Ұстаз есімі ұлықталмақ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты «Ұстаз – ұлы есім» атты педагог мәртебесіне арналған он күндігінің ашылу салтанатын өткізді.

  

Онлайн және офлайн форматта өткен іс-шара «Ұлы тұлғалар» тақырыбындағы сахналық көрініспен ашылды. Алғашқы құттықтау сөз алған университет ректоры, п.ғ.д., профессор Махметғали Нұрғалиұлы іс-шараның маңыздылығын айтып өтті.

-Ұстаз мәртебесіне арналған бұл жиын Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Бауыржан Момышұлы сынды ұлы тұлғалардың мерейлі даталарын қамтымақ. Бұл бастаманың тәрбиелік мәні зор. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы тұлғаларымыздың өмірін, еңбектерін білу, зерттеп, зерделей түсу. Сол арқылы жастарымызға дұрыс тәрбие беру, – деген университет ректоры «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Көпбосынқызына алғысын айтып, сәттілік тіледі.

Іс-шара ұстаз мәртебесіне арналған  ашық сұхбат алаңында жалғасын тапты. Педагог мәртебесін негізге алған сұхбатта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Аягүл Төреқызы алғаш болып, өз пікірін білдірді.

– Төрт құбыламыз теңескен бейбіт заманда ұрпақ тәрбиесі алғашқы орындағы маңызды іс болмақ. Ұстаздық – теңіздей терең дүние, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру ұстаздың қолында. Тәрбиенің негізі отбасынан басталып, ұстаздың ұстаханасында жалғасады. Аяулы ұстаздар қауымына артылар жүк ауыр, – деген Аягүл Төреқызы ZOOM платформасы арқылы қатысып отырған барша ұстаздардың елеулі еңбектерінің жемісті болуын тіледі.

Келесі сөз кезегін алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Махақызы танымы мен тағылымы мол білім ордасы болашақ педагогтерді тәрбиелеуде үлкен үлес қосып отырғанын айтты. 

-Білім басқармасы жоғары оқу орындарымен біріге жұмыс істеуге дайын. Мүддеміз де, мақсатымыз да бір. Білім беру ісіндегі негізгі мәселе – қашықтан оқытуға бейімделу болып отыр. Шыны керек, біз оған дайын болмай шықтық. Техникалық мүмкіндіктен бөлек, мұғалімдердің компьютерлік сауаттылығының төмендігі біраз кедергі болды. Осы тұста маман даярлауда қашықтан білім беруге арнайы даярлауымыз керек екенін аңғардық. Ауылдарда мәселе тіпті күрделі. Ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуымыз керек, – деді Гүлнар Махақызы.

Басқарма басшысы өз сөзінде осы жылы 104 алтын белгі иегері педагогика мамандықтарын таңдағанын айтып, озық білімді жастардың педагогика саласына келуі мұғалім мәртебесін көтерумен қатар, сапасын да жоғарылататынын жеткізді.   

Өз пікірін ортаға салған университеттің бірінші проректоры Ержан Әмірбекұлы институт құрамында 19 кафедра барын тілге тиек етіп, оларды жақсарту мен кеңейтубойынша жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, педагог мәртебесін көтеруде жоспарға алынған бастамалармен де бөлісті. Алдағы уақытта үздік оқитын 50 студентке стипендия тағайындап, олардың білімін шетелде жалғастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 100 ерікті студенттің қала мектептерінде оқушыларға тегін қосымша сабақ өткізу жобасы барын да жеткізді.

Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айша Жолдасбекова мектептегі білім берудің жаңаша форматтарымен бөлісті. Яғни осы мектепте оқушылар «Шаңырақ» жүйесімен оқиды. Бұл жүйе бойынша үлкен сынып оқушысы кіші сынып оқушысының сабағына көмектесіп, үлгерімін де қадағалайды. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда да қолғабыс етеді. Осылайша балалар бір-біріне көмектесе отырып, білім алады, әрі үлкен кішіге қамқор болады. Айша Жолдасбекова Назарбаев зияткерлік мектебінде қолға алынған түрлі жобаларға, атап айтсақ, «Даналық есебі», «Ауылдағы 10 күн», «Туған өлке», «Ұлы ақындар»,  «Мен білетін мақал-мәтелдер», «Ата-ананың мектептегі бір күні» жобаларының мән-маңызына тоқталды. Әрі бұл жобалардың басқа мектептерде де енгізуде жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Ашық сұхбат алаңында өз ойын ортаға салған институт директоры Орынқыз Көпбосынқызы қашықтан оқыту кезінде ата-анаға үлкен жүк артылғанын, бұл оларға оңайға соқпағанын айтты. Сондай-ақ, бала тәрбиесінде ер азаматтардың атсалыспауы үлкен олқылық екенін де жеткізді. Жуырда оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар арасында сауалнама жүргізілгенін де хабарлады.

Білім беру ісіндегі мәселелерге, ұстаз мәртебесіне арналған сұхбат алаңында ардагер ұстаздар, мектеп директорлары өз ойларымен бөлісіп, пікіралмасты.

 

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің Медиа-қызмет тілшісі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий