Республикалық курс: Әдіскерлердің басқосуы ізденістер мен талқылауға бағытталды

Қазіргі күн сайын ақпараттар тасқындаған, өзгермелі кезеңде әдіскерлер ізденісі, олардың тарапынан педагогтарға көрсетілетін әдістемелік көмектердің арқасында сапалы білімге қол жеткізудің даму траекториясы көрініс табуда. Әрі оқытушы, әрі тәлімгер, әрі әдістемелік қолдау көрсету үшін өзі үнемі ізденіс арнасынан табылатын тынымсыз жұмыс иесі, бір сөзбен айтқанда, жаңашылдық пен дәстүрлі жүйені терең саралай білетін «көрінбейтін майданның мергендері» атанған әдіскерлердің атқарып жатқан жұмыстары қиындықпен ұштасып жатқаны анық.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы ауқымды тақырыптар қамтылған курсты да ең алдымен тікелей әдіскерлердің басын қосты қашықтан. Курс еліміздегі білім жүйесін дамытуда ерекше үлес қосып жатқан әдіскерлер құзыреттілігі мен жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталды. «Педагогтың әдістемелік қызметі және педагогтерді әдістемелік қолдау» тақырыбындағы 1-модульден бастап, «Табысты педагогикалық тәжирибені зерттеу жане жалпылау» тақырыптарындағы алты модульді сабақтастыра жүргізуді қамтыды. Курсқа республикамыздың барлық аймақтардан қатысқан таңдаулылардың құрамында жетісулық 147 әдіскер болды.

Әдіскерлер үшін «Курстың маңызы неде?» деген сұрақ төңірегінде қорытынды ой түйіндеуді жөн көрдік. Курстың басты ерекшелігі – жаңашылдықты насихаттауында, жаңалықтарды көрсете білуінде. Екіншіден, әр тақырыпты түрлі лекторлар жүргізгенмен, барлық тақырыптың бір-бірімен сабақтасқан, сатылы байланысқан жүйесінде. Бұл әрі біздің өрлеу сатымыз, нұрлы болашаққа бастар баспалдағымыздай әсер беруінде. Сонымен қатар бір ерекшелігі – әр тақырыптың талқылау алаңында зерделенуі арқылы терең талдануында. Мектеп педагогтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген әдіскерлер тарапынан маңызды ұсыныстар айтылды.

Соның бірі ретінде «Мұғалімдер шығармашылығын дамыту орталықтары» құрылса деген тілекті жеткізгеніміз жөн. Шығармашыл ұстаздарға жағдай туғызу, мемлекет тарапынан қамқорлық жасау, қолдау көрсету сынды пікірлер де аталды. «Қырандарға қамқорлық жасалған елдердің білім көгінен көрініс тапқандығы туралы дәлелдер келтірілді. Осындай тұщымды ойлардың әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып, талдануының да өзіндік маңызы ерекше. Курс кезеңінде біздің өңірдің өкілдері талқылау алаңдарын Ақтөбе облысы әдіскерлерімен бірге өткіздік.

Бұл облыс әдіскерлерінің әдістемелік тәжірибе алмасуына жағдай туғызып, тұлғалық әлеуетін, кәсіби құзыреттілік деңгейін, сондай-ақ ізденіс деңгейлерін сынға салды. Шалғай өңірдегі әдіскерлермен жұмыс жүйесін бірге талқылау, желілік қауымдастық құруға мүмкіндік туғызды. Еліміздің болашағына алаңдаған ұсыныстар негізінде ұйымдастырылған курс талаптары да жауапкершілікке ұласты. Соңында алған білім деңгейін айғақтайтын бүгінгі ақпараттық жүйенің көмегімен арнайы бағдарламаға құрылған тест сынағы тапсырылды.

Өзгешелігінің бірі ретінде әлемдегі жаңашылдықтардың, құндылықтардың біздің ұлттық жүйеміздегі көріністерінің де бірлесе іздестірілуінде дер едім. Осы орайда, баршамыздың көкейімізде: «Мүмкін әлемдік табысты технологияларды еліміздің жүйесіне енгізгенімізбен, қарыштап дамуындағы бір кедергі – бұрынырақ ұлттық санамызда орын тепкен дала психологиясымен сабақтастыра қамтылмауында жатқан шығар?» деген ой туындады. Иә, қашан да тамырын ұлттық қасиеттерден алған жүйе өміршең болады. Сондықтан да ізденістерге бағытталған, білім беру жүйесінің құнды жақтарын қоса қамтыған осы курс алдағы уақытта бір нәтижелі жұмыстарға жетелейді деген сенімдеміз.

«Педагогтың әдістемелік қызметі және педагогтарды әдістемелік қолдау» модуліндегі «Әдістемелік іс-әрекет пен педагогтарға әдістемелік қолдау – көрсетудің өзара байланысы» тақырыбында таныстырылым жасаған Мөлдір Сейдина «Әдістемелік қызмет», «Әкімшілік қолдау, оның стратегиялары», «Білім алушылармен қарым-қатынас» бойынша қойылатын талаптарға тоқтала келе, педагогикалық менеджменттің даму бағыттарының бірі саналатын адамдар арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың табысты білімге қол жеткізудегі тиімдігін талдап көрсетті.

Адамова Манара жүргізген лекцияда «Білім беру жүйесінің қызметін реттейтін нормативтік құжаттар» тақырыбы талқыланды. Себебі қазіргі жылдам жылжыған өмір көшінен білім керуені қалып қалмау керек. Сол жолда Мемлекетіміз бен Білім және ғылым министрлігі тарапынан құзырлы құжаттарға өзгерістер енгізіліп отырады. Зерттеуші ғалымның пікірінше, бүгінде қазіргі пайдаланылудағы 124 құжат талқыланып, толықтырулар мен өзгерістер енгізіліпті. Әрине көп. Бірақ бәрі еліміздің жарқын болашағы үшін. Осы жолда білім саласы қызметкерлері атқарып жатқан еңбектердің орасан зор екені тағы көрініс берді. Иә, нешеме жыл бодандықта булыққан білім саласына түбегейлі бетбұрыс жасау оңай емес. Сананы өзгерту – әлемдегі ең қиын құбылыс.

Отандық білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа тұрпаттағы мемлекеттік бағдарламасының екінші бөлімінде:  «Алайда отандық білім және ғылым жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Қазақстан халқының сауаттылық және құзыреттілік деңгейін бағалау әлемнің көптеген елдерінен елеулі артта қалғанын куәландырады» деп атап көрсетілген еді. Бұл бүгінде әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің білім жүйесінің жаңалықтарын енгізуді қолға алғанмен, әлі де атқарылар міндеттердің көп екендігін аңғартады.

Тортаева Балжан Қалданқызының әр бес жыл сайын жүргізілетін «Оқушылардың IT құзыреттері ICILS (International Computer and Information Literacy Study) халықаралық зерттеуі» жайында берген ақпараттары, еліміздің РІSА, TIMSS, PIRLS сынды халықаралық зерттеулердегі көрсеткіштерімен таныстыруы әдіскерлерге үлкен жауапкершілік жүктеді. Дала философиясымен-ақ даналық тұтастығын қамтыған ұлы дала перзенттерінің білім көгінен көрінер сәтін жақындату жолында аталған тақырыптағы лекцияның маңызы зор екені бірден байқалды.

Оқушылардың қабілеттері емес, оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірде қолдана білу мүмкіндіктерін бағалауға бағытталған халықаралық зерттеуде оқушыларымыздың деңгейінің әлі де тиісті талаптан төмен болуы бүкіл қазақстандықтарды бей-жай қалдырмасы анық. Бұл бүгінгі әлемдік білім беру стандартына қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бастапқы деңгейден алға жылжу болған кездің өзінде осындай қорытындыға жеттік. Ал бұрынғы дәстүрлі жүйенің шырмауында жүргенімізде, аталған зерттеуге мүлдем қатыса алмасыз анық еді. Десе де халықаралық зерттеулерге қатысудың өзі – ілгерілеу.

Ал биіктерді бағындыру – болашақта алынар нысана. Сол себепті де курс мақсаты алда талай ізденістер мен көп тердің төгілетінін айғақтады. Лектордың осы орайда, білім беру саласының қан майданында жүрген әдіскерлермен тікелей диалог құруы өте тиімді әрекет болғанын баса айтқымыз келеді. Ашық сұхбат барысында білім беру ұйымдарындағы кедергілердің біразы анықталды, оны шешу жолдары туралы ұсыныстар түсіп, талқылау жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстардың жобасы, жоспарлардың тақырыптары анықталды.

Алда атқарылар міндеттер көп. Ізденіспен, жауапкершілікпен, бірлесе жұмыстар атқарсақ, білім алушылардың жетістіктерін айқындайтын негізгі факторларды анықтау үшін халықаралық мәліметтер базасына қол жеткізер шақ алыс болмас. Тығыз сабақтасқан төртінші модульде «Ғылыми-зерттеу қызметі» тақырыбы қарастырылды. Дербес білім беру ұйымдарының алғашқы деңгей бағдарламасында: «Мұғалім қандай жағдайда жетістіктерге жетеді?» деген сұрақ кездеседі. Жауабы: зерттеу жүргізсе. Осы жауапты «әдіскер де зерттеу жүргізсе, жетістіктерге жетеді» деп түсінуге әбден болады.

Аталған тақырыпта білім саласындағы жаңалықтарды, оның маңызын насихаттау мәселелері де қамтылды. Ертеңгі ғалым да, жазушы, журналист те қабілетінің бастауын мектептен алады. Ал сондай қабілетті қалыптастыратын педагогтер қауымына көтерген бастамасын, атқарған жұмыстарын насихаттау – қажетті міндет. Содан да білім саласына енгізілген жаңалықтар халықтан да, тіпті құзырлы орындардан да толық қолдау таппай жатыр. Оның себебі арнайы орындарда баяндамалардың оқылуы аз, мақалалардың жариялануы жоқтың қасы.

Бар, бірақ сол мамандық иелерінің қаламынан шықпаған соң, еңбектері ерен ұстаздардың да, енгізілген жаңалықтардың да қырлары ашылмай жатады. Сондықтан да аталған тақырыпта қамтылған салыстырмалық, негіздемелік, түсіндірмелік, иллюстрациялық және тағы да басқа баяндамалардың түрлерін қамту әрі түсіндіру, әрі үйретуге бағытталды. Сонымен бірге ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық мақалаларды жазу талаптарын да талдай отырып жеткізу әдістемелік жұмысты жетілдіруге бірден-бір пайдалы кеңес болд

Бұл мәселелер де ертеңіндегі семинарда толассыз талқылауларға ұласты. Әдіскерлер тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды. Сұрақтар туындап, барлығына қанағаттанарлық жауаптар алынды. Б.Ғалымжановтың «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» тақырыбындағы таныстырылымы бағалау жүйесін жетілдіруге бағытталды. Жалпы, педагогиканың негізін салушы Ян Амос Коменскийдің сынып-сабақ жүйесінен бастау алған ұсыныстар қазақтың даналары Абайдың «білімді меңгерту, қабылдау, тану», Ж.Аймауытовтың «баланың ақылын, сезімін, ерік-жігерін, мінезін тәрбиелеуге» ұласқаны хақ.

Пікірлер жүйесі оқушы білімін бағалауды да айналып өткен жоқ. Бүгінгі қалыптастырушы, жиынтық, одан критериалды бағалауға дейінгі сатының әрқайсысы бірнеше сынақтың жүгін көтергені анық. Бұл бағыттағы бүгінгі талаптардың жан-жақты қамтылғаны да әдіскерлер үшін ізденістерімен қосыла өрілетін тұжырым болды. Келесі кезектегі модульдерде «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы мұғалімнің рөлі», «Табысты педагогикалық тәжірибені зерттеу және жалпылау модулі», «Сабақ беру барысында құрылымдық келісімді қамтамасыз ету»  сынды модульдер де ізденістермен бірге талқылай отырып, жүзеге асырылатын бірлескен жұмыстар жүйесін белгілеп берді.

Ермек Сүйеубекұлы НЕМЕРЕБАЕВ. 
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығы Білім беру менеджменті
және инновациялық қызмет бөлімінің басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий