Отандық тарихшылар ұлттық конгресте бас қосты
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде Тарихшылардың ұлттық конгресінің VIII отырысы ұйымдастырылды. Офлайн және онлайн форматта өткізілген жиынды кіріспе сөзбен ашқан ЕҰУ ректоры, Тарихшылардың ұлттық конгресі басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов биылғы жыл Ұлттың ой қазынасының алыптары жаңашыл сипатта ұлықталып, мемлекеттілігіміздің іргелі кезеңі тарихи санатта зерделенген айырықша жыл болғанын ерекше атады, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Атап айтар болсақ, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары және «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығы арнасында отандық ғылыми зерттеулердің тиімділігін, оның қоғамдық сананы жаңғыртуға және елдің тұрақты дамуына қосар үлесін арттыру мақсатында Тарихшылардың ұлттық конгресі «Отандық тарих ғылымындағы тұлға: жаңа зерттеулер мен ұстанымдар» тақырыбындағы кезекті VIII отырысын арнап отыр. Конгресс отырысының басты ұстанымы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Абай аманаты» және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларының негізгі идеяларын іске асыруға бағытталған.
Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» ММ директоры Әмірхан Рахымжанов, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және басқалар қатысты. Атап өтерлігі, Тарихшылардың ұлттық конгресінің VIII отырысы аясында «Абай» интерактивті кешенінің тұсаукесері ұйымдастырылды. Кешенді Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты әзірледі.
Жиын барысында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Сайлаубай «Абай» интерактивті кешенінің ғылыми негіздемесін баяндады. Таратып, тарқатып айтар болсақ, мұнда ақынның өлеңдері, қара сөздері мен аудармалары, замандастары мен ұрпақтарының ойшыл туралы естеліктері, абайтанушылардың академиялық зерттеулері жинақталған. Интерактивті кешен бірнеше тараудан тұрады. Атап айтқанда: «Абайдың өмірбаяны»; «Абайдың шығармашылық әлемі»; «Бейне-дәрістер»; «Кинопоэзия әлемі»; «Онлайн-кітапхана». Ақынның өлеңдері, қара сөздері, поэмалары мен аудармаларының толық мәтіні және аудио нұсқасымен бірге оларға қысқаша аннотациялық түсініктемелер берілген.
Интерактивті кешен Абайдың өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын түсіндіру мақсатында академиялық бейне-дәрістер курсын ұсынады. «Онлайн-кітапхана» бөлімінде ақынның шығармалары жинақтарының сандық нұсқаларымен, оның шығармашылығына қатысты ғылыми және ғылыми-танымдық кітаптармен танысуға болады. «Кинопоэзия әлемі» бөлімінде Абай өлеңдеріне иллюстрациялармен түсірілген поэтикалық бейне материалдар жинағы топтастырылған. Сонымен қатар, «Абай» интерактивті кешені «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының құрамына кіретін экспозициялар: мұражайдың бас ғимараты, «Алаш қайраткерлері – М.Әуезов» музейі, Жидебайдағы Абай музей-үйі, «Шәкәрімнің аңшылық үйі», Бөрлідегі М.Әуезов музей-үйінің және «Абай-Шәкәрім» кесенелік кешенінің фотогалареясына толы.
«Абай» интерактивті кешені Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы бойынша дайындалған. Сондай-ақ, тарихи маңызы зор «Күлтегін» атриумындағы ерекше таныстырылымда Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы мерейтойы аясында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген кітаптардың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Терең мағыналы тарихи кезеңнен сыр шертетін кітаптар туралы Халықаралық Түркі академиясы және «Егемен Қазақстан» газетінің президенті, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы айтып берді.
Содан кейін Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген кітаптардың тұсаукесер рәсімі атқарылып, Түркі әлемін айшықтайтын ғылыми туындыларды жариялаудағы ерен еңбектері үшін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қуандықұлы бастаған шығармашылық ұжымға ерекше алғыс білдірілді. Сондай-ақ жиын аясында Тарихшылардың ұлттық конгресінің мүшелері Тарихшылардың ұлттық конгресінің Алғыс хатымен марапатталды. Олар – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Азербаев Аслан Дыбысбекұлы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Оңғар Ақан, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Еңсенов Қанат Алексейұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті Тарих факультетінің «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Үмітқалиев Ұлан.
Және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қазақстан тарихы» бөлімінің ғылыми қызметкері Ғиззатов Саялбек Махамбетұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті Тарих факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Батталов Қайрат Қанатұлы, «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысының орынбасары Набиев Саят Талғатұлы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университеті Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмабеков Жамбыл Азмұханұлы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар және кеден ісі кафедрасының аға оқытушысы, PhDдокторы Батырбекқызы Гауһар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, PhDдокторы Жұматаев Ринат Серікұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері Куникеев Аман Дәулетұлы мен Лебаев Фархат Рашидұлы марапатталды.
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ибраев Уәлихан Серікұлы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университеті Тарих факультеті Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, Абдрахманова Қымбат Қазалиқызы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Тілеубекова Гүлжан Бөлегенқызы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Тарих, құқық және кәсіпкерлік кафедрасының меңгерушісі Серубаева Аурика Темірханқызы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Тарих және дінтану кафедрасының аға оқытушысы Дүйсенғали Мейрам Нұрланұлы абыройға бөленді. Сонымен қатар шара барысында Басқарма төрағасы Ерлан Сыдықов бірқатар тарихшы-ғалымдарға Тарихшылардың ұлттық конгресі мүшесі куәлігі мен төсбелгісін табыс етті.