Тәуелсіздігімізді бағалай және қорғай білейік

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласы педагогикалық және ғылыми қауымдастық арасында аса үлкен серпіліс, саналық қозғалыс берді. Биылғы жылы біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Уақыт өткен сайын өз тарихымызға қайта үңіліп, біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің жаңа беттерін ашып, Қазақстан тәуелсіздігінің көне дәстүрлерін жаңғыртып, жаңа құндылықтарды қалыптастырудамыз.

Ғасырлар қойнауынан асыл азаматтарымыздың мұрасын аршып алдық. Тәуелсіздіктің мәнін толық түсіну үшін, ең алдымен тарихымызды білуіміз керек, сол арқылы бүгінгі заманның ерекшеліктерін айқындаймыз және болашағымызды нақты бағдарлаймыз. Өз еліңнің тарихын білмей, бүгінгі күнді түсіну қиын болады, сонымен қатар болашақты жоспарлау мүмкін емес.Яғни бізге бүгінімізді түйсініп, болашағымыздың сұлбасын көру үшін өткенімізге үңілу қажет. Тәуелсіздік біз үшін ұлы ұғымдардың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасиетін де білеміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» деп аталатын кітабында былай жазады: «Қазақстан Тәуелсіздігінің формуласы – бұл тең мәнді екі ұғымның Азаттық пен Жауаптылықтың қосындысы.

Жауаптылықтың арқасында ғана біз дамудың дұрыс стратегиялық жолын таңдай алдық, мемлекет құрып, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық». Яғни Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, оны мәңгі ұстап қалу, қорғау, нығайту, өркендету – әрбір азаматтың борышы. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Осы болған оқиғалар барлық тәуелсіз елдерге сабақ болу керек деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылықтарға ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік.

Көп мәселелер Орталыққа (Мәскеуге) қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Құдайға шүкір, Елбасымыздың жастарға деген қамқорлық саясатының негізінде бүгінгі жастарымыз ондай көз-қарастан айырылды. Бүгінгі жастарымыз алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды. Мемлекет Басшысына сенеді, Мемлекет Басшысының саясатын қолдайды. Осы құндылықтардың барлығын жастарымызға тәуелсіздік беріп отыр.

Өткен жылы жаһан жұртшылығын пандемия әбігерге салды. Шынын айтсақ, карантин кезінде адамзаттың қоғамдағы көп мәселелерге көз-қарасы өзгерді, жалпыадамзаттық құндылықтарды ерекше бағалайтын болдық, біздің менталитетіміз, психологиямыз, сана-сезіміміз өзгере бастады. Елбасымыз айтқандай, адамның өзіне деген сенімі-үлкен күш. Бұл боймызға – қажырлық, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Сабырлық, тәртіп, жауапкершіліктің, бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында оданда өтеміз деп ойлаймын.

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
профессор. Жамбыл облысының Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий