“Естелік – алғыс”: Тәуелсіздік және ұстаз
Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының ғұмыр бойы жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Туып өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі. Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу. Тұңғыш Президентіміздің мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді. Бұл орайда, туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлес қосып жүрген азаматтар жоқ емес екені көңіл қуантады.
Елбасы мақаласы болашақтың бағдарын айқындады, рухани жаңғыру жолын белгіледі. Яғни, «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран, мемлекеттік идеология өзегі ретінде аса құнды үндеу болып табылады. Рухани үндестік үйлесім тапқан, мәдени-рухани құндылықтарға басым мән берілген жаңғыру бағдары жұртшылықтың жігерін жанып қамшылады. Жаhандану заманында жұтылап қалмай жаңаша жаңғыруға, рухани жұтаңдықты болдырмауға шақырады. Елге мұра, ұрпаққа үлгі болатын, ұлттық сананың кемелденуін көздеген, табысқа жету тетіктері тізбектелген бұл толғауды елім деген барша азамат қолдап, қуаттайды.
Мұндағы терең ой қозғаған нақты әлеуметтік жобалар ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтініне сеніміміз мол. Ал, басты бағытының бірі – ұлттық патриотизмге негізделген «Туған жер» бағдарламасы – уақыт талабынан туындаған идеология жинағы. Туған жерге деген сүйіспеншілігін суырылып алға шығып, отансүйгіштігін нақты істермен дәлелдеп жүрген қайраткерлер, жастар, қарапайым жандар да бар. Мысалы, туған жерге деген ерекше құрметтерін адам жанына жылулық сыйлайтын қайырымдылық шаралар жасау арқылы білдіріп жатқандар бар. Сондай-ақ, жастарда ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын «Туған жер» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар білдіріп, жобаларды қолға алынуда.
Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуда. Туған жерге деген ерекше құрмет – туған жердің көсегесін көгертуге атсалысуда. Міне, туған жерді қастерлеп сүюге, туған жер қадірін арттыруға, заманауи озық өркениет үлгілерін дамытуға деген шамшырақ ұранның күштілігі осында. Отансүйгіштік идеологиясымен нұрланған әр азамат «Мен Отан үшін не істей аламын?» – деп терең ойлануы керек. Осы орайда өз үлесін ұрпақ тәрбиесін жандандыруға қосып, серпіліс енгізіп, жаңа бағыт пен бағдар беруге күш салып, туған жерден түлеп ұшып, өткенін ұмытпай қолдау көрсетіп жүрген тұлғалардың еңбегі ұшан теңіз.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында», – дегені бәрімізге белгілі. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаздардың еңбегінің жемісі. Олай дейтін себебіміз ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан. Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі жарқынырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән.
Демек, қай елдің болсын өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы білім саласының даму бағытына тікелей байланысты. Қасиетті қара шаңырақтың білім нәрімен сусындап, мұғалім деген атақты алып шығу, оқушыларға жақсы тәрбие мен білім беру үлкен ерлік. Себебі біз тәрбиелеген ұрпақ ертеңгі күні еліміздің тірегі болмақ. Тәуелсіздіктің тұғырын, еліміздің тыныштығын сақтап қалатын да солар. Сондықтан ұстаз болу – жүректің батырлығы! «Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі», – деген екен қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев.
2014 жылы көктем айында Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, №6 мектеп ұжымы, мектеп директоры Л.Т.Молдашеваның бастауымен осы Елбасы бағытын жүзеге асырып, алтын орда мектебімізге қандай тың өзгерістер енгізіп, аудан мектептері ортасында қалай көш бастаймыз деген ойды талқыға салдық. Әрине, білім мен қоса шығармашылығы терең қалыптасқан мектеп ұжымы шәкірттерімізбен ауыл-ауылды аралап, «Туған жерге тағзым» айдарымен өнерімізді көрсетіп, оқушыларымызға шабыт сыйлап, олардың көрермендер қошеметіне бөлеуіне, өздеріне деген сенімділіктерін оятуға қадам жасаудан бастады.
Бұл біз үшін үлкен жетістік болды. Осы көктем айында мектебіміздің өткен тарих белесінде қанша жылдар жас ұрпаққа тәрбие беріп, адал еңбек еткен ардагер ұстаздармен кездесу шарасын ұйымдастырдық. Өздерінің жалындаған жастық шақтарын, қатар бірге қызмет атқарған Тукубаев Берлібек аға туралы талай қызықты да, қуанышты сәттерді еске алып, тамаша дем алды. Қазақта «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген тамаша пікір бар. Сол күндері мектеп директорына Өскемен қаласынан Тукубаев Берлібек ағаның қызы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің экономика және бизнес факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Рахметулина Жібек Берлібекқызы хабарласады.
Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика және кәсіпкерлік кафедрасының профессоры, 15 монографияның, 27 оқулықтың, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің авторлық құқық объектісіне 40 сертификаттың авторы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Университеттің үздік оқытушысы-2014» грантының иегері, «Үздік әдіскер -2014» республикалық байқауының жеңімпазы. Жібек Берлібекқызы АРТА Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының 2018 жылғы профессорлық-оқытушылар құрамының Бас рейтингінің нәтижелері бойынша ТОП-50 ғалымдардың тізіміне кіреді.
Жібек Берлібекқызы Елбасы бастамасын қолдай отырып, «Туған жерге тағзым» айдарымен әкесі еңбек еткен мектеп ұжымымен танысып, өзі қызмет атқаратын жоғары оқу орнымен шәкірттер арасында тығыз қатынас орнатып, сұранысқа ие тақырыптарда ұстаздар мен оқушылар арасында конференциялар мен семинар өткізіп, тағы да қажетті жағдайлар жасасам деген бастама ойын жеткізеді. Әрине, заманауи жағдайда оқушыларды жаңа технологиялармен қамту ол кезде қиындау еді. Ж.Б. Рахметулина әке есімін ұрпақтар есінде мәңгі сақтау мақсатында, Елбасы бастамасын қолдап, мектебімізден ардагер ұстаз, ұстаз-әке Берлібек Әбікеұлы Тукубаев атындағы компьютерлер, принтерлер, интерактивті тақта, столдар, орындықтар, кітаптармен жабдықталған химия-биология кабинетін ашады.
Кеңсені ашпас бұрын, олар осы кеңсеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді, жиһазбен жабдықтады. «Қуан сен қуана бер әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын» деп ақын жырлағандай, 2014 жылдың 16 мамырында әкесі атындағы кабинеттің салтанатты ашылуына анасымен, ұжымдастарымен келген Жібек Берлібекқызымен кездесу сәті біз үшін ұмытылмас кез. Бұл Аягөз ауданындағы жасалған игі бастаманың ең алғашқы тұсау кесері еді. Одан бері де талай іш-шараны мектеп, аудан көлемінде ұйымдастырған профессор Ж.Б. Рахметулина 10-11 класс оқушылары арасында экономика негіздері пәні бойынша олимпиада өткізіп, талай оқушыларымыз Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері атанды.
Бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі екеніне дау жоқ. Шыныда да ауыл мен азамат арасындағы құрметтің алтын көпірін салған Жібек Берлібекқызының бастамасынан кейін, аудан көлемінде, мектебімізде де бірнеше кабинеттер ашылып, жаңа технологиямен жабдықталып, жас ұрпақтың терең білім алуына жағдай жасалынды. «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, өз жылдарында, өз ортасында адал тынымсыз еңбек еткен Берлібек Әбікеұлы Тукубаев ағамыз қоғам мен отбасы тәрбиесін тең ұстап үлгі болғандығын, бүгінгі артында қалған ізі, өмірінің куәсі балаларының ақ адал еңбегі мен тәрбиелілігінен көреміз. «Әке көрген-оқ жонар» деген. Көңілі адал, пейілі кең, ешқандай лауазымын биік қоймайтын адамды кездестіре беру сирек шығар деп ойлаймын.
Бүгінде елордасында қажырлы қызметін жалғастырып келе жатқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жібек Берлібекқызына кез-келген уақытта байланысқа шықсаң, шын ниетімен жауап беретіне қайран қаламын. Бұл қанмен сіңген ұлттық тәрбие. Оны өзгерту мүмкін емес. Адалдық пен шынайылықты, қамқор, сезімтал болуды отбасында бойына сіңірген Жібек Берлібекқызы шынымен де ерекше жан. Әкесі атындағы кабинетке 2016 жылы ЭКСПО қарсаңында атбасын тіреп, арнайы мамандармен келіп кездесу семинар өткізді. Біз де оқушылармен тақырыптық монтаж дайындап қарсы алдық. Осы жолы Жібек Берлібекқызы атынан «Сағыныш» деген тақырыпта әкеге арналған монолог жазып, оқушыма оқыттым.
Сол сәттегі әкесін сағынған қыздың бейнесін көрсеңіз ғой. Көзі боталап, қатты толқыды. Адал пейілімен риза болды. Адамның сағынышы мен құрметін ерекше жеткізген оқушыма ақ тілегін айтты. Ол кісінің сөзінде қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің иісі бұрқырап тұрған еді. Жібек Берлібекқызы оқушыма: “Бақытты бол, мен сондай толқыдым. Білесің бе, қыз баланың бақытты болуы, оның жолықтырған, қателеспей шыққан жарының арқасында болады. Менің жолдасымдай асыл жар кездессін саған, – деді. Шағын сыйлығын да беріп кетті. Арнайы айтылған тілек менің де, сол оқушымның да санасында жарқырап тұрады.
Биылғы жаз айында қоғамда болып жатқан қиыншылықтан ешқайда шыға алмай, жылдар бойы жасаған еңбегімді шағын кітапша етіп шығарудың жолын білмей, білсем қаржым жетпей жүрген кезім еді. Бірде, Жібек Берлібекқызының Абай тақырыбына жазған мақаласын оқып, хабарласып құттықтадым және Абайдың «Толық адам» ілімін зерттеп, ғылыми жоба жазып жүргенімді айттым. Ол кісі амандасып, хал-жағдайымды, балаларымды, жұмыстағы жаңалықтарды сұрап біраз әңгімелестік. Шығармашылық жұмыстар туралы әңгіме қозғалды да, ойымда түк жоқ, кітабымды шығара алмай жүргенімді сөз еттім. Кітап не жайында екенін сұраған ұстаз, тез арада өзінің электрондық поштасын беріп, жұмысымды соған салуды сұрады.
Шынымды айтсам мен мұндайды күтпеген едім, сасып, әбдіреп, ыңғайсыз екенін айтып жатырмын. Ал, профессор Ж.Б. Рахметулина үш айдың көлемінде кітапты да, кітаптың электронды нұсқасын да шығарып, почтама салып жіберді. Бар шығынын өзі көтерді. Бұл не қылған қарапайымдылық десеңізші… Сенің жазған монологыңның өтеуі болсын дейді. Малақайын аспанға атып қуандым деген болушы еді. Бұл қуаныш менің отыз жылдық ұстаздық жолымның ең биік шыңы деп ойлаймын. Алғысымды қалай жеткіземін деп ойланып жүремін. Ақыры қолыма қалам алып, естелік алғыс жазсам деп ойладым. Міне, Тәуелсіздіктің де отыз жыл болады, ақ таңы арайлап атып келеді. Ғұмырын осы жас елдің ертеңі болатын ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан ұстаз есімі -Тәуелсіз деген ұғыммен қатар келетініне ешкім шек келтірмес. Тәуелсіздік және ұстаз!
Бұл – ғажайып ұғым. Сол есімдердің ішінде Жібек Берлібекқызы Рахметулинаның еңбегі мен Отанға жан тәнімен берілген адалдығы, кең пейілі таңда туған шолпандай жарқыратып тұрғаны, ол кісіні танитын барлық адамдарға аян екенін білемін. Халық даналығында «Шөлге құдық қазған, Өзенге көпір салған, Жолға ағаш еккен» деген адамгершілік нақылы бар. Біз білетін Жібек Берлібековна алғаш ұрпақ атынанан туған жерге қазық қаққан, жас ұрпаққа қамқор болатын іс бастаған, ұстаз мамандарға тәжірибе алмасатын іс-шаралардың бастауымен үлгі бола білген – Тәуелсіздіктің ұстазы. Жұлдызыңыз биік болсын демекпін!!!
Жанар Саяжанқызы АЛПЫСБАЕВА,
“№6 жалпы білім беретін орта мектеп
жанындағы интернат” КММ қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысы