Ұрпақ тәрбиелеудегі отбасы ықпалы

Алғашқы рет Республика көлемінде Қызылорда облысы бойынша «Ақ босаға» қауымдастығы ұжымы ұйымдастыруымен «Берекелі отбасын қалыптастыру» атты онлайн вебинар ZOOM платформасында өтті. Екі күнде 400 адам қатысып, қызу дискуссия болды. Вебинарда талқыланған мәселелер: отбасы берекесін сақтауды, әке рөлінің маңыздылығы, отбасылық дағдарысты кезеңдерден шыға білуді, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас психологиясы, ата-ене қадірін түсінуді, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды, психологиялық жарақаттармен жұмыс жасау жолдары бойынша мәселелер көтерілді.

«Отан от басынан басталады» дегендей, тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан жас ұрпағын жақсы тәрбиелеу, санасын қазақи тұрғыда  қалыптастыру осы отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген де тамаша мақал бар, яғни елдің болашағы-қазіргі жас буын біздің болашағымыз, елдігіміздің белгісін алға апарушы.

Отбасы-адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі, некеге немесе қандас туысқандыққа негізделген қоғамдық шағын топ. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық қатынастардың жүйесімен тығыз байланыста болғанымен, отбасы -қоғамдық өмірмен салыстыра қарағанда адамдардың биологиялық жағынан ең жақын, өз алдына дербес те сырлас тобы. Отбасы өмірі материалдық және рухани процестерімен сипатталады. Отбасы-өмірге адам әкелу, оның қажеттілігін өтеу, өмірге жан-жақты даярлау, яғни әлеуметтендіру, сол сияқты тәрбиенің барлық түріне бағыт берумен айналысатын әлеуметтік институт.

Қазіргі қоғамда адам баласының толық бақытты болуына негізгі бес нәрсе тікелей қатысты. Бұл: ата-анасының да тәрбиелі, мәдениетті де үлгілі болуы; жақсы ұстаздың кездесуі; мамандықты дұрыс таңдауы; лайықты жармен одақтасуы; өз балаларының болуы. Шындығанда бұл факторлар тек өз отбасында ғана емес, өмірде адамның өзін шын бақытты сезінуіне, қабілеті мен мүмкіндіктерін іске асыруына, өмірде өз қолтаңбасын қалдыруына қозғаушы күш іспетті. Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Себебі: адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Кәмелет жасқа толғаннан кейін де өзі отбасын құрып бөлек шықпайынша, туған ата-анасының қол астында, қамқорлығында болмақ. Демек, отбасы – негізгі қамқорлық мектебі.

Отбасын «дербес мектеп, әлеуметтік институт» деп қарастыратын болсақ, әке-шеше-сол орданың ұстаздары, ал ата-әже-профессорлар іспеттес. Соңғы уақыттарда еліміздегі нарықты экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, көптеген отбасыларында бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығып, орны толмас олқылықтар пайда болды. Ата-ана өз міндетін атқару барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріне арта бастады. Оған қоса, шартты түрде дамыған білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, «мәдени орын» деген атаудың астарына жасырынған керекті, керексіз сауық үйлерінің ашылуы отбасының тәрбие беру және әлеуметтену қызметін әлсіреткені баршаға аян.

Қалай десек те, салауатты өмір кешкен ата-ананың өз ұрпағы алдындағы міндеттері мен құқықтарын ешкім бөліп атқармақ емес. Сондықтан да, отбасындағы ата-анаға өздері өмірге әкелген баласы үшін қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған. Қатысушылардың ойындағы, бойындағы «неге, неге» деген сұрақтарына жауап табуға көмек қолын создық. Қатысушыларға қарым-қатынас проблемаларын анықтауда тесттік сауалнамалар беріліп, оның қорытындысымен де жұмыстар жасалынды.

Қатысушылардың көбісі жеке кеңеске де келді. Стресстік жағдай, ата-анасымен тіл табысудың қиындығы, ене-мен келін арасындғаы кикілжің, өзін түсінбеушілік, өзін толық қабылдамаушылық, міне осындай проблемалар – адамның толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіретін мәселелердің басы ашылып, шешімдерін жеке кеңесте бағыт-бағдар бере алдық. Қатысушылар өз ризашылықтарын білдіріп, үнемі байланыста болғылары келетіндіктерін айтып жатты.

Еліме болсын деп, халқыма болсын деп осындай құнды оқытуды ұйымдастырушы «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігіне, қолдау көрсеткен Қазақстан Республика ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына алғысым шексіз. Еңбектері елене берсін, елге, халқыма қызмет ете беріңіздер!

Күлмаш ЕЛШІБАЕВА,

 профессор,

 Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті

«Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры

 Алматы қаласы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий