Мұғалімдік – ерлердің ісі ме?
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде 2020/21 оқу жылында орта мектептерде жұмыс істейтін 347 052 мұғалімнің 281 209-ы әйелдер, яғни мұғалімнің 82-83 пайызы нәзік жандылар. Ал Атырау облысы бойынша есептесек, 11 502 мұғалімнің 1390-ы ғана ерлер, пайызға шақсақ, 88%-ы әйелдер екен. Орта есеппен алғанда әр мектепте 4-5 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады.
Көбіне ер мұғалімдер тәрбиесін әке тәрбиесіне теңестіріп, балалардың мінез-құлықтарының қалыптасуына оң ықпал беретіні айтылады. Қазақтың тұрмыс-салтында бала тәрбиесімен тікелей әйел адам айналысқанымен, ер азаматтың қас-қабағы, мысы, бір ауыз сөзі, бейнесінің өзі көп нәрсені шешеді. Міне, осы көзқарас ұлттық педагогикамызда ерлердің маңыздылығын арттырып отыр. Осы орайда, педагогикалық бағытта ер адамдардың үлес салмағы неге аз, тәрбие ісінде ер мұғалім мен әйел мұғалімнің қандай ерекшеліктері бар деген сауалдарды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің мамандары мен ұстаздық кәсіпті таңдаған студенттерге қойған едік.
Шолпан ЖАНҰЗАҚОВА, педагогика кафедра-лабораториясының меңгерушісі: – Бұл мәселенің пайда болуына бірнеше себептер бар, мысалы, ұстаздық ету әйелдерге арналған деген қате стереотиптің қалыптасуынан, тәуелсіздікті жаңа алған кездерде мұғалім мәртебесінің төмендеуі, мұғалімдерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаудың болмауынан және жалақыларының аз болуы, мұғалімдік мамандыққа баратын ер балаларға ерекше жағдай жасалынбауы және тағы да басқалар. Сонымен қатар, мұғалімдік – өте жауапкершілікті талап ететін, қиын мамандық. Ер адамдардың қиыншылыққа төзімділік танытқысы келмегендігі де негізгі факторлардың бірі.
Ал енді, ер мұғалім мен әйел мұғалімнің айырмашылығына келсек, ер адамның физиология бойынша артықшылығы бар. Әйел мұғалім дүниеге бала әкеледі, декреттік демалысқа шығады. Эмоционалды күйге көбірек түседі. Үй шаруасы, бала тәрбиесі сияқты жауапкершіліктері көп. Сондықтан ер мұғалім жұмысына толық кірісіп, беріліп өнімді еңбек жасайды. Талап қоя білген ер мұғалімнен ер оқушы да, қыз оқушы да ығысып, сыйлап, талабын орындауға тырысады. Ер мұғалім үнемі жинақы, логикасы терең, жан-жақты болады. Әйел мұғалімдер бастауыш сыныпта көп болғаны жөн. Себебі, бастауыш мектеп ана мектебінің жалғасы болып есептеледі. Балаға аналық сүйеу керек. Нақты ғылымдар бойынша математика, физика, химия, астрономия, биология, гуманитарлық тарих пәндерінен ер адамдар сабақ бергені жақсы.
Ал осы салаға қызығушылығын арттырудың жолдарын айтсам, ең алдымен, мектептен бастап мұғалімдік мамандыққа сүйіспеншілік туғызу, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Мұғалім мамандықтың мәртебесін мемлекеттік деңгейде көтеру, әлеуметтік қамтамасыз ету (үй мәселесі, балаларын тегін оқумен қамтамасыз ету), жалақыларын көтеру, әр мамандыққа грант бөлгенде ер балалар үшін квота беруде қызығушылықты оятады. Сонымен қатар, мектептерде, жоғары оқу жанынан ер балалар үшін мұғалімдікке бағдарлау мақсатында арнайы педагогикалық сыныптар ашылса, ер мұғалімдердің үлес салмағын арттырар едік.
Елдің экономикалық-әлеуметтік өркендеуі саналы ұрпақ тәрбиелеуде екені белгілі, ал ол ұстаздар қолында. Сондықтан да бұл саладағы осындай маңызды мәселелер қолға алынып, ер балалар тәрбиесіне мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөлініп, ұстаздық мамандықтың ерлер мамандығы екендігіне көз жеткізу жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын.
Жаңылсын САБИРОВА, пcихология ғылымдарының кандидаты, доцент: – Ер адамдардың мектепте бармауы бұрыннан келе жатқан, қай кезеңде де, барлық елдерде де маңызды мәселелердің бірі. Оның себептеріне үңілсек, кейбір психологиялық жағдаяттарды атап өтуге болады: Бірінші, мұғалімге тән қажырлылық, табандылық, кеңпейілділік, баламен қарым-қатынасқа түсе алу қасиетіне ие болып, өз ісінің маманы болуға көп дайындық керек. Еңбектен ләззат алу керек. Осы тұстары ер адамдарда жетіспейді деп ойлаймын. Сонымен қатар, мұғалімдік мамандықты қалыптасқан стереотип бойынша бұл таза әйел адамның жұмысы деп есептейді.
Келесі, әлеуметтік мәселе: мұғалім жалақысы жоғары білімді ер адамды қанағаттандырмайды. Қоғамымызда толық емес отбасылар көбейіп, балаға әке тәрбиесі жетпейтін жағдайлар көбейіп тұр. Осы олқылықты мектепте ер мұғалімдердің көбеюі арқылы жояр едік. Сондықтан ер балаларды осы мамандыққа баулу ісін жоғары деңгейде қолға алу керек деп есептеймін.
Нұрбағыт Жеңісов, «Тарих» мамандығының 1бірінші курс магистранты: Аты-жөнін ұмытып тұрмын, бір ғалым педагогтың былай айтқаны бар еді: “Қазіргі ер балалар қатынжанды болып бара жатыр дейді. Балабақшаға барса тәрбиеші – әйел адам. Бастауыш сыныпқа барса мұғалім – тағы әйел адам. Жоғары сыныптардың дені қазіргі уақытта көбісі әйел мұғалімдер. Колледж, университетте де солай.” Бұл сөздің жаны бар, себебі ер адамдар қазіргі білім саласында өте аз. Көбі – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері. Кеңес заманындағыдай математика , физика , химия сабақтарынан қазір ер адамды кездестіре алмайсыз. Кездескен күннің өзінде олар “ақшасы жақсы” жерлерде сабақ береді.
Нұрлан Серікбайұлы, «География» мамандығының 4-курс студенті: – Педагогикалық бағытқа қызығушылық негізінен мектеп қабырғасында, 10 сынып оқып жүрген кезде басталған болатын. Мектепте арнайы апталық өтетін, яғни жоғарғы сынып оқушылары бір апта мұғалім болып төменгі сыныптарға сабақ беретін, сол кезде география пәнінен алғаш сабақ беріп көргенмін. Осыдан кейін, мұғалім боламын деген мақсатым қалыптасты. Білім беру саласында ер мұғалімдердің рөлі өте жоғары деп ойлаймын. Бір қызығы оқушылар ер мұғалімдердің сабақ түсіндіргенін тез ұғып алады. Ер мұғалімдер тақырыпты ауқымды етіп түснідіруімен ерекшеленеді.
Ең бастысы, ер мұғалімдер мектепте әке тәрбиесін ер балаларға сіңіре алады. Мектепте ер балалар өзінің өмірінде болып жатқан келеңсіз жайттарды шешуге көмектесетін, ақыл қосатын адамды іздейді. Сол кезде қасыңда арқа сүйер ер мұғалім болғаны қандай жақсы.
Автордан: Мамандар мен болашақ ұстаздардың пікірі бір арнаға құйылғандай. Яғни, ер мұғалімдерді көбейту үшін әлеуметтік, қаржылық мәселелер шешілуі тиіс. Бүгінгі таңда бұл шешімін таба бастады: «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды, ұстаздардың еңбекақысы елдегі орташа жалақыдан көтерілді. Қағазбастылық та азайып жатыр. Бірақ мектепке асыққан ерлер саны артқан жоқ. Не істеуге болады? Ұсыныстар көп. Соның бірі, педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындары жанынан тоғызыншы сыныптан кейін қабылдайтын ер балаларға арналған сыныптар ашу. Яғни, конкурс тәртібімен білімді оқушыларды іріктеп алып, педагогикалық кәсіптік бағдар беру. Бұл ертеректе болған тәжірибе. Өзім де сондай курстың түлегімін.
Тәуелсіздік алған жылдары бұл даярлық сыныптары жүздеген бозбалаға жоғары білім алуға көмектесіп, елімізді көтеруге еңбек еткен жақсы мамандар даярлап шығарды. Кейінірек бұл үрдістің қарқыны байқалмай қалды. Жалпы, білім беру саласы – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Демек, бұл салада кіл кәсіби мамандар қызмет етуі қажет. Ал, білікті педагогтардың қатарында ер мұғалімдердің де үлесінің көп болуы білім алушылардың тек білімдік тұрғыдан сауатты болуына емес, әлеуметтік, психологиялық, тұлғалық дамуына да оң ықпалын тигізері анық.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы АУ баспасөз
хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі