Болон үдерісіндеміз: 10 жылдағы жетістіктер

Қазақстан өткен аптаның екі күні бойы жоғары білім беру саласының отандық және шет елдердегі халықаралық танымал сарапшылардың пікірлесу алаңына айналды. ҚР БҒМ Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы мен Эразмус+ ұлттық Бюросы «Өңірлік деңгейдегі жаһандық Қазақстан Болон процесінде және Еуроодақ жобаларында» тақырыбында халықаралық онлайн форумын ұйымдастырған болатын.

Форум шеңберінде Қазақстандық жоғары білім жүйесін жаңғыртудың нәтижелері сарапқа салынып, Темпус және Эразмус+ ЕО жобаларының 10 жылдағы жұмысының қорытындыларына қоса отандық жоғары білім жүйесін ілгері дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Форумды ашып, қатысушыларға арнап сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай маңызды басқосулар Орталық Азия елдеріндегі білім жүйесіне Болон үдерісінің тиімді қағидаттарын енгізуге және ұлттық мемлекеттердегі жоғары білім беру саласының сапасын арттыруға үлес қосатындығын айрықша атап айтты.

Қазақстандығы Болон үдерісінің негізгі қорытындылары мен жетістіктері туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов баяндап берді. Ол ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің осы Еуропалық жоғары білім аймағына 2010 жылы қосылғандығын еске салды. Халықаралық деңгейдегі жүйеге енген он жыл уақыт аралығында отандық білім саласында үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. Солардың бірі де бірегейі бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламалары бойынша кәсіби мамандарды дайындаудың үш сатылы деңгейіне бейімделу болатын.  

Білім беру процесінің үздіксіздігі, оның деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету – Қазақстанның білім беру саясатының басты қағидаларының бірі. Бірінші цикл бағдарламасы сәтті аяқталғаннан кейін екінші цикл бағдарламасына, ал екінші цикл аяқталғаннан кейін үшінші цикл бағдарламасына қол жеткізу қарастырылған, – деді вице-министр. Болон үдерісіне кірігудің басты жетістіктерінің алғашқысы барлық жоғары оқу орындары бойынша білім саласына несиелік жүйенің енгізілуі еді.

– 2018 жылдан бастап қазақстандық несие ECTS несиесімен теңестірілді. Оқу жүктемесін ауыстыру кезінде барлық университеттерде ECTS қолданылады. Білім беру бағдарламалары мен олардың құрамдас бөліктері бекітілген кәсіби стандарттарға сәйкес сипатталған. Оқытудың нәтижелерін ескерген жұмыс берушілер оларды дамытуға белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін білім беру бағдарламаларының тізілімі (9326 ББ) жасалған. Бұл ата-аналар мен талапкерлерге үздік бағдарламаларды таңдауға көмектеседі, – деді баяндамашы өзінің сөзінде.

Студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламасы күшейе түсті. 2011 жылдан бастап бағдарламаға қатысатын магистранттардың саны 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында төрт есе өсіп, 1373 адамға жетті. Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек шетелдік университеттермен қос дипломды бірлескен бағдарламалар белсенді түрде енгізіле бастаған себепті қазақстандық білімнің сапасы артқан көрінеді. Ағылшын тіліндегі бағдарламалар қатары көбейіп, шетелдік студенттердің саны жоғарылапты. Өткен оқу жылында отандық жоғары оқу орындарында 40 мың шетелдік студент оқыса, бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шетел тілінде сөйлейтін білімгерлердің де саны артқан.

– Болон үдерісіне қатысу ұлттық білім беру сапасын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Сыртқы сапа кепілдігі жүйесі аккредиттеу тетігі арқылы жүзеге асырылады, – деді Мирас Мұхтарұлы. Оның айтуынша сапаны бақылаудан сапаны қамтамасыз ету жүйесіне кезеңмен көшу қадамдары қолға алыныпты. Тәуелсіз аккредиттеу ісі белсенді дамытылуда. Қазіргі кезде университеттер мен білім беру бағдарламаларын тәуелсіз аккредиттеуді 11 салалық құрылым жүзеге асырса оның алтауы қазақстандық және 5-еуі шетелдік агенттік.

Темпус және Эразмус+ ЕО бағдарламаларының шеңберінде Еуропа мемлекеттінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін артттыруға және студенттердің жоғары білім алуына, оқу әдістемелік құралдар әзірлеумен қатар ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берген 135 жоба жүзеге асырылыпты. Бұдан кейінгі әңгіме тізгіні халықаралық деңгейдегі сарапшыларға берілді. Еуропа Кеңесі білім департаментінің басшысы Берган Шурдың пайымдауынша, Болон үдерісі жаңа заман талабына сай ілгері дамуы барысында қазіргі уақыттың талабына жауап беруі қажет.

– Бүгінгі таңда жоғары білім жүйесі қоғамның сұранысын толық қанағаттандырып, үдемелі өзгерістер ағымына жедел ілесіп отыр ма? Егер біз шынымен жоғары білім берудің дамуына мүдделі болсақ, таңдаған жолға түсу арқылы бір бағытта жылжығанымыз дұрыс, – деді Берган Шур. – Еурпалық Одақ пен Еуропалық комиссия жоғары білімді дамыту бойынша маңызды рөлге ие. Бірақ құрлықтан асып басқа елдерге тараған жобалар таза еуропалық мән мен мазмұнға ие емес. Еуропа мен Орталық Азияны жалғайтын бірегей көпір ретінде мойындалған Қазақстанға қоса басқа да елдермен белсенді ынтымақтастық байланыстарды ілгерілетуіміз қажет.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбаек  Мэдсен бұл ұсынысты қолдап, қазақстандық жоғары білім еуропалық кеңістікке белсене таралу бағытында жаңа идеялар мен бағдарламалар арқылы етене таныла бастағанына тоқталды. Университеттердің Ұлы хартиясы обсерваториясының Бас хатшысы Дэвид Локктің ақпаратына сенсек осы хартияға мүше қазақстандық 70 университеттің барлығы дерлік әлемдік жоғары білім жүйесін жақсартуға қажетті заманауи өзгерістер енгізу бойынша ұтымды ұсыныстарын жолдапты.  

– Мен қазақстандық жоғары оқу орындарымен жұмысқа алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Хартияға сәйкес университет саяси және экономикалық шешімдерге тәуелсіз дербес қызмет атқаруы тиіс. Басты мақсаты білім беру және зерттеулер жүргізу. Қазақстандық жоғары оқу орындарының көбі осы талапка сай. Хартияның құрамындағы барлық мүшелер адамзат алдындағы жауапты міндетімізді дұрыс атқаруымыз қажеттілігін толық түсінеміз, – деген Дэвид Локк жаһандық мәселелерге басымдық берді.

Білім, мәдениет, жастар және спорт мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссияның бас директоратындағы бағдарламаның жетекшісі Адриан Веале Болон үдерісіне қатысушы мемлекеттердегі цифрлық білім беру жүйесін дамытудың мүмкіндіктерін және алдағы жоспарларымен таныстырды.

– Цифрлық білім берудің экожүйесін құру үшін біз Эразмус+ бағдарламасымен үндесетін жоспар әзірледік. Студенттердің ұтқырлығын арттырудың жаңа жолдарын іздестірудеміз, білімдерімізден алмасудамыз және бұл бағыттағы жұмыстар бұрыннан қолданыста бар дәстүрлі әдіс-амалдармен шектелмеуі тиіс. Сондықтан білім беру барысында оқытушылар мен студенттер цифрлық құрылғылардың көмегімен тың тәсілдерге машықтануы қажет. Осы орайда оқытудың аралас формасындағы blended learning бағытының тиімді тұстарын жеділдірген жөн. Қазақстан білім берудің цифрлық жүйесін дамытуды қолдау арқылы жаңашылдық ізденістердің ілгерілеуіне үлес қосқаны қуантады, – деді Адриан Веале.

Еуропалық жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету тіркелімінің (EQAR) директоры Колин Тук қазақстандық жоғары білімді аккредиттеуші агенттіктердің жоғары деңгейдегі жұмыстарының нәтижесінде Еуропалық жоғары білім сапасының қамтамасыз ету бойынша тізіліміне енгенін айрықша атап айтып, бұл бағыттағы атқарылған шараларға жоғары бағасын берді. Болон үдерісінің (BFUG) бақылау тобы төрағасының орынбасары Энн Катрин Айзэкс жоғары білім бойынша кәсіби біліктілікті дамыту мен несиелік жүйенің маңыздылығы туралы ойын ортаға салды.

– Болон үдерісін ілгерілету аясында бақылау тобының мүшелерімен бірлескен мақсаттағы алдағы жылдары инклюзивтілік, инновацияға қоса өзара байланысты бекемдейтін даму жоспарын әзірледік. Осы маңызды сұрақтарды жан-жақты талқылауға қазақстандық делегация да қатысты. Түрлі пікірлердің ағыны еуропалық жоғары білім аймағын дамыту үшін білім берудің ашық әрі ыңғайлы жолын таңдау турасында тоқайласты. Демек біздің баршамызды студеттерге нені және қалай оқытуымыз қажеттілігі толғандырады, – деді сарапшы.

Өзбекстан Республикасының Жоғары және арнаулы білім вице-министрі Узокбой Бегимкулов жоғары білім беруді дамытуды көздеген осы форумдағы ортақ мақсаттағы тұжырымдар Орталық Азия мен Еуропа мемлекеттері арасындағы байланыстарды бекемдей түстіндігіне сенім білдіріп, жоғары білімнің көп ұлттылық қырының маңыздылығына тоқталды. Форумда талқыланған сұрақтар бойынша баяндама жасап, сөз сөйлегендердің пайымынша Болон үдерісіне қатысушы Қазақстанның қолданысындағы өлшемдер ұлттық жоғары білім жүйесінің сапасын арттыруға жақсы әсерін тигізуі арқылы тиімділігі тұрғысында пайдасы барын көрсеткен. Бұл үрдістер жалғасын тапса Орталық Азия мен Еуропалық жоғары білім жүйесінің ауқымды түрде өзара кірігуіне мол мүмкіндік беретіндігі анық.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов форумға қатысушыларға алғысын айтып, жоғары білім саласында орталықазиялық біртұтас білім кеңістігін ұйымдастыру бойынша ұсынысын білдірді. Спикердің ойынша Орталық Азия мемлекеттерін етене жақындастыратын түпкі тарих пен географиялық орналасуы, этномәденитпен қатар тілдер туыстығы сынды басқа да ортақ тамырымыздың бірлігі жоғары білім саласын биік деңгейге жеткізетін жаңа кеңістік қалыптастыруға негіз қалайды.

Вице-министрдің сөзінше қазіргі кезде орталықазия мемлекеттерінде жоғары білім алатын қазақстандық кәсіби мамандардың қатары көбейіп, шетелдік дипломдарды ресми түрде мемлекеттік тұрғыдан рәсімдеуді сұрайтын өтінімдер саны артып келеді. Егер ортақ мақсаттағы кеңістік құрылса бұл бағыттағы жұмыстардың барлық тараптар үшін оңтайлы әрі жеңіл болатындығы даусыз. Бағалы бастаманы жан-жақты талқылау үшін 2021 жылдың көктемінде Түркістан қаласында Орталық Азия елдеріндегі білім министрліктерінің жиынын ұйымдастыру мақұлданды.

Форумның екінші күні ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова, Вагенинген университетінің (Нидерланд) профессоры Ева Вьетсма, ҚР БҒМ Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Еркін Садықов баяндама жасады. Сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының атынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев, ҚазҰАЗУ –  ректоры Тілектес Есполов, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – Жасұлан Шаймарданов, Қарағанды Медициналық университеті – Раушан Досмағамбетова, Astana IT University – Дархан Ахмед-Заки, Almaty Management University – президент Асылбек Қожахметов және М.С.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ – провосы Сергей Пен сөз сөйлеп, университеттеріндегі ішкі бағдарламалар мен халықаралық ынтымақтастықтың негізіндегі инновациялық жобалардың іске асырылуындағы ерекшеліктерді жеткізді.

Асылбек Қожахметов университеттің кәсіпкерлік қағидатына мән беріп, басты мақсат пайда табу ғана емес, білім беру үдерісін дамыту арқылы нарықтың сұраныстағы өнімі ретінде тартымдылығын арттыру қажеттілігін еске салды. Форумды Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА) директоры Алина Жұмағұлова мен Эразмус+ ұлттық офисіндегі (Қырғызстандағы Г.Чокушева, Өзбекстандағы А.Абдурахманова) үйлестірушілердің пайымды пікірлерімен түйінделді.

Форумның соңында қатысушылар жоғары білім саласын жаһандық дейгейде дамыту бағытында бірлесе атқару мүмкіндіктері ұсынылған ортақ мәлімдемені қабылдауға уағдаласты.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий