Қашықтан оқытудың ерекшеліктері

«Өмірдің өзі-ұлы ұстаз»-дейді ғой қазақ халқы… Еліміздегі төтенше жағдай барлығымызды қашықтан оқыту жүйесіне алып келді… Американдық педагог Кэрол Твиг АҚШ-тағы жоғары оқу орындарындағы студенттердің  қырық үш пайызы 25 жастан кіші, біразы 18-22 жас аралығында болса, қалғандары отбасылы немесе жұмыс істейтіндер болғандықтан, бұл білім беру формасы күннен-күнге танымал болып келеді деп түсіндіреді. Себебі қашықтан оқыту экономикалық жағынан да қолайлы, атап айтқанда  бетпе-бет оқуды ұйымдастыру мен жол жүруге кететін қаражатты үнемдеуге де ықпалын тигізетіні туралы пікір айтады.

Ғ.Толықбаева

Р.Ф.Жидаль «Оқушыларды қашықтан оқыту» деген мақаласында Қиыр Солтүстіктегі Норильск қаласындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты мектеп оқушыларының сабаққа бармайтын уақыттарында  бұл оқыту жүйесін қодану маңызды деп есептейді. 2008-2009 оқу жылында 65 күн аяз болуына байланысты оқушылар сабаққа бармаған екен. Сонымен қатар, қаланың басқа елді мекендерден алыс орналасқандықтан, талантты және дарынды оқушылардың олимпиадаға қатысу мүмкіндіктерінің де аздығын ортаға салған.Сол себепті қашықтықтан оқыту жүйесін енгізу өзекті екендігін  мақалада білдірген. 

Он алты мен он жетінші ғасырдың аралығында жаңа педагогиканың негізін қалаушы Ян Амос Коменский: «Мектеп – “барлық адамды барлық нәрсеге үйрететін” – адамгершіліктің шеберханасы», – деген екен. Жүздеген жылдар бойы  бұл оқыту жүйесі жүзеге асырылып келе жатқанымен, мектептің зерттейтін мәселелері әлі де жеткілікті екендігі айқын. Сондықтан  еліміздегі төтенше жағдайға байланысты енгізілген қашықтан оқытудың WEB шеберханасында тәжірибені бірлесіп зерделеудің мүмкіндігі туындай бастады. Қашықтан оқыту жоспарын құрған кезде оқу мақсаты, уәж, ақпарат, қалыптастырушы бағалау тапсырмалары, қарым-қатынас жасау тетіктері, қажет жағдайда оқушыға жеке кеңес беру және әр түрлі нұсқаулықтарды назарда ұстау  маңызды.

Сонымен бірге, қашықтан оқытуда субьектілердің өзара әрекеттесуі мен  кері байланыс орнату; оқушылар үшін қашықтан оқыту жауапкершілігінің қалыптасуы да қарастырылады. Бұл жағдайда оқушыға бұрынғыдай, көп көлемде білім беру емес, оның танымдық әрекетін  жаңа ортада тиімді ұйымдастыруды көзделеді. Оқушыларға сабақ дайындаған кезде, төмендегі сұрақтарды қою маңызды болып есептеледі. Атап айтқанда: қашықтан оқытуда мен оқушыларыма нені үйреткім келеді (Олар қандай оқу жетістіктеріне жетуі керек)? Оқушылар бұл жетістіктерге қалай жетеді? Мен оқушыларымды қалай қолдаймын?, – деген сұрақтарға жауап іздеу рефлексия жасауды меңзейді.

Сұрақтарға жауап беруде оқу материалдарын дайындау; оқушылармен байланыс тетіктерін реттеу; таңдаған оқу форматы бойынша білім алу; ыңғайлы уақытта қажет материалды қайта қарау; оқу тапсырмаларының көлемі; кері байланыс берудің тиімділігін айқындау қажеттілігі де басты назарда болады. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың өзегі оқушыға өз бетімен білім алуға қолдау көрсету болып табылатыны анық. Бұл жағдайда сабақты ұйымдастырудың белсенді әдістерін қолдану арқылы қолжетімді режимде оқушылармен өткізетін оқу үдерісі жоспарланады. Қашықтан оқыту – мұғалімнің оқушымен оқыту құралдары арқылы интер белсенді қарым-қатынас үдерісін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін технология болып есептеледі. Өйткені бұл технологияларды қолдану бойынша оқу процесін ұйымдастырудың негізгі міндеттері: оқытуды даралау; оқытудың тиімділігін  арттыру;  қолайсыз болып табылатын жағдайда тұлғалар үшін білім беру қызметін ұсынуға да болады.

Сонымен қатар, қашықтықтан оқыту формасы ақпараттық –коммуникациялық технологияны қолдану арқылы қолайлы уақытта кез келген жерде, жеке режимде білім алуды қамтамасыз ететіні;  жүйенің  дидактикалық, технологиялық және қамтамасыз ету платформаларының жиынтығы болып табылатыны; оқушылардың  өз бетінше оқудың  техникасы мен әдістемесін меңгеру маңыздылығы да назарда болған жөн. Бұл оқытуда  оқушы мен мұғалім арасында белсенді диалог жүргізу арқылы кері байланыс беруге дағдылану маңыздылығы да ескерілді. Оқушылар үшін оқу  ақпаратына  қолжетімді әр түрлі мүмкіндіктер талданды. Аталмыш  оқудың артықшылығы оқушыға кез келген уақытта, өзіне қолайлы жерде оқу мүмкіндіктері болатыны анық. Оқушы үнін тыңдау арқылы жетістікке жетуге үшін  өзара тәжірибе алмасу ерекшелігін де  ескерген маңызды.

Өйткені  білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесінде оқушыларды қашықтан оқытуда «мектеп мұғалімдерінің бірлескен жұмысы нәтижесін береді»- деп айтуға болады. Мектеп өміріне енген  бұл оқыту – оқушылардың өз бетімен білім алуына әр түрлі мүмкіндіктер берсе, мектеп мұғалімдері  үшін кәсіби шеберліктерін шыңдайтын оқыту жүйесі болып табылады. Кәсіби шеберлікті шыңдаудың мысалы ретінде, Microsoft Teams бағдарламасында онлайн кеңес, қажеттілік негізінде өткізілетін вебинарлар мен конференцияларды айтуға болады. Онлайн кеңестің артықшылығы үйде қолайлы жағдайда, күн тәртібін қажет уақытқа қарай икемдеп, туындаған сұрақтарға  жауап алу  болып табылады.

«Көзді ашып жұмғанша» өзгерістер толассыз еніп жатқан заманда, ақпараттық құралдар арқылы жеке кәсіби дамуға байланысты әріптестердің  бір-бірінен  кеңес алуы да қажет  екендігін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Демек, онлайн кеңес қолжетімді, ыңғайлы, «алтын уақытты» үнемдеу мүмкіндігі бар кәсіби қарым-қатынас орнату тетіктерінің бірі. Сонымен қатар, қашықтан кәсіби дамуды ұйымдастыруда Zoom бағдарламасын қолдану; бейне конференцияға жүз адамға дейін қатысу; дыбыстың анықтығы, конференцияны алдын ала жоспарлау және автоматты түрде сақтау; экранды демонстрациялау (файлдар мен бумаларды қатысушылар толығымен  көреді немесе терезе арқылы тек қана таныстырылым көруге болады және тағы да басқалар) немесе қажет болған жағдайда  параллельді  «басқаларға көрінбейтін» конференция сценарийін спикер  үшін тақтаның жартысына орналастыру  мүмкіндіктерін онлайн сабақ беруде қолдану ерекшеліктерін назарда ұстаған жөн.

Google формасында тест құрастыру да  тәжірибеде қолданыс табуда. Google жүйесіне тіркелген аккаунттан бастап, көп қосымшалардың ішінен диск қосымшасын таңдау;тест бумасы, Google формада жаңа форма құру, яғни алдын ала дайындаған  тест сұрақтарын атау, қосу және тағы да басқа оқушыларға немесе курс тыңдаушыларына сілтемесін жіберу арқылы тез арада жауап алуға болатыны да өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Web кеңістікті еркін қолдануға болатынын түсініп, қашықтан оқыту сабақтарына онлайн құралдарды қолану да оқыту мен оқуды жақсартады деп айтуға болады. Жоғарыдағы айтылған идеяларды тұжырымдай келе, қашықтан оқытудың ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ:

Қ. Қалдарова

Икемді (Білім алушылар өздеріне қолайлы орын, уақыт және жылдамдық мүмкіндіктерін таңдайды). Модульдік амал (Жеке немесе топтық қажеттілік негізінде модульдік қағидат қолданылуы мүмкін). Параллельді (Өндірістен қол үзбей, кәсіби әрекетпен оқуды үйлестіруге болады). Асинхронды (Оқытушы және оқушы өздеріне қолайлы кесте негізінде оқиды). Білім алушылардың немесе біліктілік арттырушылардың саны (Білім алушылардың/ кәсіби біліктілігін арттырғысы келетіндердің санының  көп болуы  оқуға кедергі келтірмейді). Экономикалық тиімділік (Уақыт, жол қаражаты, оқытуды ұйымдастыруға кететін қаражат). Мұғалімнің рөлінің өзгеруі (Мұғалімнің әр түрлі оқу платформасы, онлайн құралдар арқылы түрлі тапсырмалар құрастыру дағдыларын қалыптастыруы, кері байланыс беру тетіктерімен жұмыс істеуі және тағы да басқалар).

Оқушының рөлінің өзгеруі (Өз бетімен білім алу дағдысын қалыптастыруы, кері байланыс алуға/беруге үйренуі). Әлеуметтену (Қашықтан оқыту жүйесі мекен жайға, әлеуметтік жағдайға қарамастан, барлық білім алушыларға тепе-теңдік жағдайда білім алу мүмкіндіктерін береді). Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұя» шығармасының үзіндісімен қорытындылайтын болсақ: «…Мен туғанда, әкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Әжем жарықтық әкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отырар еді. Әкем өз бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты. Содан өле-өлгенше өз бетінше оқып-тоқыған адам», – деп, әкесі туралы бізге сыр шертеді.

Демек виртуалды білім кеңістігін құруға мүмкіндік беретін қашықтан оқыту үдерісінде де, өз бетімен оқу  маңызды рөл атқаратыны  бүгінгі еліміздегі төтенше жағдайында  айдан анық болып отыр. Бұл үдеріс арқылы білім алудың жеке қажеттілігін ұғынып,  ізденіске жол ашатын  мүмкіндіктерді айқындау ерекше болып табылады. Олай болса, американдық социолог Э.Тоффлердің айтуынша: – Жиырма бірінші ғасырда оқи алмайтын, жаза алмайтын емес, өз білімін жетілдірмейтін, өзін-өзі дамытпайтын адам сауатсыз деп есептеледі, – дейді. Шынында да, өз заманымыздың   талабына сай құндылықтарды қабылдап, өмір атты теңізде қарсы соғатын дауылдарға төтеп беру жолдарын бірлесіп қарастыруымыз – кемел келешегіміздің іргетасы іспеттес.

Ғалия Нұрманқызы ТОЛЫҚБАЕВА,
Қарлығаш Исақызы ҚАЛДАРОВА,
“Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім
беру ұйымдары Педагогикалық шеберлік орталығының
Алматы қаласындағы филиалының аға менеджерлері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий