Тарихи мұражай: 1966–1990 жылдардағы педагогика кадрларының біліктілігін арттыру жүйесінің дамуы
1966 жылдан 1970 жылдарға дейін елімізде жалпыға бірдей міндетті орта білім беруді жүзеге асыру ағарту ісін дамытудағы келелі кезеңдер болды. КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Кабинеті «Жалпы білім беретін орта мектептердің жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы» (10. 11. 1966 ж), «Жастарға жалпыға бірдей орта білім беруге көшуді аяқтау және жалпы білім беретін мектептерді одан әрі дамыту туралы» (20.06.1972 ж), «Жалпы білім беретін ауылдық орта мектептердің жұмысын одан әрі жақсарту туралы» (02.07.1973 ж) қаулылар қабылдады. Мектептердің жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламаларына көшуіне орай мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарының даму кезеңі басталды.
Жалпыға бірдей міндетті орта білім беруге көшу педагог кадрларынан шеберліктерін шыңдауларын, жаңа бағдарламаны терең игерулерін талап етті. Республикада педагогика кадрларын қайта даярлау ісін жандандыру жедел қолға алынды. Білім беру органдары мен мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институттары мұғалімдердің, мектеп директорларының, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының, барлық саладағы тәрбиешілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ісіне қатты көңіл бөлді.
Мұғалімдер біліктілігін арттыру жүйесінің алдына педагогика кадрларының идеологиялық, ғылыми-теориялық, әдістемелік даярлық деңгейінің атқаратын жұмысына сай келуін қадағалау, жүйенің барлық буындарының тиімді жұмыс істеуін ұйымдастыру секілді нақты міндеттер қойылды. Педагогтардың білімін жетілдіру жүйесі еліміздегі мұғалімдердің озық тәжірибелерін жинақтау, зерттеу және тарату жұмыстарына ерекше көңіл бөлді. Үздік мұғалімдер педагогикалық оқуларда, ғылыми және өндірістік конференцияларда, республикалық семинарларда өздерінің тәжірибелерін ортаға салды. Осындай мамандардың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде озық тәжірибе мектебі қалыптасты.
Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, қарқаралылық М. Жаныбаев мұғалімдердің ғылыми-өндірістік конференциясына қатысушыларға өзінің жұмыс тәжірибесін айтуда. 1966 жыл. ҚР ОММ. ҚФҚжДЖМ. 3-6420
Облыстық, қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының оқытушылары үшін педагогикалық шеберлікті шыңдаудың орталығы 1965 жылы құрылған Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институты болды. Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында штаттық кесте бойынша мектепке кіріспе, мұғалімдер білімін арттыру институтының басшылығы туралы, тәрбие жұмысы жөніндегі, техникалық құрал-жабдықтар деп аталатын бес кабинет жұмыс істеді. Басшылық қызметтегілер мен әдіскерлер саны 16 адам болды.
1967 жылға дейін мұғалімдер білімін жетілдіру институттарының әрқайсысы жылына 200-300 мұғалім даярлап, біліктілікті арттыруды қамтамасыз етті. Мемлекет қоғам мен мектептің қажеттілігін ескере отырып, біліктілігін арттыруға жіберетін мұғалімдердің квотасын өсіріп отырды. Мұрағат құжаттарындағы мәліметке сүйенсек, Қазақ ССР Министрлер Советінің 1967 жылғы 18 шілдедегі № 839 жарлығында 1969 жылы облыстық институттар жоспар бойынша 53085 мұғалімді қайта даярлаудан өткізуге тиіс, Қазақ ССР Оқу министрлігі коллегиясының 1968 жылғы 1 ақпандағы № 8 қаулысында Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институты 800-ге тарта халыққа білім беру органдары мен мектеп басшыларын қайта даярлаудан өткізуге тиісті деп жазылыпты. Суретте – орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының алғашқы курс тыңдаушыларының бір тобы.
1968 жылы мұғалімдер мен халыққа білім беру органдарының басқа да қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың сырттай оқыту түрінің саны артты. 1969 жылы СССР-да бірінші сыныптар жаңа оқу жоспары мен бағдарламасына көшті. Мұғалімдермен, басшы кадрлармен жұмыстар белсенді жүргізілді, бастауыш мектептің жаңа оқу бағдарламасы бойынша мұғалімдерді қайта даярлауға, төртінші сыныптардағы оқыту сапасы мен жоғары сыныптардағы негізгі пәндердің оқытылуына баса назар аударылды. Мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында негізгі пәндер бойынша факультатив жетекшілерін даярлайтын арнайы курстар, техникалық құрал-жабдықты қолдану жөніндегі курстар ашылды.
Қазақстан Коммунистік партиясы Алматы облыстық комитеті бюросының «Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдардың облыс және Алматы қаласындағы мектеп мұғалімдерін теориялық тұрғыдан даярлауға қатысы туралы» 1971 жылғы қазан айындағы қаулысы Орталық және облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты қызметкерлерінің жұмысына оң ықпалын тигізді. 1971-1972 оқу жылында Қазақ ССР Ғылым Академиясының, институттардың, жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, әдебиет және өнер қайраткерлері мұғалімдердің білімін жетілдіру институты оқытушыларының, мектеп директорлары мен мұғалімдердің алдында тұрақты түрде дәріс оқыды. Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының шақыруымен еліміздің өзге қалалары мен Москвадан көрнекті ғалымдар, педагогтар лекциялар мен семинарлар өткізуге келді, бұл мұғалімдер білімін арттыру жүйесіндегі педагог кадрлардың психологиялық-педагогикалық даярлық деңгейінің артуына оң ықпалын тигізді.
Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының даярлық курсының негізгі бағыттары: мұғалімдердің ғылыми-әдістемелік және кәсіби деңгейін көтеру, оқытудың формасы мен әдісін жетілдіру, психология, педагогика ғылымының жетістіктері мен озық тәжірибені практикаға енгізу болды. Жыл сайын курс атаулары мен түрлері өзгеріп тұрды, курстық даярлықтың дифференциациясы, біліктілікті арттырудың мазмұны тереңдетілді. Республика мұғалімдерінің білім деңгейі көтерілді. Мұрағат құжаттарындағы мәліметке сүйенсек, 1971-1975 жылдары Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтындағы бір айлық курстан 242106 қызметкер даярлықтан өткен. 1970 жылы 30121, 1975 жылы 31560 педагог біліктіліктерін көтерген. Білім беру саласының 52706 қызметкері 1970 жылы, ал 1975 жылы 11582 қызметкер біліктілікті арттыру семинарларына қатысты.
Осы мерзімде білім беру саласындағы 21670 басшы қызметкер де қайта даярлықтан өтті. Мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары мен әдістемелік кабинеттері жас мамандармен жан-жақты жұмыс жасауды өздерінің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырды. Бұл олардың білімін жетілдіруге, озық тәжірибені игеруге деген нақты әдістемелік көмек болды. 1971-1975 жылдары еліміздің мектептеріне 51800 жас маман жіберілді, 6210 мұғалім тәжірибелі тәлімгерлерге бекітіліп берілді, 5862 адам жас мұғалімдер мектебіне бірікті. 1359 мұғалім өздігінен білім алу бойынша жеке жоспарларымен жұмыс істеді, 70431 мұғалім ашық сабақ берді.
Республиканың мұғалімдер біліктілігін арттыру институттары бірнеше пәннен қатар сабақ беретін шағын жинақталған селолық мектеп мұғалімдерін, арнаулы мектептің қызметкерлерін, сондай-ақ ұлттық мектептерде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдерді қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды басты назарда ұстады. 1971-1975 жылдары Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында ұйымдастырылған қайта даярлау курстары мен семинарларынан ұлттық мектепте сабақ беретін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 2997 мұғалімі, шағын жинақталған мектептерде әр түрлі пәннен сабақ беретін 4500 мұғалім, арнаулы мектептің 688 қызметкері өтті.
Москвада өткен Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде халыққа білім беру саласының жиырма екі мекемесінің, оның ішінде бір қалалық білім беру бөлімінің, бір аудандық әдістемелік кабинеттің, 2 мектеп-интернаттың, 17 жалпы білім беретін мектептің озық тәжірибе жұмыстары көрсетілді. 1973 жылы Маңғышлақ облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты құрылды. Институт директоры болып А.Нажмеденов тағайындалды. Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының жаңа бағдарламамен жұмыс істеуіне байланысты педагог кадрларды жаппай қайта даярлауға көшкен 1970 жылдар мынадай жұмыс жүйесі қалыптасты.
Міндетті бір айлық курстар, жаңа бағдарламаның, оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұны мен ерекшелігін зерттейтін, олармен жұмыс істеудің әдістемесі мен түрлері ұсынылатын онкүндік семинарлар; жаңа курс бағдарламасын егжей-тегжейлі талдап, онымен жете танысу мақсатында курстағы оқу аяқталғаннан кейін өңірлік-әдістемелік бірлестік базасы негізінде аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттер жанынан тұрақты жұмыс істейтін нұсқаулық-әдістемелік курстар мен семинарлар ұйымдастырылды; курстағы оқу аяқталғаннан кейін мұғалімдер мамандықтары бойынша идеялық-саяси, ғылыми-теориялық және әдістемелік даярлықтарын өз бетінше жетілдіру жұмыстарын жүргізді; республиканың көптеген облыстарында жаңа бағдарламаға көшуді аяқтаған мұғалімдер үшін халыққа білім беру саласы мамандарының біліктілігін арттырудың біржылдық, екіжылдық оқыту жүйесі енгізілді.
Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру ісіндегі ең маңыздысы оқыту әдісін жетілдіру, оқыту ісінде техникалық құралдарды тиімді пайдалану, кабинеттік жүйе жағдайында жұмыс істеуге бейімдеу болды. Курстық және семинар жұмыстарында оқытудың сапасын жақсартуға, оқушылардың терең білім алуына, алған білімдерін өз бетінше жетілдіріп, коммунистік тәрбие беруге, эстетикалық, интернациональдық және әскери-патриоттық тәрбие беруге баса назар аударылды. Республикада педагог кадрларын қайта даярлау жұмысы жетілдіріліп, жаңа іс-шаралармен толықтырылды.
Көптеген облыстарда мұғалімге өз еңбегі мен оның нәтижесіне сараптама жасауға көмектесу мақсатында курстың оқу бағдарламасының аясын кеңейтіп, мазмұнын тереңдететін формалар енгізілді. Осыған байланысты курсқа дейінгі және курстан кейінгі оқуды байланыстыратын қажеттілік туындады. Бұл мақсатқа мұғалімдер білімін арттыру институттарының ұсынған курсқа дейінгі және курстан кейінгі тапсырмаларды орындау арқылы қол жеткізілді. Курстағы оқудың ең тиімді әдісі – озық тәжірибемен бөлісу. Курс бағдарламаларында осыған көп мән берілді. Курстағы тәжірибе алмасу кезіндегі өзін-өзі толық ақтаған әдіс – тыңдаушылардың шығармашылық есебі болды. Яғни, курс бағдарламасының әдістемелік бөлігі мұғалім-практиктердің кәсіби баяндамасымен толықтырылып отырды.
Курстар мен семинарлардың оқу-тақырыптық жоспарларында білім беру саласының қызметкерлерінің идеялық-саяси бағытын күшейтуге, педагогика саласында ғылыми жаңалықтар ашуға, сондай-ақ пәнді оқытудың теориялық, әдістемелік жағына баса назар аударылды. Коммунистік тәрбие беру ісі белсенді түрде қолға алынды. Осылайша, тындырымды атқарылған жұмыстар оқу-тәрбие саласының деңгейін жақсартты, жалпыға міндетті орта білім беруге қолайлы жағдай жасады. Бұл оң өзгерістер мұғалімдер білімін жетілдіруді одан әрі жүйелі де мақсатты жүргізе беру керектігін ұғындырды.
Мұғалімдер білімін арттыру жүйесінде мұғалімнің жалпы білім беру және идеялық-саяси деңгейін көтеру, педагогикалық еңбек технологиясы мен практикалық дағдыны игеру сабақтары өткізіліп, озық педагогикалық тәжірибені жинақтау, зерттеу, насихаттау ең өзекті мәселеге айналды, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін көтеру мақсатында бастауыш, орта мектеп мұғалімдеріне атақ беру үшін аттестаттау өткізілді. Республика мектептерінде өз ісін жетік білетін, ізденімпаз, оқытуға шығармашылықпен қарайтын, талантты, өте білімді мұғалімдер көбейді. Социалистік Еңбек Ері Р.Нұртазина, П.Ясинский, М.Амантаева, Р.Тиесова және тағы басқа да мұғалімдер ірі тұлғаларға айналды.
1978 жылы 24 мамырда Алматы қаласында Қазақстан мұғалімдерінің V съезі өтті. Оны Қазақ ССР Оқу министрі К.Б. Балахметов ашты. Министр өз баяндамасында КПСС ХХV съезд талаптарын іс жүзіне асыру мақсатында халыққа білім беру ұйымдарының міндеттері мен педагогикалық ұжымдардың оқу-тәрбие жұмыстарын одан әрі жетілдіру, оқушыларды еңбекке баулу жұмыстары туралы айтты. Әрине, үлгілі мұғалімдердің, мектеп директорларының, мектептен тыс мекеме басшыларының озық тәжірибесін зерттеп, жинақтап тарату назардан тыс қалмады.
Шығыс Қазақстан облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры Т.Самойлов «Жоғары тиімділік пен үздіксіздік – педагог кадрлармен біліктілікті арттыру бойынша жұмыс істеудің нәтижесі» деген тақырыпта баяндама жасады. Шығыс Қазақстан облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тәжірибесі ескеріліп, СССР Оқу министрлігінің ғылыми-әдістемелік кеңесінен оң бағасын алды.
Қазақстан мұғалімдерінің V съезінің делегаттары Л. Жолдасов, З. Хусанов, У. Еспанов, Ш. Ділбеков, Р. Нуртазина, Д. Сүлейменов. Алматы. 1978 жыл. ҚР ОММ. ҚФҚжДЖМ. 2-79553.
Елімізде оқу сапасын жақсарту мақсатында білім мен тәрбие беру мәселелеріне арналған қаңтар, наурыз, тамыз семинар-кеңестері, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, педагогикалық оқулар жыл сайын өткізілді. 1980 жылдардың басында мұғалімдердің біліктілігін арттырудың тұрақты жүйесі қалыптасты. СССР Жоғарғы Кеңесі «Жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының негізгі бағыттары» туралы 1984 жылы № 13-ІХ қаулы қабылдады. Жалпы білім беретін орта мектеп онбір жылдық оқуға көшті. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісі нығайтылды. Бұл мұғалімдердің білімін жетілдіру жүйесіне жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктеді.
Педагогикалық жұмыс ғылыми ізденістермен, зерттеулермен толықты. Солардың ішіндегі маңызды оқу-тәрбие процесінің теориясы мен әдістемесін оңтайландыру (СССР Педагогика Ғылымдар Академиясының толық мүшесі Ю.Бабанский даярлаған) қазіргі заманғы дидактиканың жетістіктерінің бірі болды. СССР Оқу министрлігі оңтайландыру идеясының методологиясы мен әдістемесіндегі үндестікті қамтамасыз ету үшін тірек мектептерінің басшыларының, аудандық (қалалық) білім беру бөлімдерінің меңгерушілері мен инспекторларының, аудандық (қалалық) әдістемелік кабинет меңгерушілері мен оқу жоспары жөніндегі мектеп әдіскерлерінің облыстық семинарын өткізуді ұсынды.
Мұғалімдер білімін жетілдіру мәселесіне қатты көңіл бөлінді. Мұғалімдер білімін жетілдіру институттарының жұмыс кестесіне жергілікті жердегі білім беру басқармасының органдары бақылау жасады. Педагогика кадрларының біліктілігін жетілдіру институттарының профессор-оқытушылар құрамы Мәскеу қаласындағы СССР Педагогикалық білім Академиясында, Орталық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтында, Алматы қаласындағы Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әрі тиімді әдістемесімен таныстыратын арнайы курстардан өтті.
Педагогикалық біліктілікті арттыру жүйесінде әдістемелік даярлыққа маңызды орын берілді, оның негізгі формасы: бағыт беретін, күндізгі және сырттай, жас мамандарға арналған, тағлымдамалық, тақырыптық, проблемалық, мақсатты, 2-3 пәннен сабақ беретін мұғалімдерге арналған курстар болды. Курс жұмыстарының басты мақсаты мұғалімдерге қажетті білімді кеңейту, жаңарту, басымдық беру болып табылады. Оқушы тұлғасын қалыптастыруда оның жас және психологиялық ерекшелігін ескеру үшін мұғалімнің психологиялық-педагогикалық даярлығына көп мән берілді. Мұғалім курстық оқудан оқушы тұлғасын қалыптастыру процесінде уақытқа сай психологиялық-педагогикалық шешім табудың жолын іздестіреді.
Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты директорларының республикалық курсы. Ортада Қазақ ССР Оқу министрі К.Балахметов, Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры Л.Гусев, директордың орынбасары Ш.Амантурлин. 1984 жыл.
КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советінің «Кәсіптік-техникалық оқыту жүйесінің педагогика кадрларын даярлау, біліктілігін жетілдіру және олардың еңбек, тұрмыс жағдайларын жақсарту шаралары туралы» 1984 жылы 12 сәуірдегі № 318 қаулысы мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру жүйесін ынталандыратын маңызды құжат болды. Құжатта педагогика кадрларының біліктілігін арттыру жүйесінің бағыттарын жетілдіру мәселесін атап көрсетіп: «Одақтас республикалардың коммунистік партиялары… педагогика кадрларын даярлау, біліктілігін арттыру ісін КПСС Орталық Комитетінің 1983 жылғы июнь пленумының шешімдері мен жалпы білім беретін және кәсіби мектептерді реформалаудың негізгі бағыттарына сай қамтамасыз етсін» делінген,
Сондай-ақ «СССР Оқу министрлігі мен СССР Педагогикалық ғылымдар Академиясы оқушылар мен студенттерге білім мен коммунистік тәрбие беру талаптарының өсуіне орай халыққа білім беру қызметкерлерінің біліктілігін көтеру жөніндегі оқу жоспарлары мен бағдарламаларын қайта әзірлесін…». Педагогика кадрларының біліктілігін жетілдіру жүйесінің оқу мекемелерін қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мен халыққа білім беру саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ісін белсенді жүргізуге қатысты шаралар қарастырылсын».
Алматы қаласындағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтындағы техникалық құралдарды оқыту кабинетіндегі сабақ үстінде. Алматы, 1985 жыл. ҚР ОММ. КФҚжДМЖ. 2-89484.
1988 жылы 6 ақпанда СССР Министрлер Советінің № 166 «Біліктілікті арттыру мен қайта даярлау қызметкерлері және халық шаруашылығы мамандары жүйесін қайта құру туралы» қаулысы шықты, онда басшы қызметкерлер мен мамандардың біліктілігін арттырудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін құру мен онекінші бесжылдықта кадрларды мерзімді оқытудан үздіксіз оқытуға көшірудің нақты іс-шарасын жүзеге асыру туралы айтылды. Қаулыда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін үздіксіз білім беруге көшу мен оқытудың негізгі түрлері бекітілді: қызметкердің ұйым басшысы бекіткен жеке жоспары бойынша өз бетінше жүйелі түрде оқуы, айына кем дегенде бір рет тұрақты түрде өткізілетін семинарларға қатысу; біліктілікті арттыру жүйесіндегі оқу мекемелерінде қысқа мерзімді курстарда оқу.
Біліктілікті арттыру жүйесінде іскерлік және рөлдік ойындар, пікірталас, семинарлар, тренингтер, тәжірибе алмасу мектебі және басқа да оқытудың белсенді әдістерін кеңінен қолдану ұсынылды. Мұғалімдер білімін жетілдіру институттары білім саласының қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін арттырудың, озық педагогикалық тәжірибені жинақтап, таратудың ғылыми-әдістемелік орталығы іспеттес. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдары мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында, өндірістен қол үзіп оқитын бір айлық курстар, күндізгі-сырттай оқитын курстар, методологиялық және тақырыптық семинарлар, практикумдар, лекция циклдары, жеке және топтық консультациялар беру секілді курстардың түрліше формасын қамтыған білім беру аймағы қалыптасты.
Мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары Қазақстандағы білім беру жүйесінің органикалық бөлігі ретінде оның болымды жағын айқындап, сол жылдардағы қоғам дамуындағы мәселелерді де көрсетті. Әдістемелік қызмет көрсету мекемесінің тармақты желісі құрылды. Оның құрамына Орталық және Алматы қалалық, 19 облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институттары, 298 аудандық (қалалық) әдістемелік кабинеттер, мектеп басшыларының біліктілігін арттыратын 6 факультет жұмыс істеді. Бұл еліміздің мектептерін білімді педагог кадрлармен қамтамасыз ететін жақсы мүмкіндік болды. Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институты республикадағы институттардың қызметтеріне басшылық жасайтын, үйлестіретін және еліміздегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыратын бірден-бір ғылыми-әдістемелік орталық болды.
1980 жылдардың соңында педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың мемлекеттік бірыңғай жүйесінің маңызды құрылымдық және функциональды компоненттерін қалыптастыру процесі іс жүзінде аяқталды. Мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін қолайлы мүмкіндіктер жасалды.
Майра Берікқызы БЕЛГІБАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Алматы қаласы
бойынша ПҚ БАИ курстан кейінгі сүйемелдеу
және инновацияларды енгізу зертханасының
меңгерушісі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері