Баспасөз – 2021: Тарихтың тағылымын танытсақ

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық Акционерлік қоғамныі филиалы “Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында” жұмыс жасағаныма биыл жиырма жыл. 2016 жылы осы ұйымшыл ұжымның білім мұражайы ісі бөлімінің бастығы қызметіне жаңадан тағайындалған кезім еді.

“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газеті редакциясының өкілі ретінде бір журналист жігіт бізге арнайы келіп, осы салалық басылымның негізгі басым бағыттарын таныстырған соң жарық көрген бірнеше санын оқуымыз үшін барлығымызға таратып бергені әлі есімде. «Менің Қазақстаным» тақырыбындағы облыстық шығармашылық сайыстың үздіктерін марапаттау салтанатына дөп түскен апталықтың тілшісі осы шараға қатысып, көлемді репортаж дайындап жариялады. Сол уақыттан бері жүзден астам пегагог қызметкерлер жыл сайын жаздырып алып, тұрақты оқырмандардық қатарына қосылдық. Жақсы жаңалықтарымыз бен мазмұнды макалаларымыз танымал газет пен ақпараттық сайтта тұрақты жарияланып келеді.

Бұл басылымның баршамыз біле бермейтін тағы бір ерекшелігі дүниені дүр сілкіндірген коронавирус жұқпалы дертінің кесірінен сақтық шаралары үшін барлық қимыл-қозғалыс күрт тоқтаған көктем мен жаз мезгілдерінде бұл редакцияның шығармашылық тобы мен техникалық мамандары онлайн жұмыс форматына көшу арқылы он бес мыңдаған оқырмандардың сеніміне селкеу түсірмес үшін газетті әр апта сайын тұрақты шығарумен қатар республикалық деңгейде қашықтан бейне дәріс байқауын жариялап, топжарған үздіктерді бағалы сыйлықтармен марапаттаған болатын. Бұл кезде елімізге танымал кейбір басылымдар мен облыс пен аудандық газеттер қағаз нұсқасын басуды уақытша тоқтатып, электрондық форматын әрең сақтап қалғанын білеміз.

Сондықтан бұл басылымда жиі жарияланған қашықтан білім берудің мүмкіндіктеріне байланысты әдістемелік кеңестер мен тәжірибелі педагогтердің тың тағылымдары алғаш рет мәжбүрліктен қолға алынған жаңа жүйеге ұстаздар қауымының тез бейімделуі үшін аса пайдалы болғаны даусыз. Сөз соңында айтар ұсынысым, республика аумағындағы барлық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттары мен жоғары оқу орындарында, арнаулы орта білім беретін колледжер мен мектептерде ұйымдастырылған тарихи танымдық мұражайларда отандық білім мен ғылым саласына еңбегі сіңген талай танымал тұлғаларымыздың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмырынан сыр шертетін құнды мәліметтер көп.

Осы мұражай қызметкерлері осы ресми құжаттардың негізінде дипломды жас мамандар мен кейінгі буын өкілдерін ұрпақтар сабақтастығымен жалғайтын мазмұнды мақалалар топтамасын әзірлеп берсе, салалық газеттің арнайы рубрика аясында үзбей жариялайтындығына сенемін. Бұл бағытта мен бірнеше материалдар дайындап газет пен сайт арқылы оқырмандардың назарына ұсыну арқылы осы ізгілікті істің бастамасын жасаған едім. Жергілікті мұражай мамандарының ортақ мақсаттағы бірлескен күшімен алдағы уақытта қазақстандық педагогикаға сүбелі үлес қосқан павлодарлық ұстаздар туралы тағы да бірнеше материалдарды ұсыну жоспарда тұр.

Алия Рахметжанқызы ЖУНУСОВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий