Кітап – білім бұлағы

Шымкентте «Кітап FEST» фестивалі алғаш рет ұйымдастырылды. Тұңғыш Президент күніне арнап кітап оқу, кітапқа деген құштарлықты насихаттау үшін, іс-шараны үшінші мегаполистегі ішкі саясат және жастар ісі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі ұйымдастырды. Шараға өңірдің зиялы қауымы, кітапхана оқырмандары, студенттері және жалпы қала тұрғындары қатысты.

Фестиваль қараша айының соңында басталып, желтоқсанның алғашқы аптасына жалғасты. Бірінші күні фестивальды мегаполистің қала әкімінің бірінші орынбасары Мұқан Шынғыс Жұмабекұлы «Кітап – адамзаттың баға жетпес байлығы, ғылым көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды форматтың қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың тәрбиелік рөлі ешқашан өз маңызын жоғалтпайтынын, сонымен бірге кітапханалардың кітап қорын жаңартуға және толықтыруға басымдық беру керектігін тапсырған болатын.

Шынымды айтсам, адамдар осы күндері кітап оқу дағдыларын жоғалтуда. АҚШ – та ата – аналар балаларына күніне 30 минут кітап оқуы керек. Жоспарланған шараның басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқырманның оқуға деген қызығушылығын арттыру. Осы фестивальге келген әр оқырман, өзінің кітаптарының бірін арнайы ашылған «Балаларға базарлық» қайырымдылық бұрышына қалдыра алады. Онда жиналған кітаптарды еріктілердің көмегімен қаламыздың аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына сыйға тартады, – деген сөз толғауымен фестивальдің шымылдығы түрілді.

Келген қонақтар кітап көрмесімен, баспалармен танысып, керемет көріністер мен композицияларды тамашалады. Және де бірінші күннің бағдарламасында «Жебе» баспа үйінің «Кемеңгер. Дана Көшбасшы» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шара Тұңғыш Президент күні мерекесімен байланысты болғандықтан, оқырмандарға таныстырылған жаңа кітап жайында Елбасының сыныптасы Роза Төлемісова мен Қазақстанның құрметті журналисті Байдулла Қонысбек Елбасының қайраткерлік еңбектері туралы толғана тебіреніп айтып берді. Бұдан бөлек оқырмандар фестивальда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды ​​және Шымкент қалаларының баспаларымен, кітап дүкендерімен және кітапханаларымен танысып, оқырман баспамен ашық түрде диалог жүргізе алды.

Екінші күні фестивальда М.Әуезов атындағы ОҚУ рухани жаңғыру бөлімінің «Жас тілші» блогерлер клубының ашылуы болып, Абайдың 175 жылдығына орай А.Құнанбайұлының өлеңдері және Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Әл-Фарабидің трактаттарынан әдеби композицияларының шоу бағдарламасымен толықты. «Фолиант» және «Қазақ университеті» баспа үйлері жиналғандарға жаңа өнімдерін таныстырды. Әрине бұндай керемет іс-шара болып жатқанда, сұхбат алмау мүмкін болмады.

Сол себептен мен «Shugylakitap» баспасының директоры Людмила Кирилинскаядан кәсіби қызметтеріне қатысты сұрақтар қойып, сұхбат алдым. Әңгімелесу барысында атқарылған жұмыстарды баяндап берді.  Людмила Всеволодовна, сіздің ұжымның жұмыс жасап жатқанына қанша уақыт болды? – Біздің баспаханамыз еліміздің аумағында отыз жылдай жұмыс жасауда. Қандай бағыттағы өнімдер ұсынудасыздар? – Біздің негізгі міндетіміз, кішкентай балаларға арнап қызықты кітаптар шығару.

Басты мақсаттарыңыз бен қандай ерекшеліктеріңіз бар? – Қазіргі заманда кішкентай балдарды қызықтыру өте қиын, біздің ең басты мақсатымыз, балдарды кітаптағы қызықты суреттер мен анимациялар арқылы кітап оқуға деген ынтасын ашу. Біздің баспамызда өте талантты Ә.Қастаеевтің немерелері суретші болып жұмыс жасайды. Жақында олар, Лондон қаласында өткізілген кітап көрмесінде, иллюстратор ретінде бірінші орын иеленді. Ал егер баспаханамыздың ерекшеліктеріне келетін болсақ, жоғарыда айтып кеткендей, біздің ең басты ерекшелігіміз, балаларға кез-келген ақпаратты қызықты әрі мазмұнды етіп жеткізу.

«Финансик» атауымен жаңа кітап басылды бізден жақында. Бұл шығарма арқылы балаларды қаржы мәселесімен таныстырып, ақшамен қалай жұмыс жасау керектігін үйретеміз. «Балапан» теле арнасы арқылы қазақша, «Ел-арна» бойынша орысша әліппені үйрететін бейне баяндар көрсетуге кірістік. Қорытындылай келе айтарым: «Күш – білімде, білім – кітапта». Кітап – білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал екенін әрдайым жадымызда сақтауымыз қажет.

Көркем Болысбекқызы УСИБАЛИЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ журналистика
мамандығының 1 курс студенті, Шымкент қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий