working орталығы ашылды. Бұл орталықта келушілерге қолайлы орта, жайлылық пен емін-еркін сұхбаттасу,  шығармашылық және ғылыми әлеуетін іске асыруға жақсы мүмкіндіктер жасалған.

Co-working орталығында демалуға арналған қажетті жиһаз, заманауи жабдықталған кітапхана, жаңа модификациялы интернетке қосылған компьютерлер, ноутбуктар, планшеттер, Wi-Fi желісіне тегін кіру, интерактивті тақта, сандық QR кітапханасының оқу ресурстарын пайдалану, «Arduino», «Лего» робот құрастырушылармен жұмыс жасау мүмкіндігі және Монтессори студиясы бар. Мұнда педагогтерге ғана емес, сондай-ақ, ата-анаға да балаларға білім беру, тәрбиелеу және дамыту мәселелері бойынша тиімді психологиялық-педагогикалық кеңес беруге арналған қолайлы орта ұйымдастырылған. Co-working орталығы жұмысының негізгі басымдық бағыттары: белгілі бір өмірлік жағдайлар мен проблемаларды шешудегі бірлескен ізденістер, институттың сертификатталған тренерлерінің балаларды, «ерекше балаларды», соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуға әдістемелік  қолдау  көрсету .

Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Ақтөбе филиалы кітапханасында «Бір институт – бір кітап» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба мақсаты – ұлттық дәстүрлер аясында халықтың әдеби мұраларымен сабақтастырылған құндылықтарды зерттеу және шығарманың көркемдік қасиетін анықтау. Ай сайын бір шығарма оқуға ұсынылады. Кітап оқу мен кітапханаларды қолдау – қоғам дамуының басым міндеттерінің бірі. Қазір адамдар үйлеріндегі жеке кітапханаларындағы кітаптарды қайда апарып тапсыруға болатынын білмейді. Осы мақсатта институт кітапханасының «Кітапханаға кітап сыйла!» жобасы жүзеге асырылуда. Жиналған кітаптарды ауыл мектептеріне, жаңадан ашылған мектептерге беріледі.

Жыл бойына буккроссинг акциясы өтіп тұрады. Институт қызметкерлері мен курс тыңдаушылары үнемі қатысып отырады. Олар өздері оқыған кітабын ортаға салып, басқа оқырманның оқуына мүмкіндік береді. “Оқып болсаң, досыңа бер” қағидасын ұстанған оқырмандар үйлерінен көркем әдебиет, тарихи кітаптармен қоса ғылыми-танымдық басылымдарды әкеліп береді. «Кәсіби шеберлікті арттыру сайыстары» жобасы. Бұл жобаның мақсаты – кітапханашылардың жүзеге асырылмаған кәсіби және жеке қабілеттерін қозғай отырып, талантты қызметкерлерді анықтау және олардың шығармашылық белсенділігін арттыру.

Бүгінгі қашықтан оқыту форматы жағдайында «Ақтөбе-Өрлеу» институты кітапханасы онлайн режимінде мұғалімдерге кітапханалық қызмет көрсету жұмыстарын жасауда. Педагогтерге «Ақтөбе-Өрлеу» сайты-https://aktobe-orleu.kz /index.php/ru/, Instagram мен Facebook парақшалары, WhatsApp мессенджері, электронды пошта арқылы ақпараттар беріледі. Кітапхана карантин кезінде онлайн режімінде «Ашық  қолжетімді кітапхана ресурстары» тақырыбында облыстық семинар өткізді. Семинар барысында отандық және әлемдік Е-кітапханалар ресурстары мен толықмәтінді дерекқорларына онлайн кіру мүмкіндігі, веб порталдарға, ақпараттық сайттарға шолу жасалды.

Қашықтан оқу жағдайында мұғалімдер мен кітапханашыларға «Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы», “Қазақстанның ашық кітапханасы”, «Біздің Абай», «Мұхтар Әуезов әлемі» , «Әлемдік сандық кітапхана», BilimLand.kz,  «Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми порталы», Opiq.kz, «Өрлеу білім беру каналы- YouTube «Ақтөбе -Өрлеу сайты»  электронды кітапханалардағы ақпараттарды пайдалану туралы ақпараттар берілді. Семинар жұмысына  институттың оқытушы-профессорлық құрамы, облыс педаготары мен кітапханшылары белсенді қатысып, өз пікірлерін білдірді. Институттың әлеуметтік желілердегі парақшаларында педагогтарға арналған Ұлы Жеңітің 75 жылдығына арналған «Туған жер өз батырларын есте сақтайды», Кеңес Одағының батыры Қожабай Жазықовтың 100 жылдық мерейтойына байланысты «Еліміз ерлерімен мақтанады!» атты сайыс, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абайды танып, Абай биігіне өрлейік!» атты челлендж, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды.

Қашықтан кітапханалық қызмет көрсету кітапхана қызметкерлері мен педагогтар үшін ақпараттық коммуникациялық технологияларды меңгерумен, интернет желісін, ғаламдық  ақпарат жүйесін  кəсіби  деңгейде  пайдалана алуымен  сипатталады. Сонымен, қашықтан кітапханалық қызмет көрсету жағдайында біліктілікті арттыру институты кітапханасы пайдаланушыларына сапалы қызмет пен қолайлы ақпараттық орта қалыптастыру арқылы педагогтардың ақпараттық мәдениеті мен шығармашылық әлеуетінің артуына, кəсіби  тұрғыдан шыңдалуына апаратын бірден-бір жол дегіміз келеді.

Нұргүл Нұрдәулетқызы ЕРМЕКОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ Ақтөбе филиалы кітапхана ісі
жөніндегі бас маманы, экономика ғылымдарының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий