Адамгершілік рухани тәрбиедегі әкеге құрмет

Адамгершілік тақырыбы-мәңгілік, күннен күнге маңызды болып жатқаны анық, ол ешқашан да ескірмейді. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиет. Адамгершіліктің қайнар бұлағы-халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделекті адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы-өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу біздің қоғам алдындағы борышымыз. Ата-ананың болашақ жас ұрпақ алдындағы тәрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Жас ұрпақ тәлім-тәрбиені, адамгершілік қасиеттерді үлкендерден, ұстаздан насихат жолымен емес, тек шынайы үлгі ретінде көру,  сезім қатынасында ғана алады.

Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзін-өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тәлім-тәрбие берілуі керек. Жақсы адамгершілік қасиеттердің негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Адамгершілік қасиеттер ізгілікпен ұштастырылады. Әсіресе еңбекке деген тұрақты ықыласы бар және еңбектене білуде өзін көрсететін балаларды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу басты міндет болып табылады. Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу-бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе.

Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Жас ұрпақтың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның адамгершілік-рухани қасиеттері қалыптасады. Адамгершілік-рухани-тәрбиені қалай іс жүзіне асырамыз? Жетілудің негізі – кенді, жүректі жетілдіру, бұл – адамның ішкі нәзік болмысын тазарту деген сөз. Адамның тәні мен жаны табиғаттан жаралған, тән қажеттілігімен ғана өмір сүретін адам, хайуаннан айырмашылығы жоқ, тек қана жаннан шығатын – өзіңді түсінуге ұмтылыс, жауыздықтан қашып, қайырымдылық іс жасауға талпыну – адамды адам етеді деп  ақын, ағартушы Абай атамыз айтып кеткен. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шықыратын, ұлт болашағы үшін күрескен қайраткер Мағжан атамыз былай деген екен, адам баласын, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек…

Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең… Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ… Сондықтан баланың маңындағы адам дұрыс мінезді болуы керек… Ата-ана балаға үлгі болатындай әрекет жасауы тиіс, оның ойы, сөзі, ісі бірізді болуы тиіс. Баладан сұрайтытын алдымен ата-анасы өзі орындауы тиіс. Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының Батыры, халық Каhарманы, әскери қзметкері, қазақтың көрнекті жазушысының еңбектерінде осылай айтылған: Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі.

Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі. Қызықты мақалалар:  адамзаттың ұлы ұстаздары өз ілімдерін сөзбен ғана емес, іс жүзінде де ұстана білген, ойы, сөзі және ісінің бірлігімен тарихта қалған. Адам бойындағы ең бастысы – оның рухани бастауы, жан-дүниесі, сондықтан да адам болмысынан мейірімді және таза екендігін айтады. Білім беру үдерісі – ең алдымен адамның рухани әлеуетін ашу, адамгершілік қасиетін тәрбиелеу және ішкі танымын дамыту деп пайымдайды.

Олардың тәжірибесі рухани болмысты терең толғану, ажырату, өздігінен іздену, интуиция, адам игілігі үшін риясыз қызмет ету арқылы түсінуге болатындығын дәлелдеді. Сана рухани шындыққа мәңгілік ақиқат ретінде, ал жүрек оған риясыз сүйіспеншілік пен бақыт ретінде қол жеткізеді. Адам рухани бастауды өзінің жоғарғы мені ретінде таниды. Бала бойындағы жақсы қасиеттері, жағымсыз әдеттері байқалса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. “Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала” деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.

Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді. Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын.

Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі – деген осы. Әлсіз әкенің баласы жасқаншақ. Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен дейді. – “Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді.

“Жаман әкеден жақсы көрші артық” деген. Әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады. Бір дана “Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады” деген екен. Соны білген аталарымыз жастайынан ерлікке тәрбиелеген. Әке – баланың қорғаны. – Бұхар жырау “Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін” дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын болады. “Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады” дейді.

Яғни, жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн. Бірақ қазақ өз құндылықтарына қайтып оралмайынша, әкенің отбасындағы рөлі төмендей бермек. Ертеректе еркекті көк тәңіріне теңеген. Ал әйелді жерге теңеген. Күлтегіннің үлкен жазуында “Тәңірідей тәңіріден жаралған бабам Күлтегін истемін қаған” деген жазу осының дәлелі. Әйел ерге қараса, еркек көкке қараған. Өйткені ер адам энергияны тәңіріден алып отырған. Айырмашылығы жер мен көктей деп босқа айтылмаған. Өйткені әйел мен еркек ешқашан теңелмейді дегені. Көктен найзағай ойнап, жаңбыр жауса да, жер бірқалыптығын сақтаған.

Өйткені жер мен көк арасындағы үйлесімділіктің негізін жер қалап отыр. Яғни, жер мен көк қалай үйлесімділік тапса, әйел мен ер адам да солай бір үйлесімділікте өмір сүру керек. “Ендігі мақсат – қазақ отбасындағы әкенің мәртебесін қайтару”. Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Сондықтан оны мемелекет болып қолға алу керек. Әртүрлі бағдарламалар, кино арқылы насихаттау керек. Қазіргі қоғамда ер адам әйелге деген махаббатын жоғары қояды. “Еркек Аллаға деген махаббатын жоғары қойса, шын махаббат, шын дос – Алла!” – дейді Абай. Отағасы ретінде табыс тауып, отбасын асырау – әкенің міндеті. Ал ақша, ол – энергия. Әйелдің қолына ақша түссе, ол еріне бағынбай кетеді.

Қазақта бір мақал бар: “Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады”. Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулу туралы айтып отырмыз. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген мақал соның айғағы. Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт. Әйел қанша жерден ақылды болсын, білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек.

Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді. Сыйлауға тұрмайтын еркек болмайды, сыйлай алмайтын әйел болады. “Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектің басын даң қылады”. Мен ойлап тапқан мақал емес, бабалардан жеткен асыл  қасиетті сөз. Сондықтан, ұлым ұлықты болып өссін десеңіз, қызым қылықты болып өссін десеңіз, Құдай қосқан қосағыңызды ұлықтаңыз! Сонда ғана қазақтың маңдайына басатын ұлағатты ұрпақ өсіп шығады, – дейді Омар Жәлел.

Әкенің беделін көтеру үшін ұл қыздарыңа тәрбие беруде отбасыларыңда балаларға жиі айтылатын сөздер: балам әкеңнің киімін жоғары қой; балам, әкеңнен ұят болмасын; әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой; әкеңді тамаққа шақыр; әкеңнен рұқсат сұра; әкеңді шығарып сал; әкең келе жатыр, үйді жинастыр; әкеңнің мазасын алма. Баланы тәрбиелеуде ата-ана өзі де тәрбиелетіні сөзсіз. Бұл үлкен жауапкершілікті, сабырлықты талап ететін үздіксіз, нәтижеге бағытталған, жүйелі түрде жүріп тұратын үдеріс.

Дариға Оразайқызы ДАУЛЕТОВА,
Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ
БАИ” Білім беру процесін психологиялық
педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының
аға оқытушысы, педагогика магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий