Елбасы жолы: Тәрбие мен үлгінің сарқылмас қазынасы

Әр жыл сайынғы желтоқсан айының 1-інде айрықша аталып өтілетін Тұңғыш Президент күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет алдындағы жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылған болса, кейіннен бүкіл елден қолдау таба білген жалпы халықтық мейрамға айналды.

Бұл мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мейрамның маңызы да ерекше және тағылымдық тарихы да тереңде. Тәуелсіздіктің туы желбіреген 1991 жылдың 1 желтоқсанында алғаш рет жалпы халықтық сайлау өтіп, саяси және экономикалық даму жолын дербес айқындауға толық құқығы бары мен шекара аумағы сынды ұлттық ерекшеліктерін әлемнің дамыған мемлекеттері мойындаған азат елдің іргесін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы тұңғыш рет Мемлекет басшылығына бірауыздан сайланды. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға болашақ тағдырын тапсырған барша отандастарымыздың жауапты таңдауы болды.

Ұлт көшбасшысына айналған тарихи тұлғаның қажырлы қайраткерлігі мен салиқалы саясатының нәтижесінде ғасырлар бойы бостандық үшін күрескен табанды жұртымыздың бейбіт заманы қалыптасып, тарихымыз түгенделді. Діліміз бен дінімізге қоса тіліміз бен мәдениетіміз қайта оралды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, жұртымыздың мәртебесін жоғары халықаралық деңгейге көтерді. Нәтижесінде еңселі еліміз Еуразия кеңестігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында мемлекетімізде 130-дан астам ұлт өкілдері ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешуде. Тұңғыш Президент білім саласының дамуына, педагогтардың мәртебесін көтеруге, жас мамандарға қолдау жасауға, заманауи талаптарға сай мектептерді салуға аса назар бөлді.  Қазақстандық жастар әлемдік деңгейде білім алуына қол жеткізіп қоймай, Батыстың, Еуропаның, Жапонияның және алдыңғы қатардағы шет елдерде алған білімдерін өнідірісте шыңдауға мүмкіндік алды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 24 мамырдағы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» өкімін жүзеге асыру мақсатында оқушылардың табиғи интеллектiлiк қабiлеттерiн жан-жақты дамыту үшiн ерекше жағдайлар жасау мақсатында республикамыздың әр аймағында дарынды балаларға арналған мектептер ашылады бастады.

Қостанай облысы әкімінің 2000 жылдың 18 сәуіріндегі «Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды ашу туралы» шешімі негізінде, Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 лицей-интернаты дарынды балаларға арналған мемлекеттік тілде оқытатын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты болып қайта ұйымдастырылды. Жиырма жылдың ішінде Ыбырай атамыз негізін қалап, кейін мамандандырылған мектеп – интернат мәртебесіне қол жеткізген білім ордасынан мыңға жуық дарынды шәкірт заманауи талаптарға сай білім алып, еліміздің сан саласында қызмет етуде.

Жуырда Тұңғыш Президент күнін мектебіміздің ұстаздар ұжымы мен оқушыс жастар карантиндік сақтық шараларын қатаң сақтау арқылы қашықтан ерекше атап өтті. Себебі елі сүйген, елін сүйген Елбасының қайраткерлік өмір және еңбек жолы қазіргі өрендерге тәрбие мен үлгінің сарқылмас қазынасы.

Ырсалды КЕЛИНБЕРДИЕВА,
Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған
мектеп интернаттың директоры, Қостанай облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий