Әлемнің болашағы білімге байлаулы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы әсіресе жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Білім саласындағы цифррландыру мәселесіне ерекше тоқталып, әрбір Қазақстандықтың өз білімін үнемі тереңдете берудің қажеттілігін баса айта отырып, сапалы әрі жүйелі білімсіз қазіргі әлемдегі  реформалар мен тың бастамалардың қатарында болу мүмкін еместігін де ескертті. Мұндай келелі бастаманы университет ұжымы шын ықыласпен қабылдап, сапалы білім беру ісін одан да тереңдете түсуді өздеріне мақсат етті.

Жетпіс бес жылдан астам тарихы бар, үшінші мегаполистегі қара шаңырақ М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 1943 жылдың маусымында құрылған. Қазіргі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде әртүрлі қызметте жүрген университетіміздің түлектерін мақтанышпен айта аламыз. Олар өз еліміздің де экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени салада өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Ағымдағы жыл туылғанына 1175 жыл толып отырған Шығыстың ойшылы әл-Фараби мен дүниеге келгеніне 175 жыл толып отырған, иісі Түркі жұртына ортақ дана Абайдың мерейтойлары.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер Түрігім туып өскен, – деп жырлаған Мағжанның арманы орындалды десек артық айтқандық емес. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты және «адамзат баласының алдында үш айғақты зор міндет тұр: бірі – бейбітшілікті, екіншісі – руханиятты, үшіншісі – табиғатты қорғау һәм сақтап қалу. Бұлардың қай-қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бұлар бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстанның ғана емес бүкіл әлемнің болашағы байлаулы» деген болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 1 қыркүйекте барша отандастарымызға арнаған Жолдауында «…ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WһatsApp»-тан бас көтермейтін болды» деген сөзі бекер емес. 

«Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғасымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген сөзін темірқазық етіп ұстанған біздің ғалымдарымыз да осы бағытта аянбай еңбек етіп келеді. Бұл дегеніміз кешегі аталарымыз не істеген, бүгінгі ағаларымыз не істеп отыр деген сұраққа жауап. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Еуропалық ғылыми-өндірістік палатасы өткізетін «Әлемдік университеттердің академиялық рейтингі – Еуропалық стандарт (ARES)» халықаралық рейтингінің ең жоғары санатына (А категорисы, А +  категориясы) енді. Тіпті үстіміздегі жылы QS World University Rankings-2020 әлемдік университеттік рейтингісі бойынша ТОП-500 әлемдік үздік университеттер позициясын сақтап қалды және Қазақстан университеттерінің арасында бесінші қатардан 3-орынға жоғарылады.

Бұл шынында да үлкен абырой. Университетте 95 бакалавриат, 61 магистратура және 19 докторантура білім беру бағдарламалары бойынша 21000-нан астам студент білім алады. Бұл сөз жоқ біздің жоғары оқу орнының үлкен құрылым екендігінің дәлелі. Сонымен қатар ұйымшыл ұжым осыдан екі жыл бұрын, яғни 2018 жылдың қараша айында 75 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткен болатын. Дәл осы мерейтойдың құрметіне орай университет  жанынан «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы шымылдығын түрді. Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлының ұлы Мұрат Әуезов, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы мемориалдық-мұражай үйінің директоры Диар Қонаев, Қуаныш Сұлтанов, Дархан Мыңбай, ҚР ЖОО ректорлары және өзге де қоғам қайраткерлері орталықтың салтанатты түрде ашылу рәсімінің куәсі болды.

Ел Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайды-ң қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек, деген болатын. Мемлекет басшысының ұлы ақынның қара сөздеріне баса мән беруі де тектен-тек емес.  Манағы айтып өткеніміздей биылғы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында дәл осы «Мұхтартану» ғылыми орталығы абайтану ғылымының жаңаша сипатқа ие болу мақсатында елеулі жұмыстарға мұрындық болды.

Атап айтқанда орталық басшысы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының абайтанудан 10 томдық еңбегі жарық көрді. Бұдан бөлек «Мұхтартану» ғылыми орталығының қызметкерлері Абай Құнанбайұлының ең басты шығармасы болып табылатын, біз осы күнге дейін «отыз сегізінші қара сөз» деп атап келген, шағатай тілінде жазылған «Китаб тасдиқ» еңбегіне қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет текстологиялық-терминологиялық сараптама жүргізе отырып, мәтіннің толық транскрипциясын жасап шықты. «Мұхтартану» ҒО-ның ғалымдары тек транскрипциямен шектеліп қана қоймай, туындының араб-парсы сөздерінен тұратын 400-ге жуық сөздігін жүйелі түрде жасап, университет басшылығының қолдауымен арнайы ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Сөз жоқ, бұл жұмыстар біздің ғылым әлемінде жар салып мақтанышпен айтатын  дүниелер.

Республикамыздың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу жеңілге түседі. Тоталитарлық қоғам атаулының аңсайтыны да сол. Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды?! Қалай мойындайды?! Алаңдайтын ештеңе жоқ. Жазыңыздар. Жариялаңыздар. Жинап, зерттеңіздер. «Қазақ әдебиеті мен тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», – деп атап өткен еді. Бүгінгі Түркістанымыз тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл Түркі жұртының басын қосып, ұйымдастыратын деңгейге көтерілді.

Біз осындай руханият байлығы бойынша қандай бәсекеге болсын қабілетті ел екенімізді бүкіл әлемге көрсете аламыз. Яғни, бұл – қазақ халқының әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына еніп, ең дамыған отыз мемлекеттің құрамында еңсесін биік ұстай алатын ел екендігін дәлелдеуге жасалған шешім болатын. Одан кейінгі жылдары да тарихымыз бен әдебиетімізге қатысты ойларын айтып, әр жылы зиялы қауымға қозғау салып отырған еді. Дегенмен айтылған сөзден шығарылған жарлықтың күші басым екенін түсінген Елбасы Үкіметтің 2001 жылғы 11 маусымдағы № 797 қаулысымен бекітілген ҚР Мұрағат ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасының, Қазақстан Республикасы мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттарды және құжаттаманы басқару жөніндегі комитет төрағасының 2001 жылы 16 қарашадағы №65 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы үшін тарихи және мәдени құндылығы бар шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстанның ХV-ХХ ғасырлар тарихы бойынша құжаттар көшірмелерін іздестіру және алу шараларының бағдарламасының» қабылдануына ықпал жасады.

Осы бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын (2003) жариялап, онда халқымыздың аса бай мәдени мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, бастыру және жаңғырту мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Жолдауын «Рухы мықты ел ғана мықты мемлекет құра алады» деп бастаған Елбасы: «Халықтың мол мұрасын, соның ішінде осы заманғы мәдениетін, фольклорын, дәстүрі мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау қажет» деп айқын тапсырма беріп, «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекет мәдениетіне қолдау көрсететін «Стратегиялық Ұлттық Жоба» деп атады. Елімізді еңселі елдер қатарына қосу мақсатында 2006 жылғы 1 наурызда «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» мен 2014 жылғы 17 қаңтарда «Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығын жариялады.

Алғашқы Жарлығында ғалымдарға қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетіне байланысты шет ел архивтерінде, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінде сақталған ұлттық мұралардың құнды деректерін іздестіру және оларды алу шараларын қарастыруды айтса, соңғы Жарлығының «Қазақстанның 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді дамуының негізгі стратегиялық бағыттары» бабының 3-4 тармағын ғылым мен мәдени мұра саласына арнап, ғылымға баса көңіл аударады. Онда «Мәдени мұра» бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі, ұлттық мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың стратегиялық ұстанымын айқындайтын, жаңадан қалыптасып жатқан Қазақстандық қауымдастықтың әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын танытатын маңызды жобалар орындалды. Жалғасын табатынына сенімдімін» деген болатын.

Университет ғалымдары бұл салада да қол қусырып отырмады. Талай іргелі ғылыми жобалар орындалып, нәтижесінде Қазақстан ғылымына түрлі салада жаңалықтар еніп, жарияланымы жоғары әлемдік деңгейдегі журналдарда ғылыми мақалалар жарияланып, монографиялар жарық көрді. Биылғы жылдың қаңтар айында ел газеті «Егемен Қазақстанға» ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» көлемді мақаласы жарық көрді. Мемлекет басшысы бұл мақаласында: Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін, – деген болатын. Иә, біздің университет Мемлекет басшысының осы идеясын жүзеге асыру жолында тынымсыз еңбек етуде.

Осы ойлар тізгіні біздің құрылымы бес мыңнан асатын ұжымда 1600 ғалым қызмет ететін университет қауымының басты назарында. Университетімізден жылына бес мыңнан аса студенттер жоғары дәрежелі білім алып шығады. Қазіргі таңда университет Германияның ASIN аккредицалық агенттігінде 13 білім беру бағдарламасын халыларалық аккредитациядан өткізу арқылы инженер-техникалық сала мамандарын жоғары дәрежеде даярлай алатынын дәлелдеген Қазақстандық алғашқы жоғарғы оқу орындарының бірі екендігін мақтанышпен айта аламыз. Химия саласында «Евробакалавр» белгісін және 4 EUR ACE@ белгісін алу үшін аккредитация сәтті өтті. Университетіміз ТМД желілік университеттер аясында Ресей Халықтар достығы және Новосібір мемлекеттік университетімен бірге қажетті мамандықтар дайындауда бірлесіп отыр. Бұл да біздің халықаралық деңгейдегі байланысымызды көрсетеді.

Сондай-ақ қыркүйек айында М.Әуезов атындағы ОҚУ-де әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Аризона Мемлекеттік университетінің (АҚШ) арнайы өкілдері университетте болып бірқатар жоспарлар нақтылаған болатын. Атап айтсақ, Аризона университетімен қос дипломды білім алу бағдарламасы, академиялық мобильділік, профессор оқытушылар құрамы- ның аталған университетте іс-тәжірибеден өтуі, сондай-ақ елімізде шет ел университеттерінің өкілдіктерін ашу жөнінде де жан-жақты талқылау жүргізіліп, екі университет арасында арнайы меморандум жасалды.

Бүгінгі таңда университет ғылым мен өркениеттің мызғымас серігіне айнала отырып, классикалық және кәсіпкерлік бағыттарда жұмыс жасауға дағдылануда. Үстіміздегі жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 2020 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде Қазақстан бойынша үздік үштікке еніп, құрметті 3-орынға ие болды. Абайша айтсақ: Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін, – дегендей ғылым мен технологиялардың өркендеуіне үлесін қосатын кадрларды даярлап, шығару біздің басты мақсатымыз. Жас буынның ғылыми талғамын қалыптастыра отырып, университетті кәсіпкерлікке баулу. Бұл – сөз жоқ заман талабы.

Қазіргі таңда университетіміз ақпараттық технологиялар арқылы оқытудың қолжетімділігін пайдалана отырып, алыс аймақтағы және шет елдік студенттерге білім берудің қолжетімді етілуіне ерекше назар аударып отыр.

Сандыбай Режепұлы БОРАНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ “Әлеуметтік және
гуманитарлық ғылымдар” институтының
директоры, ф.ғ.д., доцент, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий