Өңірлік университет – өңірлік ғылымның іргетасы

Ғылым  дамуының деңгейі өңір дамуының айнасы іспеттес. Ғылыми білімді жинақтау қызметін атқаруда университеттерге теңесетін басқа қоғамдық институттар жоқ десе де болады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің алға қойған басым бағыттары аясында және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы негізінде университеттің 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленді.

Осы стратегияның инновациялық экожүйені дамыту бөлімінде айқындалған маңызды міндеттердің бірі-ғылыми қызметке қаржы тарту. Ғалымдардың жобаларын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен тұрақты қаржы қарастырылып келеді. Биыл орта ғасырлық қалашықтарда археологиялық зерттеулерге бөлінген 28,1 миллион теңге игерілді. Өңірді индустриалды-инновациялық дамыту бағытында қолға алынатын жобаларды негіздеуге немесе оларды сараптауға өңір экономикасы салаларының жағдайларын жақсы білетін жергілікті ғалымдарды тарту мәселесі өзекті. Құрамына университеттің жетекші ғалымдары кіретін сарапшылар пулы жасақтап, аталған мәселерді тиімді атқарылуына лайықты үлесімізді қосатын боламыз.

Соңғы жылдары еліміздің ғылым саласын өркендету жолында өршіл қадамдар жасалуда. Отандық білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жеті есе көбейтіп, ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу-басты меже етіп қойылып отыр. Жылдан жылға ұлғаятын мол қаржыны игеруге біздің ғалымдарымыз белсене атсалысуда. Біздің ғалымдарымыз 2020-2021, 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарының нәтижесі бойынша өткен қазан айында 3 жоба ұтып алды. Олардың отандық ғылым мен өңір экономикасы салалары дамуының басым бағыттары бойынша дайындаған 50-ден астам жобасы 2021-2023 жылдар аралығындағы бірнеше гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылып, қазіргі күні Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының тиісті тексерулерінен өтуде.

Ғылыми зерттеулеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Ұлыбритания, Италия, Португалия, Түркия, Ресей, Украина, Литва, Польша, Корей, Қытай және тағы да басқа мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен жасалған ғылыми-техникалық жобаларды бірлесе орындау жөнінде меморандумдар мен келісімдердің тигізер пайдасы мол болмақ. Коммерциялық кәсіпорындардың ғылымды қажетсінетін өнімдер мен технологияларға қызығушылығының өсуі университеттің ғылыми әзірлемелерінің нәтижелерін коммерциялық пайдалануға мүмкіндік беруде. COVID-19 пандемиясының алғашқы кезеңінде университеттің инженерлік бейіндегі зертханасының күшімен «Эфир майлары негізінде вирус және бактерияға қарсы антисептик жасау» жобасы коммерцияландырылды.

Осы зертханада қолға алынып жатқан  «Фунгицидтік және бактерицидтік белсенділігі бар жаңа бензофуроксандар», «Бактерияға қарсы белсенді ломефлоксацині бар бензофуроксан тұздарын алу» тақырыбындағы жобалардың коммерциялық әлеуеті зор. Біздің жоғары оқу орны бойынша 2025 жылға дейін 13 жобаны коммерцияландыру жоспарлануда. Келесі жылы Дүниежүзілік Банктің «Өнімді инновацияны ынталандыру» бағдарламалық жобасы аясында университетке өз ғалымдарын ағылшын тіліне оқыту үшін бөлінген 105,5 миллион теңге қаражатты игеру басталмақ. Жобаның әкімшісі – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Өткен жылға өкпеміз жоқ. Өйткені, университеттің қызмет салаларының қай-қайсысын алсақ та, жемісті жетістіктерден кенде емес. Дәлел ретінде ғылым қызмет саласындағы кейбір көрсеткіштерді келтірсек те жеткілікті.  Атап айтқанда, DFG Неміс гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен жалпы құны 28,38 миллион теңге құрайтын «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны орындау барысында алынған бірқатар құнды  нәтижелер ғылыми айналымға түсті.

Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеулер және инновациялар бағдарламасы  аясында университет ғалымдарының «Инновациялық судаерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» (2021-2024жж.,жалпы құны 64,4 миллион теңге) атты жобасы жеңімпаз атанды. «Ғылым қоры» АҚ технологияларды коммерцияландыруға бөлген гранты негізінде жүргізілген «Инновациялық технология бойынша мұнай қалдықтарын қайта өңдеу» атты жобасы аяқталды. Университет ғалымдарының қатысуымен 2017-2020 жылдары орындалған жобаның жалпы құны 800,0 миллион теңге. Оның 37.5 пайызы «Ғылым қоры» АҚ, 62.5 пайызы «REEF ортадан тепкіш технологиялар» ЖШС бөлді.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2018-2020 жж. арналған гранттық қаржыландыруы негізінде орындалып жатқан тоғыз жобаның қорытынды есептері тапсырылды.  Web of Science, Scopus базасына енетін халықаралық рецензияланатын журналдарда біздің ғалымдарымыздың 106 мақаласы жарияланды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 56 мақала болған еді. Былтыр 10 патент алынса, биылғы көрсеткіш он алтыға жетті. Монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарының саны 61 (былтыр-39), ғылыми зерттеулерден түскен қаржының жалпы сомасы өткен жылғыдан 20,0 миллион теңгедей артық. Жаңа жылдан бастап жас ғалымдардың өңір экономикасы салаларының өзекті проблемаларын шешу бойынша идеяларын жүзеге асыруға әрі шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруіне немесе ғылыми тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында университеттің арнаулы қаржысы есебінен арнайы гранттар жариялау жоспарлануда.

Осы жерде мына маңызды мәселеге тоқтала кетуді жөн санаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: – Ірі бизнес өкілдері өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді, – дегені баршаңызға белгілі. Бұл нағыз дөп басып айтылған сөз. Шындығында, университеттің инновациялық инфрақұрылымын жетілдірудің, ғылыми-зертханалық базасын жаңғыртудың, оқытушы-профессорлар құрамының шетелдік жетекші ғылыми орталықтарға  тағылымдамасын ұйымдастырудың, олардың халықаралық рецензияланатын басылымдарда жариялануына қолдау көрсетудің – зерттеулердің сапасын арттырып, ғалымдардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеріп, университеттің халықаралық беделді рейтингтердегі орнының еселеп жоғарылауына оң ықпал болары сөзсіз. Ең бастысы–еңбек нарығында нақты сұранысқа ие түлектер даярлауға мүмкіндік туғызар еді.

Университеттің халықаралық қызметі әлемдік білім беру және ғылыми қоғамдастықпен одан әрі интеграциялауға бағытталған. Халықаралық ынтымақтастық аясында университет бүгінде, әртүрлі халықаралық жоғары оқу орындары және білім институттарымен 130-дан  астам өзара ынтымақтастық келісім-шарттары мен меморандумдар жасалынған. Биылғы қыркүйек айынан бастап университет Ресейдің Мәскеу мемлекеттік облыстық университеті, Қазан Федералды Университеті, Қазан мемлекеттік мәдениет институты, Тюмень мемлекеттік университеті, Балтық халықаралық академиясы (Латвия, Рига), Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті (Минск), Бейжің тіл және мәдениет университеті (ҚХР, Пекин) секілді 10-нан астам білім беру орталықтарымен ынтымақтастық орнатты.

Жалпы алғанда, бұған дейін университетіміздің халықаралық келісімдерінің басым бөлігі ТМД елдерімен болса, бүгінде Америка, Ұлыбритания, Франция, Швейцария және Германияның университеттерімен байланыстар орнату күн тәртібіне қойылған. Алғашқы серіктестік байланыстар өз нәтижелерін беруді бастады. Соның бірі ретінде Ұлыбританияның Борнмут университетінің ғалымы Вячеслав Филимоновтың ағымдағы оқу жылының қыркүйек айында «Жоғары академиялық журналдарға ғылыми мақала шығару және халықаралық жобаларға өтініш беру жолдары туралы кеңестер мен ұсыныстар» тақырыбында білім алушыларымыз бен оқытушыларымызға мастер-класс өткізгенін айтқан жөн. Бұдан бөлек, университетте халықаралық сыртқы қаржыландыру көздерден тұратын академиялық ұтқырлық бағдарламалар базасын әзірленіп, 2021-2022 оқу жылдарына баруға ниетті білім алушылар мен профессор-оқытушылардың тізбесі жасақталуда.

Корея Республикасымен халықаралық байланыстарды кеңейту мақсатында қазан айында Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігінің қолдауымен университет жанынан «Корея бұрышы» (Korean Corner) ашылды. Жобаның мақсаты Корей халқының тарихы, мәдениетімен танысқысы әрі корей тілі мен әдебиетін үйренгісі келетін аймақтағы студенттерге, оқушыларға және корей диаспорасына арналған. Желтоқсан айында Алматы қаласындағы Корея мемлекетінің Бас консулы Ким Хынг Су мырза университетте ресми сапармен болды.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі халықаралық TOEFL (тойфл), TOEIC (тоуик) емтихандарын қабылдайтын аймақтың тест орталығының ашылуы. Енді білім алушылар, оқытушылар және басқа да ынталы азаматтар үлкен қалаларға бармай-ақ, университетімізде дайындық курстарынан өтіп, осы тестті тапсыра алады.  Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің мәдениет және білім бөлімінің жолдамасы негізінде Америка Құрама Штаттарының азаматшасы Фулбрайт бағдарламасының стипендиаты Оствальт Татьяна Пак  «Шетел тілдері және аударма» кафедрасының ағылшын тілі пәнінен төлемақысыз волонтер-оқытушысы болып жұмыс істеді.

Қазіргі уақытта университет Еуропалық Одақтың Эразмус+ бағдарламасының үш жобасын, оның ішінде жоғары білім беру әлеуетін арттыру бойынша 610166-EPP-1-2019-1-SK-EPPKA2-CBHE-JP-ACeSYRI «Информатика саласындағы Ph.D. докторанттар және жас оқытушылар үшін шеберлік орталығы» атты бір жобаны Словения және Бельгия университеттерімен халықаралық кредиттік ұтқырлық бойынша 2 жобаны табысты іске асыруда. Қазір қай аймақты алса да университетсіз көзге елестету қиын. Сондықтан, сексен жылдан астам тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өңірдің әлеуметтік экономикалық, мәдени кеңістігіндегі маңызы ерекше бола бермек.

Бекзат Айдарбекқызы ПРМАНТАЕВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
ғылыми жұмыстар мен халықаралық қатынастар
жөніндегі проректор, физика математика ғылымдарының
кандидаты, қауымдастырылған профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий