Ұлы даланың ұлы тұлғасы ұлықталды

Тарихты білмей тұрып қазіргінің қадіріне жету, болашақты болжау қиын дейтін ғылымның өз қағидасы бар. Өміріміздің даму барысын дұрыс түсініп, ғылымның бүгіні мен ертеңін танып, бағдарлап отыруда ғылым тарихы маңызды орын алады. Расында, адамзаттың жинақталған материалдық байлықтары қандай ұшан-теңіз болса, оның рухани байлығының қоры да сондай көп. Бұлардың бәрі – баршаға бірдей ортақ қазына. Сол мәдени мұраны талдап, іріктей білу, оны бағалай білу, халыққа жеткізу – кейінгі ұрпақтың абыройлы міндеті. 

Осы кездегі сан салалы ғылым мен мәдениетті жасауға талай елдің, талай ұрпақтың таңдаулы өкілдері қатысты. Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынын көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс, араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» дей келе, тарихи сананы жаңғырту үшін, алға даму үшін ең алдымен ұлтымыздың ұлы ойшылдары мен қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін, пайымды ой-пікірлерін елге, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керек екеніне ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 2019 жылғы Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады» деген болатын. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.

Әл-Фарабидің еңбектері ортағасырлық философия мен Ренессанс философиясының негізін құрады. Ол араб әлемінің ғылымын еуропаландыруға, ғылыми білімді жүйелеуде мол еңбек сіңірді. Әл-Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен, ең алдымен, Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп жармай «Қос Фараби» деп те атайды. Сондай-ақ еңбектері ұлы ұстаз еңбектерімен сабақтасып жатқан ұлы ғалымдар Беруни, Бозжани, Омар Хайямдар да өздерін Әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Бұл ұлы ғұламаның өзінен кейінгі талай ұлыларға да үлгі болғанын көрсетеді.

Сондықтан ойшылдың мерейтойы биыл ЮНЕСКО-да атаулы күндер тізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асқан ЮНЕСКО-ның бұл шешімі ғалымның Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған кемеңгер тұлғаның Тәуелсіз Қазақстанның, қазақ халқының үлесінде болуын орнықтыра түсетін тарихи сәт. Біз әл-Фарабиді, Абайды насихаттау арқылы Қазақстанды насихаттаймыз. Қазақ елін танытамыз. Мерейтойдың басты мақсаты да әл-Фараби мұрасын зерделеуде жаңа серпін беріп, әлем тарихындағы рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау. Сондықтан біз әл-Фараби бабамызды насихаттау арқылы елімізді әлемге танытамыз.

Бүгінде білім басқармасы тарапынан әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылып, өтуде. «Ұлылар үндестігі» тақырыбында Абай мен әл-Фарабиге  арналған балалар қолынан жасалған туындылар көрмесі мен кітап көрмелері өтті. «Ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты айлық аясында «Ұстаздың оралуы» атты ашық тәрбие сағаттары, «Әлемнің екінші  ұстазы» тақырыбында математика пәні бойынша білім сайыстары, жазушы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты шығармасының желісі бойынша сахналық қойылымдар, «Әбу Насыр әл-Фараби ізімен» атты интеллектуалды сайыс, «Метафизикадан кейін ғылым жоқ» атты арнайы танымдық дөңгелек  үстел жүргізілсе, 9-11 сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында «Әл-Фараби және Абай» тақырыбында латын әліпбиін қолданып диктант жазу ұйымдастырылды.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы мен Алматы облысының білім басқармасы бірлесіп шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай «Ұлы даланың Ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өткізді. Конференция жұмысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері А.Т.Қайыпбаева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия ғылымдарының докторы, профессор, фарабитанушы Ж.А.Алтаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Ахмет Ясауи атындағы «Дінтану» ғылыми-сараптамалық және әдістемелік орталығының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Т.Кенжетаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті докторанты, түркітанушы Ө.О.Тұяқбаев шығыстың ғұлама ойшылы, әмбебап ғалым әл-Фарабидің әлем өркениетіне қосқан үлесі, араб әдебиетіндегі Әбу Насыр әл-Фараби образы және оның оқушы тұлғасын қалыптастырудағы маңызы, әл-Фараби мұрасының үлгілік оқу бағдарламалары білім мазмұнында қамтылуы  жөнінде сөз қозғап, ой бөлісті.

Конференция жұмысы тәжірибелік алаңда жалғасып, республиканың әр өңірінен педагогтар әл-Фарабидің математикалық трактаттары, жаратылыстанушылық көзқарастары, әдебиетке қатысты ойлары, әл-Фараби және заманауи ұрпақ тәрбиесінің сабақтастығы, білім мен ғылымдардың  дамуына қосқан үлесі жайлы қызықты тақырыптарда сөз қозғап, ой бөлісті. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында ұлы ғалымның тұжырымдамалары, ғылыми – философиялық мұрасын танытуда «Фарабитану» курсы оқытылса деген ұсыныстар айтылды. Әрине, әл-Фараби және оның шәкірттерінің ғылым мен мәдениетті дамытудағы орнын анықтау, ғылыми мұраларын мұқият зерттеу – аса маңызды жұмыс. Фараби бабамыз­дың мұраларын зерттеу, келер ұрпаққа жеткізу, насихаттау бағытындағы жұмыстар әлі де өз жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Алматы облыстық білім беруді
дамыту
оқу-әдістемелік орталығы,
Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий