Әлемдік рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші

Соңғы жылдары әлемдік университеттер рейтингі барған сайын қоғам назарын аударуда, ал жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингте ілгерілеуі әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттарының бірі болып табылады. Жаһандану үдерісін ескере отырып, университеттердің рейтингтегі жоғары позициясы оның халықаралық білім кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші рөл атқарады.

Кадрларды даярлау мүдделерін ескере отырып, Қазақстанның мемлекеттік саясаты қажетті жағдайларды қамтамасыз ететіндей етіп қалыптасады. Бұған 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы дәлел.

Рейтинг жоғарғы білім сапасын арттыру құралы ретінде ЖОО-ның қызметін бағалауға, білім беру қызметтері тұтынушыларына университет жөніндегі түсінік беруге мүмкіндік береді. Бәсекеге қабілетті ортада жоғарғы оқу орындарына білім беруді интернациоландыру деңгейін арттыру, педагогикалық кадрлар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын, әлеуетті тұтынушылардың мойындауын және тануын ынталандырады.

Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы жылғы нәтижелерін жариялады. 10 қазақстандық университет 1000 жоғары оқу орнынан тұратын әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне енді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2014 жылдан бері QS World University Ranking рейтингіне үзбей қатысып, әлемнің ең үздік 400 жоғары оқу орны қатарына кіреді. Биыл QS World University Rankings 2020 рейтингісінде ЕҰУ 61 сатыға ілгерілеп, 357-ші орынды иеленді. Оның ішінде «Академиялық эксперттер арасындағы бедел», «Жұмыс берушілер арасындағы бедел», «Білім алушылар мен профессорлар-оқытушылар құрамының ара салмағы» көрсеткіштері бойынша жоғары көтерілген, ал ең жоғары жетістігі – соңғы аталған көрсеткіш бойынша әлем университеттері арасында 57 орынға жетуі.

ЕҰУ өзге де беделді халықаралық рейтингілерде қарқынды серпіліспен алға жылжуда. 2020 жылғы 2 қыркүйекте жарияланған «Times Higher Education» Британдық агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша көрсеткіштерді едәуір жақсартып, көш басынан көрінді.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы ЖОО интернационалдандыру, зерттеу қызметі және дәйексөздер бойынша деректерді күшейтті. Атап айтқанда, Web of Science бойынша ЕҰУ ғалымдарының 2018-2020 жылдардағы бір мақаласының орташа дәйексөзі 1,72 құраса, бұл ретте Қазақстан бойынша ғалымдардың дәйексөзі – 1,59. Scopus деректер базасы бойынша ЕҰУ көрсеткіші 1,96, ал еліміз бойынша – 1,8-ге тең. Нәтижесінде, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының дәйексөзі республикадағы ең жоғары көрсеткіш.

2020 жылы бүкіл Орталық Азия мен Қазақстаннан бір ғана жоғары оқу орны QS Top 50 Under 50 рейтингісінде әлемнің жетекші 50 жас университеттерінің қатарына енсе, ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

Сонымен қатар, университетіміз үш жыл қатарынан «Физика. Астрономия» мамандығы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып «QS World University Ranking by Subject» пәндік рейтингіне кірді. 2019 жыл нәтижесі  бойынша әлемнің 1 355 ЖОО ішінде 551-600 орында тұр.

Times Higher Education  халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген «Times Higher Education World University Rankings by Subject 2021» зерттеуі қорытындысы бойынша әлем университеттері ішінде ЕҰУ «Физикалық ғылымдары» бағытында топ 801+-ке кіреді.

Бұл ЕҰУ-дің Қазақстандағы жоғары оқу орындарына деген сұраныстың Ұлттық рейтингісінде көшбасшылығын растап қана қоймайды, сонымен қатар мұндай жоғары жетістіктер – физика-техникалық факультеттің ұжымы атқарған жұмыстардың да жемісі.

Жоғары оқу орындары үшін шетелдік ғалымдармен әріптестік қарым-қатынастар, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу де аса маңызды. Факультет ғалымдарының соңғы бес жылда жариялаған ғылыми жұмыстарының 45 пайызы шетелдік әріптестерімен бірлесе жазылған. Шетелдік ғалымдармен әріптестік жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми аренадағы академиялық беделін көрсетеді. Атап айтқанда, Халықаралық ғылыми зерттеулерге мониторинг жасау мен талдауға арналған SciVal онлайн-платформасы мәліметтері бойынша, Қазақстан ғалымдарының соңғы бес жыл ішіндегі ғылыми жарияланымдары көрсеткішіндегі алғашқы үштікті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физика-техникалық факультетінің ғалымдары Р.Мырзақұлов, М.Здоровец,  А.Козловский құрайды.

Мұндай ірі жетістік – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ физика-техникалық факультеті ғалымдарының сапалы зерттеулер жүргізіп, әлемдік ғылымға үлес қосуының жарқын көрінісі. Жалпы, факультетімізде Қазақстан және әлем ғылымы үшін заманауи маңызды мәселелер: баламалы энергетика және технологиялар, функционалдық материалдар, ядролық физика және технологиялар, радиоэкология, наноматериалдар және нанотехнологиялар, гравитация және космология, ғарыштық технологиялар, телекоммуникациялық технологиялар салалары бойынша ғылыми ізденістер белсенді жүргізілуде. Факультетте ғылыми жобалар саны тұрақты өсіп келеді және заманға сай жабдықталған жаңа зертханалар құрылуда. Қазіргі уақытта факультетте 35 ғылыми жоба іске асырылуда.

Физика-техникалық факультеті Ядролық физика институты, Ресейдің Н.Э.Бауман атындағы ММТУ, Ядролық зерттеулер біріккен институты, Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік телекоммуникациялар университеті, Томск политехникалық университеті, Латвия университеті, Н.Ф.Решетнев атындағы Сібір мемлекеттік аэроғарыш университеті, АҚШ-тың Калифорния, Флорида университеттері, Берлин техникалық университеті, Дрезден техникалық университеті, Түркияның Билкент университеті, Үндістанның Шарда университеті, Париж университеті, Чехияның Брно техникалық университеті, Италияның Ла Сапиенца университеті секілді ірі ғылыми орталықтармен әріптестік қарым-қатынаста.

Шетелдік университеттермен бірлесе қос диплом бағдарламасы және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Білім алушылар үшін академиялық ұтқырлық және тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша ЖОО саны артуда. Сонымен қатар, өзге шет елден келушілерге арналған «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы да танымал бола түсуде.

ЕҰУ «Ядролық технологиялар саласындағы мамандарды оқыту және даярлау (STAR-NET)» аймақтық желісінің, ТМД Желілік университетінің, ШЫҰ университетінің және Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылыми-білім беру консорциумының мүшесі болып табылады. Бұл көрсеткіштер ЕҰУ-дің рейтингілердегі алға жылжуының маңызды факторлары.

Қорыта айтқанда, қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік академиялық рейтингтерге қатысуы – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші, сондай-ақ сапаны арттырудың нәтижесі. Ендеше, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін бұл әлемдік білім кеңістігінде өз орнын табу және жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін білім сапасының әлемдік стандарттарына бағдарлануын білдіреді. Сонымен қатар, білімді интернационалдандыру – халықаралық, мәдениетаралық немесе жаһандық өлшемдердің жоғары білімнің мақсатына, функциялары мен үдерістеріне ықпалдасу үдерісі.

 

Шолпан ГИНИЯТОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физика-техникалық факультетінің декан орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
ЖОО  ең үздік оқытушысы -2019,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий