Мектеп мақтанышы: Ұстаздығы ғалымдыққа ұласқан

Сыр елі – жыр елі деген тіркесті барша қазақ біледі. Сонымен қатар бұл өңір ғалым-зерттеушіге, ұлағатты ұстазға да кенде емес. Осы мақаланың арқауы – еңбегімен еленіп, ел-жұртына, әріптестер арасында білік-білімімен қадірі артқан математика пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымының кандидаты Жақсылықова Гүлнар жайлы болмақ.

Гүлнар Тәңірбергенқызы еңбек жолын біздің мектептен бастаған. Жарты ғасырлық тарихы бар білім шаңырағының оқу үрдісіне сапалы жұмысымен қоғамдық жұмысына белсене араласып, үздік математика пән мұғалімі мәртебесіне ие болған ұлағатты ұстазды ұдайы мақтан етеміз. Жастайынан мақсат қойып, талаптана ұмтылған ұстаз әдістемелік кітаптармен мақала жазып, тәжірибесін таратты. Білікті мұғалім өз тәжірибесімен ел ішінде ғана бөлісіп қойған жоқ, мақалалары, әдістемелік зерттеулері арысы Дания, берісі Ресей, Украинада жарияланып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға дайындаған еңбектері шет елдік жинақтарда жарық қөрді.

Ғылымға қосқан еңбегі де қомақты және бір ерекшелігі қандай бағытта болмасын таптаурыннан аулақ, тың да жаңашылдығы анық байқалады. Оқу әдістемелік құралдарға енген еңбегін айтасыз ба, халықаралық конференцияларға әзірлеген әдістемелік баяндамасын тілге тиек етесіз бе, әлде тренерлік бағытын аласыз ба, қай-қайсысының көтеретін жүгі, жетелер бағыты, айтатын тақырыбы – енгізу, арттыру, жаңарту, дамыту болып келеді. Сондықтан да апайымыз ұстаз-ғалым ретінде өзгеден ерекщеленеді, тыңнан түрен салатын жаңашылдық аясы терең де сапалылығы мол.

Басқасын былай қойғанда, зерттеу бағытындағы жұмыстарының өзін алып жүру оңай шаруа емес, мұндай жүкті көтеріп жүру үшін қайтпас қайрат, мұқалмас жігер, үлкен жүрек, терең білім керек. Ардақты апайымыздың бойынан осы аталғандардың барлығы табылады. Әр заманның, әр кезеңнің өзіндік трендтері бар. Бүгінде тренерлік бағыт айрықша үрдіс алып тұр. Адами артықшылығы, еңбектене білуінің ерекшелігі болса керек, қай кезеңнің де бағыт-бағдарына үйлесе кететіндігі. Иә, қандай да жаңашылдыққа бейміділігінің нәтижесі деуге толық негіз Гүлнар Тәңірбергенқызының тренерлігі де өз алдына бөлек әңгіме.

«Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген отандық орта білім жүйесін жаңарту аясында математика мұғалімдерінің біліктілігін бағдарламалары бойынша тренерлікті де бүгінге дейін үздік үлгіде атқарып жүргендігі өнеге етіп айтарлықтай жол. Қызылорда қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында үйретері мол, әрбір жаңалықтың барлығын өз тыңдаушыларымен бөлісіп отыруға әрқашан әзір тұрады. Ғылым әлеміне бет алған жастарға қандай сұрақ туындаса да мәселенің шешімін табу үшін жол көрсетіп, ақыл-кеңес беруі парасат пайымының қатаң кредосы. Шаршамаңыз! Міне, асқарлы алпысқа алқынбай жеттіңіз! Алар асуыңыздың, ел-жұртыңызға, шәкірттеріңізге береріңіз мол екендігіне сеніміміз зор.

№ 144 мектеп ұжымы,
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий