Ғылым кандидаты ауыл мектебінде сабақ береді

Әркімнің мамандық таңдаудағы тағдыры әртүрлі. Жақында ерекше мұғаліммен таныстым. Ол 25 жасында химия ғылымдарының кандидаты атанып, бір отбасының жалғыз баласына тұрмысқа шығып, ғылымдағы даңғыл жолын ауыл мектебінің мұғалімі болуға айырбастаған. Осы уақытқа дейін жиырмадан аса баланы медицина университетіне грантқа түсірген жанкешті ұстаз. Кейіпкеріміз Жазира Бостанова Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз орта мектебінде және Кеген ауданындағы Тасашы орта мектебінде химия пәнінен сабақ береді. Жазира апай екі мектептің балаларын ғана оқытпайды. Ол кісіге қаладан, басқа ауыл-аймақтардан арнайы барып оқитындар көп,-деп хабарлайды «Ұлан»-балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық газеті.

 

Төрт ұл, екі қыздың анасы, әулетінің ұйытқысы болған әрі балалардың сүйікті ұстазына айналған Жазира апайдың әңгімесін тыңдап отырып, кинодағы немесе көркем әдебиеттегі ең ізгі кейіпкермен кездескендей болдым. Әдетте химия, математика секілді пәндерден беретін ұстаздар есеп шығарып, сөзге жоқ болатын. Ал Жазира апайдың сөз саптауы әжемнің әңгімесіндей жатық, қызық. Диктофондағы жазбаны компьютерге теріп отырып, жанымнан жаңқадай сөз қоспадым, қалай бар, солай түсіре салдым. «Онлайн оқу кезінде республикалық арналарда қазақшасы түсінікті, шешен сөйлейтін осындай ұстаздар сабақ берсе ғой» деп риза болып отырдым. Ендеше, Жазира апайдың оқиғасын өз айтуы бойынша оқып көріңіз. -Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шәлкөде деген ауылда дүниеге келдім. Үш жүз елудей ғана түтіні бар шағын ауыл болғанымен, мектебіміздің базасы өте мықты болды. Қазір үлкен ғылымда, өнерде жүрген қаншама азаматтың арманына қанат байлап, білімнің іргетасын қалаған қарашаңырақ. Соғысқа дейін-ақ атамыз Нұртәліп мықты математик кісі болған екен. Ал өзімнің әкелерімнің бірі Ғани ұстаз болса, Ленс әкем колхозда ұзақ жыл есепші болған кісі. Ленс әкем кез келген педагогтан мықты математик еді. Барлығымызды отырғызып қойып білімімізді шегелеп, миымызға құятын. Соның әсері болса керек, бәріміз мектеп жасынан сабаққа алғыр, есепке жүйрік болдық. Мектепте оқып жүргенде химия сыныбы ашылды. Бізді сол сыныпқа бөлді. Ұстазымыз Күләйхан апай химия әлеміне айқара жол ашып берді. Сол сәттен бастап химия ғылымына ғашық болдым. Ойын ойнасам да, соңымнан ерген іні-сіңлілерімді оқытсам да, әйтеуір кез келген ісім ұстаздықпен байланысып тұрды. Әр адам мамандығын өзі таңдап және оған құрметпен қарауы керек деп ойлаймын. Мектепті үздік бітіріп, армандаған жоғары оқу орнының студенті атандым. Курстастарым жоққа шығара қоймайды деп ойлаймын, есепті жақсы шығаратын маңдайалды студенттердің бірі болдым. Табандылығым шығар, оқу бітіре сала химия ғылымдарының докторы, профессор Бектеновтің жетекшілік етуімен аспирантураға түстім.

Ғылымдағы негізгі жетекшім – қазаққа белгілі тұлға, академик Еділ Ерғожин. Ол кісі жақында ғана дүние салды. Басқа адамдық қасиеттері бір төбе, бұл кісілер біздің ізденісімізге мығым, қатал қарады. Талапшыл еді. Осындай тұлғалардың мектебінен шыңдалдым. Ғылыми жұмысымды қорғауға жақын қалған кезде тұрмысқа шығатын болдым. «Алматыда оқып, ғылым жолына түскен қыз ауыл өмірін не себептен таңдады екен» деп жан-жағымдағы адамдар таң-тамаша болды. Жолдасым да жәй жігіт болмады. Зілтемірші. Алматы туризм және спорт академиясын бітірген. Бір үйдің жалғыз ұлы. Отбасында алты қарындасы бар. Сол себептен ол ауылындағы мектепке оралған. Сол жігітке тұрмысқа шығамын ба, жоқ па деп ойланып жүргенде, түс көрдім. Ақжаулықты әже: «Әй, Жазира, қолыңды соз. Сені үлкен бір қауым күтіп отыр ғой», – деді. «Ойпырмай, бұл не түс болды екен? Көбіне аян түске ақсақалды қария кіруші еді, ақжаулықты ана қайдан келді?» деп өзім де қатты ойландым.  Арада көп уақыт өтпей жолдасым Бауыржанмен тағдырымды байланыстырдым. Тұңғышымыз Асланбек дүниеге келді. Баламыз қырқынан шығар-шықпас үлкен ғылым әлеміне қайтадан оралдым.

Ғылыммен қайта қауыштырған ата-енеме ризамын. Ол заманда технология да, техника да қазіргідей емес. Қағаз шығарудың өзі үлкен жұмыс болатын. Қолымызға төртбұрышты дискетті ұстап алып, «қай жерден шығарсақ екен» деп жүгіріп жүретінбіз. Бектұров атындағы химия институтында Ион алмастырғыш шайырлар лабораториясында екі жыл эксперименттік жұмысымды жасап, үшінші жылы диссертациямды жазып, қорғап шықтым. Менің ғылыми жұмысым – әртүрлі ион алмастырғыш шайырларды пайдаланып, суды тазарту. Авторлық куәлік алдым, көптеген ғылыми конференцияларға қатыстым. Ол кезде ғылым тілі орыс тілі болатын. Таза қазақ ауылынан шықсам да ғылыми жұмысымды орысша қорғадым. Себебі бүкіл жазылған ғылыми жұмыстар орысша, сырттан келетін ғылыми оппоненттер де орыстілді кісілер. Бұл да мен үшін өмір мектебі болды. 24-25 жасымда Қазақстандағы жас кандидаттардың бірі атандым.  Енді не істеймін? Емізулі балам бар, ауылда күтіп отырған ата-енем бар, бір отбасының жалғыз келінімін. Сонымен ауылға қарай бет бұрдым. Сол кезде айналамдағы ұстаздарым таң-тамаша болды. Себебі кемемнің басы мүлде басқа жаққа бұрылды. Тіпті келін болып түскен жерімнің өзі ғылыми жұмыс жазып, ауылды таңдағаныма таңғалды. Келін боп түскенімде керегедегі үлкен кісілердің суретіне  көзім түскен еді, түсіме кірген ақжаулықты әженің бейнесі оттай басылды. Сөйтсем ол осы әулеттің анасы екен. Бұл да тағдырдың белгісі шығар. Осыдан кейін Алланың маған берген сыйының көп екенін білдім. Атадан жалғыз болған атам көбіне қамығып жүретін. Сол кісінің тілеуін де Алла берген болуы керек, өмірге төрт ұл, екі қыз әкелдім. Өмірімнің жиырма екі жылын педагогика саласына арнап келеді екенмін. Осы сәтте Жан-Жак Руссоның: «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деген сөзі есіме түсіп отыр. Мен де  уақытымды көп шәкірттеріме арнауға тырысамын. Олар алған білімін ертеңгі күніне жарата ала ма, көздеген мақсатына бағыт-бағдар бере алдым ба деп барынша тырысумен келемін.

Мектептегі сабақ беру әдісіме Ғани Бектайұлының тренингіне қатысуым көп  әсер етті. Тренингтен кейін педагогика саласында қиналмай еңбек етуіме мүмкіндік туды. Адам жетістікке жету үшін оның зейінін шоғырландыру керек. Тіпті бала тұрмақ, үлкен адамның өзі бір нүктеге қарап отырып, бірнеше дүниені ойлап отырады. Бір қызығы, оқушыларым таңғы 5-6-да: «Апай, қай жерде кездесеміз?» деп ҰБТ-ға дайындалуға келеді. Әдетте мұндай уақытта баланы ұйқысынан оята алмайсың ғой. Бұл – олардың пәнге, мұғалімге деген ғашықтығы шығар. Әр баланың әуелі қабылдауын анықтап аламын: визуал ма, аудиал ма, кинестетик пе? Міне, мұны білу ұстаз үшін өте маңызды. Аудиал болатын болса, олар жазуды ұнатпайды, тек тыңдау арқылы көп сіңіреді. Оларға ананы-мынаны жазып ал деп айта берудің қажеті жоқ. Ал визуалдар барлық ақпаратты жазып алады. Сол арқылы жақсы қабылдайды. Оны анықтаудың өзіндік жолы бар. Оны үйреткен Ғани ағамызға рақмет айтамын.

 

Оқушы қай тақырыпты оқыса да, басқа ештеңеге алаңдамай, материалға тереңнен сүңгіп кетуін қадағалаймын. Себебі бойында алаңдаушылық болса, жан-жағына жалтақтап тұрса, оның бәрінен арылтпай нәтиже болмайды. Тақырыпты терең түсінген бала қиналмайды. Сұрақты қиындатып, қай жағынан айналдырып қойсаң да шебер жауап береді. Балаларды жаттандылықтан арылтуға тырысамын. Себебі жаттанды балалар тақырыпты түсінбейді, төмен деңгейдегі сұрақтарға ғана жауап бере алады. Ұстаз балаға білім беріп қана қоймай, психологиялық жағына көп көңіл бөлуі керек. Психологиялық тұрғыда қалыптастырып алғаннан кейін олармен жұмыс істеу жеңіл болады. Соңғы кезде балалардың химия-биологияға қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Өзім дайындаған шәкірттерім медицина саласына грантқа түсіп, алды дәрігер болып, белгілі емханаларды басқарып отыр. Соларға қарап жігерленемін. Баланы табандылыққа, төзімділікке тәрбиелеймін. Соның арқасында қиналмай өмір сүреді. Психологиялық тұрғыда дайындағаннан кейін ғана баланың ғылыми жағына мән беремін. Балаларым аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Жыл сайын сондай алты-жеті бала шығарамын.

Біздің отбасымызды педагогтар әулеті деп айтсақ та болады. Ағам Бектас Бостанов педагогика ғылымдарының кандидаты, жеңгем Ғалия да жақында докторлық диссертациясын қорғады. Әпкем Эльвира Алматыдағы №133 мектепте тарих пәнінен береді. Тағы бір әпкем Динара бастауыш сынып мұғалімі, ал Гүлнәр әпкем информатика пәнінің ұстазы. Сіңлім Назира Алматыдағы №12 гимназияда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Інім Ернар да докторлық қорғауға дайындалып жатыр. Бұл да Құдайдың бізге жіберген миссиясы деп білемін.

Жазира апайдан ғылыми ортаны тастап, ауылға кеткеніңізге өкінбейсіз бе деп сұрап көрдік. «Әрине, химия институтын тастап кетерде қимастық болды. Бірақ әйел адамға ең бірінші кезекте отбасы маңызды. Мені жақсы көретін, қадірлейтін ата-енем, жарым, балаларым бар. Сондықтан өкінбеймін. Екіншіден, ауыл мектебіне келіп балалардың ғылыммен айналысуына жол аштым», – дейді.

Жазира апай химия саласымен ғана шектеліп қалмаған. Ол бала кезде телебағдарлама жүргізуді армандаған екен. Қазір сол арманын да жүзеге асырып жүр. Аудан, облыс көлемінде бірнеше рет телебағдарламаларды жүргізген.

Міне, шалғай ауылдарда да көпшілік біле бермейтін осындай үлгілі ұстаздар бар. Оларды көріп, еріксіз мұғалім бола алмай қалғаныңа да өкінесің… Жазира апай секілді ұстаз көп болса, балалар «химия қиын – ашиды миың» дейтін қалжың сөзді айтпас та еді. Керісінше, химияны қызығып оқыр еді…

Жадыра  АЙМАХАНҚЫЗЫ

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий