Тау тұлға қазақтың қаһарман батыры – Бауыржан Момышұлы

Тарихымыздың  қай белесiнде де халқымыздың абыройын өсiрiп, ұлттық мақтанышына айналған тұлғалар аз болмаған. Ел шетiне жау тиiп, сүттей ұйып отырған бейбiт қауымның  басына қатер төнгенде ұранымен атойлап, байрағын желбiретiп, елiм деп еңіреген арыстан жүрек, мықты бiлек, ардың, елдiң, жердiң амандығын, бауырдың бүтiндiгiн көксеген бабаларымызды аңыз еттік. Ұлттың рухын асқақтатып, мерейiн өсiрген, ұлыларымызды, жақсысы мен жайсаңымызды  ұлықтап келер ұрпаққа үлгі өнеге еткен халықпыз.

2020 жылдың 24 желтоқсанында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты әскери қолбасшысы, стратег, Кеңес Одағының батыры, жазушы, суретші, ақын өзінің отты өмiрi мен өшпес мұра етіп қалдырған бай шығармашылығы арқылы көзінің тірісінде төрткүл дүниеге танылған, өскелең ұрпаққа үлгі болған, бабамыздың бірі – Бауыржан Момышұлы  биыл 110 жасқа толады. Қазақ халқында жағымпаздыққа жаны қас, адалдықтың символына айналған Бауыржан  Алатаудың етегінде күзі ерте түсіп қоңыр салқынымен қары қалың боранды қысына ұласатын, көктемі табиғат ертегісіндей сай-саланы бәйшешек пен қызғалдақ, гүлдің түр-түрімен жұпар иісі аңқыған, найзағайлы көк нөсерлі, жазы көкорай отты, шалғынды, шыбын-шіркейсіз самалды, жер астынан шығып жататын мөлдір қайнар мың бұлақтың отаны Жуалыдай жер жәннәтында Көлбастау  (Талапты) ауылында 1910 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келген екен. Сол кезеңде Әкесі Момыш 53 жаста, анасы Рәзия 43-ке келген төрт қыздан кейін дүниеге келген, көптен күткен, көктен тілеген ұл болыпты.

Ертеректе көзі қарақты ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша Бауыржан атамыз тұрған ауыл Үсен аталыпты. Ол кезеңдерде әулет-әулет көршілес бұлақтардың басында 15-20 үй болып тұрады екен. «Момыштың бұлағы» деген бұлақ атауы әлі күнге дейін бар. Жуалыдағы бұлақтардың атауын бабалардың атымен атау әдеті сақталған. Шыққан тегіне тоқталар болсақ өзінің жазып кеткен шежіресінде былай деп келтірілген: Біздің руымыз Құли аталады. Құлилар алты атаға бөлінеді: Өреке, Маутан, Түктібай, Байдаулет, Үсен, Киікбай. Өрекеден – Ақментай батыр (атақты батыр, аты ұранға айналған), Жәрімбет қажы, Белгібай ақын, әнші, Өмірбай есепші. Маутаннан – Сәмет молда, мешіт ұстаған, Шоңғар кезінде білімді, қадірлі кісі болған, Мұртаза, Мұртазадан – Шерхан. Түктібайдан – Есімбетқажы, ….Мырзахмет, Мырзахметтен – Мекемтас. Төрт Құли біздерміз. Үсеннен – Батырбек, Ереш би, Момыш (Момыналы), Аққұлы шабандоз, Қасқа қабаш. Момыштан –  Бауыржан, Бауыржаннан  – Бақытжан. Байдәулеттен – . Киікбайдан – Шымкентті тұрғызған Құдайберген датқа». Бауыржан Момышұлының бабасы Шілмембеттің кіші ұлы Құлиы өзінің бірбеткей шыншылдығымен, ақылы және өр мінезімен таңбаға ие болып, жеке ру атанған.

Адам бойындағы дарын қасиет әуелі ана сүтімен, ата қанымен берілетіндігі өз бабаларының жалғастырушысы іспетттес Бауыржан бойындағы ерекшелік. Бауыржанның әкесі Момыш өз бетінше ізденіп, ескіше хат таныған, есепке жүйрік, орыс алфавиті кирилицадан хабардар болған адам. Жастайынан зергерлік өнердің қыр-сырын меңгерген, ұсталық өнермен де шұғылданған, етік тігуді де білетін өнерлі жігіттердің бірі екен. Ол кісі жыр-дастандар мен аңыз-әңгімелерді жатқа айтқан, суырып салма ақындық өнері де бар, тілге шешен, дау-дамайды шешетін бітімгершіл адам болған деседі. Әкесінің інісі Момынқұл молда, емшілік қасиеті болыпты. Қарақұрт шаққанды оқиды екен. Ағасы Момынқұлдың қасиеті Бауыржан атамыздың бойында да дарыпты. Анасы Рәзия Байтана руынан, ерте бақилық болып,  Бауыржанды 3 жастан бастап әжесі Қызтумас тәрбиелеген. «Қызықты дерек: Бауыржан Момышұлы туралы қызықты деректер» атты  фильмде оның балалық шақта аталған лақап аты «Шаң тимес» екен делінеді. Осы атаудың өзі бала Бауыржанның жылдам, епті, қайсар болғандығының айғағы.

Бауыржан атамыз алты жастан асқанда Талапты ауылына жақын орыс, неміс, қазақтар көршілес қонған Евгеньевка ауылына досы Гончаревтің үйіне орыс мектебіне сауат ашу үшін апарған екен. 1921 жылдан бастап Асадағы бастауыш мектептің интернатында жатып оқиды. 13 жасында әжесі Қызтумастың және әкесінің айтуымен анасының суретін салған екен. Зерек бала Бауыржан 1924 жылы Шымкент қаласындағы жеті жылдық мектепте жалғастырып, оны 1928 жылы үздік бітіріп шығады. 1928 жылы Орынбордағы 1921 жылы ашылған қазақ халық ағарту институтына мұғалім мамандығына оқуға түседі. Жоқшылықтың, сол кезеңдегі қиын-қыстау заманның зардабынан қайта елге келеді. Елге келген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Жуалы аудандық атқару комитетінің жауапты қызметін атқартады. Алты айдай аудандық милицияда жұмыс жасайды. 1932 жылы Бауыржан Момышұлы Қызыл Армия қатарында Термезде Орта Азия әскери округі 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші полкында әскери борышын атқарады. 1933 жылдың қысында елге оралады.

Полк мектебін бітіреді. 1934-36 жылдары Шымкент, Алматы қалаларындағы КСРО Промбанк Қазақ республикалық басқармасының қызметшісі, одан аға кеңесші қызметтерін атқарады. 1936 жылы Ленинградтағы қаржы академиясының бір жылдық курсын оқиды. Деректерде 1936 жылы запастағы әскери сала маманы ретінде қайтадан Қызыл Армия қатарына қызметке шақырылады. Кеңес Одағының маршалы В.К. Блюхердің қолбасшылығындағы Қызыл Тулы арнайы Қиыр Шығыс армиясында қызмет етті. Қазақтың жауынгерлік рухы басым бұл қызмет оның туа бітті болмысына жақын болғандай. Қызыл Армия қатарында өзінің ширақ, талапшыл, намысқой қасиеттерімен көзге түсіп 105-ші атқыштар дивизиясының 315-ші атқыштар полкына шақырылып, танкке қарсы батарея командирі, арттиллериялық дивизияның командирі міндеттерін атқарды. 1938 жылы шілде, тамыз айларында Хасан көлінде Квантун армиясымен (жапондық) шайқаста арттилериялық батарея командирі ретінде қатысты.

Бала күннен ат жалын тартып, көкпарда күш-жігері мен төзімділігі, батылдығы мен ептілігі қалыптасқан Бауыржан атамыз қылышпен ат үстінде шебер ойын көрсетуден алдына жан салмаған екен. Сол кезеңдегі  Кеңес Одағының маршалы С.М. Буденныйдың көзіне түскен екен. Оған қоса құралайды көзден атқан мергендігі тағы бар. 1939 жылы Бауыржанның әкесі Момыш қайтыс болады. 1940 жылдың ақпанында Киевтегі Арнайы әскери округіне ауыстырылып, 406-шы атқыштар дивизиясының полк, щтаб бастығының орынбасары міндетін атқарды. Бессарабияның КСРО-ға қатысуына байланысты қарулы ұрыстарға қатысты. 1941 жылдың қаңтар айында Алматыдағы Орта Азия әскери округіне қызметі ауысып, Қазақ КСР республикалық әскери комиссариаттың әскерден тыс дайындық жұмыстары бойынша аға нұсқаушысы болады.

1941 жылы маусымда Ұлы Отан соғысы басталғанда Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен  Москва үшін шайқастар кезінде өз батальонын бірнеше рет шабуылға бастап шықты. Бес рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. 207 рет шабуылға шығып өз жасақтарымен адам айтса сенгісіз ерліктер жасады. Жаудың шебінде қалған 690-ға жуық жауынгрелерді өз жасағына қосып, аман алып, рухтарын көтерді. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады.

Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Атақты филология ғылымдарының докторы, профессор, «Бауыржантану» орталғының негізін қалаған Мекемтас Мырзахметовтың «Өмір жолы» Бауыржан Момышұщы» атты деректі фильмдегі сұхбатында «Бауыржан сол заманның талабына қарай атейст болмаған. Арабша хат танып. Аллаға сеніп Құранды жақсы білген. Соғыста «Партийнный билетінің» ішінде ағасы Момынқұлдың жазып берген сүресі  болған екен». Жазушы  Бекен Момынқұлов батырдың естеліктерінен мынадай деректер келтіреді-«Москва түбіндегі шайқастардың бірінде соңдарынан жау қуып келеді, алды миналанған дала. Бір-екі жауынгер минаға жарылады. Сол кезеңде Бауыржан Момышұлы «АруақІ» – деп атын тебініп алға шығып, менің ізіммен жүріңдер деп бұйырады. Жауынгерлер шығынсыз аман-есен мина даласынан шығады». Бұл естеліктен байқайтынымыз ата-баба дәстүрін сүйетін, нағыз ұлт батырының көзсіз ерлік ісі.  Бауыржан Момышұлы әскери психологияны жақсы білетін, стратег, тактик, философ, тапқыр, нағыз қолбасшылық қасиетке ие тұлға болды.

Тіпті оның көріпкелдігі болған деседі туыстары. Кеңестік заманның қасаң қалпы да Бауыржан атамыздың қазақи рухтағы әлемін өзгерте алмады. Ол өз ұлтының нағыз патриот ұлы және жанашыры болды. Оның айғағы қан майданда жіріп төмендегі жазған хаты. Әсет Ақмолданың фэйсбуктағы парақшасынан алынды. Бауыржан Момышұлының Қазақ ССР Коммунистік партиясының хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жазған хатынан: – Осы кезде қаладағы қазақ ұл-қыздарының төрттен үшінен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан, ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан, барлық қазақ ұл-қыздары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз, ондай шара қолдануда орысшадан құры қаларлық ешқандай қауіп жоқ. Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп, халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне өте қауіпті зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен сұңғыттары, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.

Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу салт-сана, ел намысы, ер намысы адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп біліп, сезе тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын, – дейді. Осы хаттан Бауыржан Момышұлының нағыз ұлт жанашыры болғандығы көрініп отыр.  Бауыржан атамыздың ұлттық рухының беріктігінің көрінісінің негізгі қыры Момышұлы деп атануы еді. Москва түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен және «Москваны қорғағаны үшін» медалімен марапатталады. Жазушы  Бекен Момынқұлов Бауыржан Момышұлы туралы естеліктерінен мынадай деректер келтіреді- «Ерлігі үшін марапат медаль, орденді табыстап жатқанда, оны Момышов деп шақырады. Селт етпестен отыра берген. Сосын қасындағы жауынгер сізді шақырады дегенде мен Момышов емеспін, Мен Момышұлымын деген екен. Орыс офицері кешірім сұрап Момышұлы деп шақырғанда ғана барған деседі. 1942 жылы қазан айында подполковник, сегіз айдан кейін 1943 жылдың маусымында полковник шенін алады. 1944 жылы ауыр жараланған Бауыржан Момышұлы алған жарақаттың салдарынан Момышұлы біраз уақыт ауруханада жатты. 1945 жылдың 21 қаңтарында Момышұлы ІІ Балтық фронтының 6-гвардиялық армиясының 9-гвардиялық атқыштар бөлімінің командирінің орынбасары болып тағайындалды.

1945 жылдың ақпан-наурыз айларында, Приекуле станциясының солтүстік-батысында Момышұлы басқарған бөлімшелердің күшімен күшейтілген жаудың қорғаныстары бұзылды. Бөлімшенің шебер әрекет етуінің нәтижесінде 15 елді мекен жау қолынан босатылып, немістерге айтарлықтай зиян келтірілді. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, атақ-даңқы аңызға айналды. Алайда, Кеңес Одағы кезінде оның ерлігі дұрыс бағаланбады. Өйткені ол отаршыл Ресейдің жалғасы іспеттес Кеңес дәуірі де ұлтын сүйген өжет Бауыржандай батырларды қолдау саяси идеологияға ағыныны қарсы тұрумен, оның қасаң қағидаларына кереғарлықпен бірдей еді. «Бауыржан Момышұлы» атты деректі фильмде генерал Бақытжан Ертаев өзінінң пірі санаған Бауыржан Момышұлының  мінезі туралы «Мен де, мінезім де табиғаттай, табиғатқа араз болмайды. Я тоже природа, но на природу не обижаются» – деген екен. Бауыржан бабамыздың мінезі туған жері Жуалының мінезіндей» – дейді.

Батырды өзі туған жерінің табиғатымен суреттейді. Бұл ерекше жаралған табиғат мінезді батырдың шыншылдығы мен ұлтжандылығы үшін халық батырының келіні Зейнеп Ахметованың айтуынша «Ата қалыпқа сыймады. Заманыңа қарай бөркіңді ки деген ағымнан. Ата өз бөркін өзі басқаша киді.  Сондықтан да оны ұлтшыл, қоғамға бағынбайтын адам деп атады, – дейді. Ал, қоғамға бағынбайтын адам, Ұлы Отан соғысында Бауыржан Момышұлының өзі айтқандай «207 рет шабылға шығып ерлік көрсете ме?». Ұлы Отан соғысы біткенімен оның өмірлік соғысы бітпеді. 1946-48  жылдары Бауыржан Момышұлы І дәрежелі Суворов орденді К.Е. Ворошилов атындағы Жоғары әскери академияның тыңдаушысы болған.1948-50 жылдары 49-шы атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқарады. 1950 жылы Калинин қаласындағы В.М. Молотов атындағы Тыл және жабдықтау Әскери академиясының «Жалпы тактика және шұғыл ұрыс өнері» кафедрасының аға оқытушы қызметімен дәріс оқиды. 1952 жылы  Кеңес армиясы  Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітіреді. Мекемтас Мырзахметов «Өмір жолы» Бауыржан Момышұщы» атты деректі фильмдегі сұхбатында осы академида туралы былай дейді – «Бұл академия «одноразовая академия» бір-ақ рет болған екен. 250 адам оқиды. Ішінде бір ғана азиат Бауыржан Момышұлы. Кейінірек сол академияны бітірген барлығына генерал атағын берді. Тек Бауыржан Момышұлына ғана бермеді. Сол академияда Бауыржан Момышұлы өзінің біліктілігі білімі жағынан ерекше болды. Мекемтас Мырзахметовтың айтуынша егер сол кезеңде оған генерал атағын бергенде, ары қарай жоғары маршал атағын да алар ма еді» – деп әділетсіздікті күйіне еске алады.

1955 жылдарға дейін Әскери академияда оқытушылық қызмет атқарады. Ол  көптеген Кеңес одағынынң генералдарына дәрістер берді, өзінің бойындағы қайсарлықпен, әділдікпен, соғыс жылдары әскери тактиканы тапқырлығымен қалыптастырған, әскери педагогика мен әскери психологияда өте жоғары дәрежедегі батыр тұлға ретінде олардың мәңгі есінде қалды. Солардың бірі генерал-полковнтк Н.М. Глушко өзінің «Солдаты тыла» атты 1982 жылы Москвада жарық көрген кібадында Бауыржан Момышұлы туралы былай жазады. «Біз барлықкезде Момышұлының лекңиясын қызығушлықпен күтетінбіз. Ол қандай бір материал болмасын, көбіне қағазға қарамай, схемаға, әскери тәжірибеге сүйене түсіндіретін, әр тезисін өнегелі мысалдармен бекітетін. Тактиканың күрделі мәселелерін творчестволықпен ойлап, творчестволықпен шеше білугебаулитын. Ол шенге бас имегенқарапайымдылығымен және тыңдаушылардың бәріне қатал талап қоя  білетінәділдігімен біздің сүйіспеншілігімізге бөленген еді. – деп естеліктер қалдырған. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан Момышұлы біржола шығармашылық жұмыспен айналысады.

Бірақ Баукең бабамызды әлем сол кезеңдерде ақ мойынаған еді. Оның батырлығы Александр Бектің «Волокаламск тас жолы» еңбегіде нақты боямасыз жазылып, әлемге тау тұлға батыр ретінде тағы да айқындала таныла түсті.  Бұл кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, соғыстан кейінгі жылдардағы оқырмандардың сүйіп оқитын, ұлтжандылықтың негізін   қалыптастыратын еңбекке айналды. Оқып қана қойған жоқ, жас қазақ офицерінң ержүректілігіне сүйсінді. Әлем  осындай батыр ұлдың еңбегі мен ерлігінің дұрыс бағаланбағанын да жете түсінді. Елге келген батырдың ендігі қаруы қаламы мен қағазы болды. Оның жазған әрбір еңбегі болашақ ұрпақ үшін қалдырылған бай баға жетпес мұра болды. Оның туындылары – «Офицердің күнделігі» (1952 ж.), «Бір түннің тарихы» (1954 ж., орыс тілінде), «Ұшқан ұя» (1956 ж,, орыс тілінде) атты алғашқы кітаптары сол тұста академияда сабақ беріп жүрген жылдары жарық көрді. Момышұлы еңбектері орыс-қазақ тілдерінде бірдей жазды. Негізінен әскери өмірбаяндық жайттарды арқау етіп, патриотизмді, адалдықты, ерлікті ту еткен шығармалар берді. Мекемтас Мырзахметов ағамыздың айтқанындай Қазақ әдебиетінің әскери мемуар жанрының негізін қалаушы болды.

Ия батырдың өзі айтқандай  «Мен соғыс туралы жазамын, бірақ соғысқа қарсымын». Солардың бірі «Москва үшін айқас» (1959 жылы орыс тілінде) – халқымыздың қаһармандығын, бірлігі мен туысқандығын, Кеңес жауынгерлерінің сом тұлғасын бейнелеген. Отан үшін ұлы шайқастың үлкен бір шежіресі іспеттес күрделі туынды. Мұнымен қатар «Жауынгердің тұлғасы» (1958 ж,), «Майдан» (1961 ж,), «Майдандағы кездесулер» (1962ж. орыс тілінде), «Генерал Панфилов» (1963 ж, қазақ тілінде-1966 ж.), «Төлеген Тоқтаров» (1965 ж.), «Куба әсерлері» (1965 ж.), «Ел басына күн-туса» (1970 ж.), «Ұшқан ұя»  қазақ тілінде (1975 ж.), «Адам қайраты» (1981ж.) атты еңбектері КСРО халықтары және бірнеше шетел халықтарының тілдерінде басылып шықты.  Ал, оның 1944 жылы Алматыға келгенда қазақтың зиялыларына оқыған бес күндік лекциясының стенограммасы негізінде «Қанмен жазылған кітап», «Психология войны» еңбегі» әлемдегі әскери сала маманының соғыс теориясы мен философиясы туралы оқытылатын негізгі еңбегіне айналды.

1975 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен оның соғыс қимылдары жөнінде жазып қалдырған еңбектері мен естеліктері, халық арасында «Бауыржан айтқан екен» деген әңгімелері кейінгі ұрпаққа, өз еліне деген сүйіспеншілік пен махаббатың, ерлік пен елдіктің үлгісі болып қалды. «Атаның университетінен өттім» – дейді келіні Зейнеп Ахметова. Ол кісі нағыз шежіре дерсің. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер туралы айтқанда таң бозарып ататын. Атаның айтқандарын есімнен шығып қалмасын деп блокнотыма түртіп қоятынмын дейді. Ата сөйлеп отырып, қағаздан ою оятын. Ол кісінің оюлары нағыз ұлттық нақыштағы оюлар, олар альбом болды»-дейді Зейнеп апамыз. Зейнеп Ахметованың батыр туралы естеліктерін оқи отырып, ата мен келіннің арасындағы сыйластық, атаға деген келіннің  ізеттілігі нағыз қазіргі, болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие дерсің. Батырдың келіні мәртебесін нық ұстап, соған лайықты қызмет атқарып, ұлтжандылыққа жастарды тәрбиелеп, өз сөзі мен ісіне лайық  халқына қызмет еткен тұлғаға айналды.

Сан қырлы Бауыржан Момышұлының еңбектерінен қазақ болмысы, ұрпақ тәрбиесі туралы жазғандары ерекше. Ол туралы былай келтірген – «Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз-жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен» – нағыз ұлтық психологияның қайнар көзі дерсің.

Бауыржан Момышұлы туралы естеліктерді оқи отырып, ол кісінің жан-жақтылығына таң қаласың. Бір адамның басына осыншама даналықты берген Алла тағалам не деген шебер. Оның батырлығынан басқа – таза этнограф, психолог, философ,  ақын, жазушы, суретші, биші нағыз сезіз қырлы, бір сырлы жан дерсің. Оның нақыл сөздерінің философиялық мағынасы ұлттық әдебиеттің қаймағы. Қаймағы дерсің ия, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ болмысының өзі. Бұл туралы Шерхан Мұртазаның  айтқан бiр сөзi бар: «Бауыржан Момышұлын бiз тек қана батыр деп қабылдамауымыз керек. Үңiлiп қарасақ, оның тұла бойы тұнып тұрған ақыл». Бұл сөздiң, әрине, жөнi бөлек. Бәукең неге ерекше батыр, Бәукең неге дара батыр дегенде Бәукеңнiң батырлығы мен ақылдылығы халық даналылығымен үндесiп, ұштасып жатқанын айтуымыз керек». Үш рет генералдыққа, үш рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған тау тұлғаның болмысы қазақ үшін ірілене түсті. Атақ пен даңқ оған құлақ кесті құл болды. Жоғары атап кеткеніміздей Бауыржан атауы, Бауыржан деген сөз қазақ деген сөздiң ең ұлы, ең терең, ең асқақ баламасына айналды.

Халықтың күткені орындалды. Бауыржан Момышұлы жайында үзбей жазып келе жатқан қаламгер Әзiлхан Нұршайықов  республикалық газет бетiнде: – Қазак, халқы Бауыржанға Совет Одағының Батыры атағы берiлуiн 45 жыл арман еттi. Қырык, жыл үкiмет басында отырған өзiмшiл, әкiмшiл, шеншiл, шекпеншiл, жылтыр басшылар халықтың бұл арманын iске асырмады. Н.Ә.Назарбаевтың Казақ КСР Президентi болғанына бiр жыл толған жоқ сегiз ай ғана болды. Қазақ халқының нағыз бел баласы осы азамат сегiз айдың iшiнде халкымыздың бұл асыл арманын жүзеге асырды. Бүгiн Бауыржанның 80 жылдығына және оған Батыр атағы берiлуiне арналған осы салтанатты күндерде Нұрсұлтан Әбiшұлын кезiнде арманына жеткен, жетпей кеткен Бауыржан сияқты асыл ағалардың аруағы қолдай берсiн»,- деп жазыпты. 1990 жылы 11 желтоқсанда М.С. Горбачевтың Бәукеңе Кеңес одағының батыры атағын беру туралы жарлығы шықты. Сол бiр қуанышты күн туралы мынадай әңгiме бар. Бақытжан Момышұлына жолдаған құттықтау хатының соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бауыржанның жұлдызды болған күнi – халықтың жұлдызы жанған күнi» -деп жазыпты.

Баукеңнiң тағы бiр ерекшелiгi – көрегендiгi «Анамыздың ақ сутiндей қасиеттi осы бiр ұғымды қиялдан шындыққа, мақсаттан нәтижеге айналдыру дегенде Бауыржандай азаматтық, Бауыржандай күрескерлiк керек екен. Бүгiнгi сiздер мен бiздерге, болашақ ұрпаққа Баукең қалдырған асыл аманаттың бiрi – ұлттық, мақтаныш сезiмiн үкiлеп ұстау, ұлт намысын аяққа басқызбау – деп өз ішкі толқынысын білдірген екен филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков. 1947 жылы Бауыржан Момышұлы өзінің жазып кеткен мына бір өлең шумағында: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, – деп жырлар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың түбінен сөз келгенде, – деп жырлаған Халық қаһарманын қазақ қашанда ту етіп тұғырынан түсірмей, болашақта сан ғасырлар бойында оның естен кетпес ерлігі мен еңбектері арқылы рухы биік ұлтжанды  ұрпақ  тәрбиелер.

Жанна Мәмбетқызы СЕЙТКУЛОВА,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің доценті, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий