Жақып Ақбаев -145: Алаш үкіметінің мүшесі, қоғам қайраткері, заңгер, қазақтың тұңғыш құқық магистрі

Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкі­ме­ті­нің мүшесі, заңгер, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаев 1876 жылғы қазан айының 25-і күні бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы №3 ауылдың Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасыда туған. Арғын тайпасы, қаракесек руының сары танас бұтағынан шыққан.

1903-1905 жылы Омбы сот палатасында, округтік сотта қызмет еткен. 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі төңкеріс саяси белсенділігіне қозғау салып, митингілерге қатысқан. 1907-1927 жылы Семей, Сырдария, округтік губерниялық соттарында лауазымды қызметтер атқарған, 1907 жылдан Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болды. 1917 жылы “Алаш” партиясын, “Алашорда” үкіметін ұйымдастырушы қайраткерлердің қатарына қосылып, осы жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен бүкілқазақ съезіне қатысады.

Орынбордағы екінші бүкілқазақ съезінде “Алашорда” үкіметінің мүшелігіне еніп, онда 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтереді. 1928 жылы Голощекиндік саяси айыптаулардан аулақ болу мақсатында елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосында тұрып, ғылыми және шығармашылық жұмыстармен қатар шұғылданады.

1932 жылдың сәуір айында Воронеж облысына бес жылға жер аударылады. Айдаудағы ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, оған рақымшылық жасалған. Ол мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады. Ғалым 1934 жылы 4 шілдеде өмірден өтті. Жақып Ақбаев Қазақстан Жоғарғы сотының 1958 жылдың 28 ақпандағы шешімімен толық ақталды.

Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазіргі ректоры, заң ғылымының докторы, профессор, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Нұрлан Орынбасарұлы ДУЛАТБЕКОВтің республикалық “АЛАШ АЙНАСЫ” газетінде (04. 03. 2012 ж) жарияланған тарихи тұлға туралы зерттеу мақаласын толық мәтінде ұсынып отырмыз. Ұлт тарихы – ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, жолдардан өткен, қилы-қилы замандарды бастан кеш­кен тарих. Ал Алаш тарихы, Алаш қозғалысы – ұлт тарихының толғақты, тағылымды кезеңі. Алаш қозғалысына қатысты әрбір дерек біз үшін маңызды болуы тиіс. Өйткені бұл ұлт-азаттық қозғалыс халқымызды ұйыстыруға, дербес мемлекет құруға, ең бастысы – ұлтымыздың рухын көтеруге арналған ұлы шара еді.

Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай Алаш қозғалысы туралы жүйелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Бұл құптарлық қадам. Өйткені осы айтулы қозғалыстың тарихын тану – халқымыз жүріп өткен жолдарды саралаумен бірге, ұлттық болмысымызды жаңғырту, жаңарту, түгендеу болатындығы сөзсіз. 

Петербор мұрағатының беттері. Осы саламен түбегейлі, жүйелі түрде шұғылданып, зерттеп жүрген барыста өткен жылы бірнеше ғасырлық тамаша тарихы бар, талай-талай тұғырлы тұлғалардың тамырлы ізі қалған Санкт-Петербург университетінде арнайы болған едік. Ондағы мақсат – осы ордалы оқу орнында ХХ ғасырдың басында білім алған үркердей топ, қазақ зиялыларына қатысты тың деректер іздестіру, табу болатын. Бізді университет президенті, зият білім иесі, зерделі ғалым Людмила Алексеевна Вербиц­кая зор ілтипатпен қарсы алды. Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған, мені кем, алды кең жайсаң тұлға ресми қалыптан шығып, риясыз пейіл танытып, іссапар барысына орай жан-жақты жағдай жасады.

ХІХ ғасыр­дағы «қараңғы қазақ көгінен» «аққан жұл­дыз» – ұлы Шоқаннан кейінгі туған қуатты толқын – Ж.Сейдалин, Ж.Ақбаев, Б.Сырт­танов, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков, т.б. қатысты осындағы мұрағат қорында сақталған мате­риалдармен таныса отырып, біраз тың дерек­тер­дің көзін аштық. Біз бүгін солардың ішінен халқымыздан шыққан алғашқы заң магистр­лерінің бірі Жақып Ақбаевтың Санкт-Петер­бург университетінде оқыған жылдарына байланысты, жалпы білім-ілім жолындағы талпыныс-талабына қатысты сөз қозғамақ­пыз.

Сөз бастауында нысанаға алынған негізгі тақырыбымызға көшпес бұрын, біз Ж.Ақбаев өміріне қатысты қосымша, бірақ кейіпке­ріміздің бекзат болмысын ашуға айрықша үлесі бар деген оймен мына бір дерекке, тағылымды тәмсілге оқырман назарын аудара кетсек пе дейміз. Жақып ағаның өмір­лік серігі – татар қызы Гүлбағар Бекметова, қайын жұрты әйгілі Бекметовтер әулеті екені белгілі. Бекметовтер әулеті өз заманында Қазақстанның қоғамдық және экономикалық өміріне белсене араласқан, ұлттық салт-дәстүрлерді жете меңгерген. ХІХ ғасырда ауқат­ты саудагер Халиолла Хамитұлы Бек­метов (1833-1903) салдырған Халиолла үйі, Бекметов үйі қазірде Қарқаралы қаласындағы тарих және мәдениет ескерткіші, мемлекет қамқорлығына алынған.

X.Бекметов түрме­лерге қамқорлықтың Қарқаралы бөлімше­сінің, Қоянды жәрмеңкелік комитетінің мүшесі болған. Халиолланың інісі Мұхаммед (Мақсұт) Бекметов Қазақстандағы әлеуметтік теңдік жолындағы қозғалысқа белсене ара­ласқан. Халиолла Бекметов аға сұлтан Құнан­бай Өскенбайұлымен дос болып, жиі арала­сып тұрған. Әділ де адалдығымен танылған Халиолланы Қарқаралы халқы бітімші би етіп сайлаған. Қалада мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға көп еңбек сіңірген. Құнанбай Қарқаралыдағы мешітті салдырарда оның жобасы мен тұрғы­зылатын орнына байланысты Бекметовпен ақылдасып отырған.

Халиолла қаладағы Құнанбай мешіті ғана емес, 1910 ж. Санкт-Пе­тер­бургте салынып, іске қосылған мұсыл­мандар мешітіне де қаржылай көп көмек көрсеткен. Халиолланың кейін «Көк үй» аталып кеткен, ешқандай шеге қағылмай, бірыңғай бөренеден қиюластырған үйіне Абай бала кезінен барып тұрған. Абай Бекме­тов кітапханасын да пайдаланған. Жас ақын­ның мұнда келген әр сапары ойын-сауықпен өткен. 1977 ж. қазір балалар бақша­сы ретінде пайдаланылатын Xалиолла үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Міне, осы Халиолланың қызы Гүлбағарға Жақыптың ата-анасы құда түседі. Бірақ ерке өскен, бұла сұлу, кербез қыз қара табан қазақ баласын менсінбегендей сыңай танытады, «мен қазаққа тимеймін» деп бұлданады. Содан бірде Жақып Қарқаралыдағы қазіргі Абай мұражайы орналасқан үйдің алдына келіп, пәуескеден түсіп жатады.

Туғаннан ерек­ше сымбатты, келбетті, кірпияз жігіт: қолында тростик, басында шляпа, аяғында туфли – еуропаша киінген Жақып бейнесі өз бөлмесінің терезесінен көріп қалған қырмызы қызға ерекше әсер етсе керек. Аяқ астында сабырдан айырылған ол, асүйде жүрген ше­ше­сіне жүгіріп келіп, «мен мына қазаққа тие­тін шығармын» деп алқына жауап беріпті. Кейінде Ресейден, Омбы шаһарынан оралып келе жатып, түрлі дәрі-дәрмектер сатып алады да, ауылға жеткен соң бір топ қара сирақ қазақ балаларын жинап алып, зайыбына олардың аяғын жуғызады екен. Содан соң әлгі дәрі-дәрмектермен ем-дом жасатады. Осы көрініске қыр басында ерекше пейілмен қызықтай қарап жатып, «Киікбай­дың балалары (Киікбай – Жақып ағаның ататегі – авт.), маған разы шығарсыңдар, Бек­метовтің қызына аяқтарыңды жуғыздым, одан артық сендерге не керек?» деп мәз болады екен…

Оқуға талпыныс. Әлқисса, Санкт-Петербург университеті. Жақып Ақбаев сонары… Университет мұра­ға­тындағы төңкеріске дейінгі құжаттар кейін­нен Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатына жіберіліпті. Псковкая, 18 мекенжайында ор­на­ласқан бұл мекемеде «Императорлық Санкт-Петербург университетінің студенті Жақып Ақбаев ісі» №1099 ретпен сақталған екен. №14 қордың №3 жазбасындағы іс 1898 жылы басталып, 1918 жылы аяқтал­ған. Ж.Ақбаев өз қолымен толтырған, Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатында сақтал­ған өмірбаянында: «Мен 1886 жылы Қарқа­ра­лыдағы қазақ интернатына оқуға түстім, 1888 жылы Омбы гимназиясына тіркелдім, кейін бірнеше жылдан кейін Том қаласындағы гимназияға ауысып, оны 1898 жылы бітір­дім» деп жазады.

Санкт-Петербург универси­тетінің мұрағатында сақталған аттестатында: «Ж.Ақбаевтың Том гимназиясында оқыған жылдары тәртібі өте жақсы болды, сабаққа жақсы дайындалып, жақсы қатысты, жазба жұмыстарды жақсы орындады, оқуға ықы­лас­ты, білімге ынтасы жақсы» деп көрсетілген. Аттестатта айшықталғандай, физика, математика пәндерінен, логика мен тарихтан, географиядан өте жақсы бағалар алған. Содан соң, жоғарыда айтқанымыздай, сол 1898 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Бұл факультет Ресейдегі беделді оқу орындарының бірі ретінде, дәл сол кезде атағы кең тараған еді. Онда аса білікті ұстаз-ғалымдар дәріс оқыған.

Университет тарихында атап көрсетілгеніндей, орыстың мемлекеттік құқығынан В.Милютин, дипломатиядан И.Ивановский, азаматтық құқық пәнінен К.Неволин мен К.Кавелин, орыстың қылмыстық және полициялық құқы­ғынан Я.Баршев, қылмыстық құқық пәнінен әйгілі В.Спасович, тағы басқалары ұстаздық еткен. Бұлардың барлығы Ресей ғылымында, университет тарихында өшпес із қалдырған өнегелі ғалымдар санатынан. Санкт-Петербургте Ж.Ақбаев Алексан­дровск даңғылы бойындағы 7-үйдің 3-пәте­рін­де жатып оқиды. Алғашқы жылдары Жақыптың жанында одан бір курс жоғары оқыған Айдархан Тұрлыбаев бірге тұрады. А.Тұрлыбаев есімі де ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері қата­рында зор құрметпен аталады.

Әуелден сыйлас, дос-жар болған екі тұлғаның жолы кейін қызметке араласқан жылдары да тоғысып отырады. Айдархан ұзақ жылдар Омбы қаласының заң орындарында қызмет еткен. Ол жөнінде нақтылы жазба деректер бар. Ал жоғарыда аталған Александровск даңғылы өз заманында Ресей астанасының негізгі көшелерінің бірі саналатын. Мұнда негізінен оқымысты-ғалымдар, бай-көпес­тер, қала шенеуніктері тұратын болған. Біз бұл үйге де арнайы бардық. Қазірде Добро­любов көшесі аталады. Жақып ағаның жа­лын­ды жастық жылдары өткен үйдің сырт сәулетіне көз тігіп тұрып, тағы бір көңіл тол­қыт­тық… Университет қабырғасындағы алғашқы жылы Ж.Ақбаевқа 400 рубль стипендия таға­йындалған. Сондай-ақ мұрағатта «Далалық өлке бастығының оның киім-кешек алуға қаржы бөлуі жөнінде жасаған өтінішін қана­ғаттандырмағаны, киім-кешек стипендия есебінен жүргізілуге тиіс екендігін алға тартқандығы; соған орай Университет кеңсе­сі­нің Семей облысының студенті, стипендиат Жақып Ақбаевқа жәрдемақы беруі» жөніндегі де жазба бар (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты, №5136 іс, 17 қазан 1898 ж.). Жал­пы, жоғарыда атап өткеніміздей, Жа­қып ағаның өзі де дәулетті отбасынан шық­қан, қайын жұртының көмегі, қамқорлығы – өз алдына бір сала. Сондықтан да ақша-қаржы жөнінен көп мұқтаждық көрмеген. 

Соған қарамай, орнықты мінезді, алғыр жігіт алтын уақытын, алған қаржысын серілік-селтеңге зая кетірмей, жан-жақты білім алуға жұмсаған. Жоғары оқу орнында Жақыптың табиғи дарыны барынша ашылып, талапты да тәлімді шәкірт ретінде танылған. Соның бір ғана мысалы, қырдағы қиырдан  келген студенттің ғылыми жұмысына университет ректоры, белгілі заңгер А.X.Гольмстен өзі жетекшілік еткен. Адольф Христианович Гольмстен (1848-1920) – заманында заң-құ­қық саласында өзіндік бет-беделі бар білікті ғалым, азаматтық құқық және үдеріс пәні бойынша бірқатар салмақты еңбектер жазып қалдырған. 1899-1903 жылдары аталмыш университеттің ректоры болған. Бір айта кетерлігі, А.Х.Гольмстен жоғарыда аталған А.Тұрлыбаевтың да ғылыми жұмысына жетекші болған.

Университет қабырғасында Ж.Ақбаев Рим құқығы тарихы, Орыс құқығы тарихы, мемлекет, шіркеу, полиция құқығы, саяси экономика, статистика, азаматтық құқық және сот өндірісі, қылмыстық құқық және сот өндірісі, қаржы құқығы, халықаралық құқық, құқық энциклопедиясы, құқық философиясы тарихы сынды пәндерден дәріс алады. Осы орайда айта кететін бір жайт, біз кейінгі уақытқа дейін Жақып Ақбаевты заңгер ретінде ғана танып келдік. Рас, Ж.Ақбаев – қазақтан шыққан алғашқы заң магистрлерінің бірі. Сондай-ақ ол университет қабырғасында жүріп, тылсымы тұңғиық тарих саласына барлау жасаған. Заң факультетіндегі 4-курста оқи жүріп, 1901 жылдың тамыз айынан бастап Археология институтында қосымша дәріс алған.

Бұл жөнінде сақталған екі құжат бар. Біріншісінде былай деп жазылған: «Бұл дәйекнама Императорлық Санкт-Петербург университетінің студенті Жақып Ақбаевқа, Санкт-Петербург Архео­логия институтына тапсыру үшін берілді, себебі университет бастықтары тарапынан оның аталған институтта дәріс тыңдауына ешқандай бөгет жоқ». Осылайша, негізгі оқу орнынан ресми рұқсат алған Ж.Ақбаев екінші білімді де еркін игереді. Аталмыш Археология институты да аса беделді ғылыми орталық әрі академиялық оқу орны еді. Оған басқа оқу орындарын бітіргендер түсіп, екі жыл оқитын болған. Ж.Ақ­баев та мұнда екі жыл оқыған. Оған келесі жылы дәл жоғарыдағы мазмұндағы, 1902 жылы тамызда берілген екінші дәйекнаманы дәлел ретінде келтіруге бола­ды. Сондай-ақ Ж.Ақбаев Киевтегі Импера­торлық Әулие Владимир университетінде оқуға да ниет еткен. Ол жөнінде де мұрағат жазбаларында нақтылы деректер бар (Императорлық Әулие Владимир универси­теті ректорының №6255 қатынас қағазы, 15 қа­раша 1901 ж.).

Алаш сөзін айтам деп… Жақып Ақбаев ауылда, қазақ сақарасында өткізетін жазғы демалыс уақытында да өзін оқыған, байыпты, болашақ күрескер ретінде таныта білген. Ел арасын індеттей жайлаған зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа қатысты өз ойын ашық білдіріп отырған. Әділіне ара­ша түскен, таразы болған. Оған мысал ретін­де, 1900 жылы шілде айында Семей округ­тік кеңсесіне мынадай мазмұндағы шағым хат түскенін келтіре кетсек те жеткілікті болар: «Қарқаралы уезінде тұратын қазақ Жақып Ақбаев поштабай Бәкен Өтеулинге, Берікқара болысынан өтіп бара жатқан тұста өрескел мінез-құлық көрсеткен, өз ісін алаңсыз  атқаруға кедергі келтірген…» Анығын­да, әлгі атшабар Ақтай Бақаев деген қыр қазағының аттарын лауға деп заңсыз қуып алған екен…

Ал аталмыш атшабар ел арасында сыйымсыз, әпербақан, аралық адам болса керек. Бұдан ел үстінен күн көріп жүрген, «барып кел, шауып келге» үйренген «мәттақымдарға» жас Жақыптың батыл тойтарыс беріп отыр­ғанын, қара халықтың жағында болғанын, солардың мұң-мұқтажын жоқтағанын көре­міз. Ресей астанасында оқыған жылдары Жа­қаңның саяси көзқарастары да демократиялық арнада қалыптасады. Патшаның монархия­лық билігі, парақор үкімет аппаратының әділетсіздігі жас жігітке ой салып, өз халқының тұрлаулы тағдыры, байлаусыз болашағы толғандырады. Санкт-Петербургте Жақып мырза озық ойлы азаматтармен жақын араласып, сырлас-пікірлес болады.

Мұндай жылы шырайлы кездесулерде мемлекет құрылымын конституциялық жолмен өзгерту, әділетсіз билікке қарсылық көрсету жөнінде саяси әңгімелер қозғалады. Университет қабырғасында жүріп Ж.Ақбаев екі мақала жазып жариялайды. Оның бірі – «Санкт-Петербургские ведомости» газетінде жарық көрген, үкіметтің салық саясатын сынаған мақаласы. Кейін мақала қазақшаға аудары­лып, «Дала уәләяты» газетінің 1900 жылғы 12 санында қайта басылады. Жақып ағаның сол кездің өзінде-ақ қалыптасып қалған зейін-зердесі, парасат-пайымына дерек-дәйек ретінде мақаланың қысқаша нұсқасын келтіре кетсек пе дейміз:

Студент Жақып Ақбаев жіберген екен. «Петербург ведомосы» деген газеттің ре­дак­ция­сына.  (Қараңыз 69-нөмірін). 56-нөмірінде 27 февральда үшбу жылда сіздің газетіңізде көрінді, Семей облысына қараған Өскемен оязынан жіберген хат. Хат жіберушінің айтқандарының бәріне риза болмасам да оған қарсы келіп бұзбаймын. Сонда да айтқандарына қосымша қып өз ойымдағыны айтамын. Бұл айтылмыш жауап тураларынан хат жазушы екі-үш мәрте көзімен көріп байқағанындай, үй басына тегіс қып салатұғын алым-шығын турасынан болған зұлымдықтары тезлікпен мұндай үй иелеріне зұлым­дық­пен алым салғандарына куә айта­ды. Бұл уақыттағы шығын болар тәртіптер түзу емес дейді. Бұрынғы алым салып жүрген тәртіптер жөндері жақсы еді деп айтады.

Мен өз жағымнан бұл айтылғандарын жай бір орынсыз, дәлел жоқ сөз деп білген соң, екі түрлі тәртіп жөндерін салыстырып көрелік. Әуелі болған тәртіп уақытында, 1898 жылдан бұрын, әрбір үй иесіне алым салынғанда елу басылар старшиндарымен бірігіп салушы еді. Соның үшін үй иелеріне бас айтқан бұйрық­тарын орнына бей-жай келтіруші еді, қарсы келмейінше. 1898 жыл­дан бастап және тәртіп жөндерін жүргізгеннен кейін басқа түр, жөн­дер­ге түсіп кетті, алым болулары елу басылар­дың үй иелерімен бірге болатұғын болып бірлесіп. Бұл тәртіп бойынша, съезд болған жерге үй иелері де келетұғын болды керегіне көре. Әуелі хиса­бын беру үшін анықтап, екінші, выбор­най­ларын сайлау үшін. Бұл істердің бәрі де болса керек оязный начальник пен податной инс­пектор алдын­да.

Мал есептерін, выборнайларды сайламай тұрып тәптіштеп жазып бітіріп қояды (көбінесе выборнайлыққа байларды сайлап қояды). Сол себепті, әлбетте, бас адамы байлар олар­ды сайлап алғанша үй иелерінің ықтиярында болады. Берікқара елінің қазақтарының сөздерінен Қарқаралы оязына қараған Семей облысынын бастары Әбіш Ақтайұғлымен қойылар өз ойынша. Ақ патшаның қамқор­лығы жарлыға қылған алымды бірдей қып салуға халдеріне карай. Әрнешік қылатұғын зұлымдарына карсы келмеймін, бірақ көрсетемін не себепті бишара қыр облысының қазақтары мемлекеттің мархабаты өрнекте­ріне қарамай ұтылып қалғандар анық зұлым­дықтың астында қалысқаннан кейін басылып.

Мысалы, бұлардын бәрі және тәртіп жөндері­мен һәм малдарының хисабына қарай алым-шығын қосатұғын­дарын оқымағандарынан көреміз. Шынымен, бұл жаңылысқандары келешек сайлауда болмаса керек деп. Себебі қыр жайларын байқап қарап жүрген экспеди­ция болса керек. Мысалы, төре ақша салу жөндері малдарын есептеп, мал хисабына қарай болатұғын болып кетті, айналып қыр жайларына. Өтірік жайылып кеткен хабарлар экспедиция қазақтарға жер бөліп береді, малдарының хисабына қарай деген. Міне, соның үшін жарлы қазақтар өздерінің қыстауларын өздеріне қалдыру үшін экспе­диция арқылы малдарын екі есе көп қылып көрсеткен. Байлары олардан гөрі білімдері артық толған себептері басқа түрлі қып аз айтып көрсеткен. Бұларының ақыры жарлы байғұстарға ауыр тиіп, һәм өздерінің қылған жаңылыстарын көтере алмай және түзете ал­май, әрең-әрең шатасып күтіп тұрады, биыл­ғы келміш сайлауда байларға тәңір жарыл­қасын айтып, олардың қылған жәбірлігіне мүлде қатты тыйып қайтармақтарына.

Әркімнің халіне қарай алым салғанның рас жақсы, әділдік пайдалы екеніне һәм осындай болуларына өз еркімен еткен соң, әділдікті ондатпай қояды. Өз көзіммен көргендігім, жаз бірге ғұмыр етіп жүргендігіме қарай, өзімнің нашар, бишара қарындастарым халықты көрсетіп айтып тұр, мал хисабына қарай салған алым-шығын тура байқалады, олардың еріктерінің барлығымен нашардың халдерінің кеткендігіне көре аман болулары­ның ишаратына қарай.» Айтары жоқ, ХХ ғасырдың бас кезінде қа­зақ қоғамында мүлдем ауыр жағдай қалып­тасқаны белгілі.

Ресейлік әскери-монархия­лық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мем­ле­кетінің меншігі етіп жариялануы, осы­ған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлық­пен егіншілікке жарамды жерлерден ығыс­тырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып, көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құрал­дары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп, оны заман талабына сай күрес құралдарымен қа­ру­ландырып, азаттық үшін қоғамдық қозға­лысты бастап кете алатын мүлдем жаңа сая­си-әлеуметтік күшке сұраныс үлкен еді. Міне, осы орайда Алаш қозғалысы пайда болды. Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұр­сынов, М.Дулатовтармен бірге Ж.Ақбаев та осы ұлы қозғалыстың бастау көзінде тұрды.

Бірінші дәрежелі диплом иесі. Жақып Ақбаев 1903 жылы Петербург уни­верситетінің заң факультетін бітіріп, бірінші дәрежелі диплом алады. «Жақып Ақбайұлы Ақбаевтың дипломы» Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған екен. Ескерте кетейік, Ж.Ақбаевқа бірінші дәрежелі диплом берілген. Ол – ғылым магис­трінің дәрежесі. Бізге мәлім Бақытжан Қаратаев, Райымжан Мәрсеков, Ахмет Бірімжановтар екінші дәрежелі диплом ал­ған. Ол – қазіргі жоғары білім. Бұдан жоғары­да аталған қайраткерлердің атақ-абыройы кеміп қалмайды; біздің айтпағымыз – шындық. Ал дипломның сол күйіндегі мәтіні мынадай:

Дипломъ: Предьявитель сего, Якупь Акпаевичь Акпаевь, сынь киргиза, вероисповь­данія магометанскаго, родившійся 25 Октября 1876 года, по удовлетвори­тель­номь выдержаніи вь ИМПЕРАТОРСКОМЬ С.-Петербурском университете полукурсового испытанія и по зачете опеределеннаго уставомь числа полугодій на юридическомь факультете С.-Петербургскаго универси­тета, подвергался испы­танію вь юридической испытательной комиссіи при С -Петербургскомь университеть вь Апреле и Мае месяцахь 1903 года, при чемь оказаль следующіе успехи: на устном испытаніи: по Римскому пра­ву, Гражданскому праву, Гражданскому судопроизводству, Уго­ловному праву, Уголовному судопроизводству и Международно­му праву – весьма удовлетворительные, по Торговому праву – удовлетворительные и на письменномь испытаніи по Римскому праву – весьма удовлетворительные.

Посему, на основаніи ст. 81 общего устава ИМПЕРАТОРСКИХЬ Россійскихь университетов 23 Августа 1884 года и по одоб­реніи представленнаго сочине­нія, Якупь Акпаевь, вь засьданіи юри­ди­чес­кой испытательной комиссіи 31 Мая 1903 года, удостоень диплома первой степени со всеми правами и преимущес­твами, по­именованными вь ст. 92 устава и вь у п. ВЫСОЧАЙШЕ утвержденнаго вь 23 день Августа 1884 года мненія Государственнаго Сове­та.  Вь удостовере­ніе сего и дань этот дипломь Якупу Акпаеву, за надлежащею подпи­сью и сь приложеніемь печати Управле­нія С-Пе­тер­бургскаго учебнаго округа. С.-Петербургь, Декабря “16” дня 1903 года. Попечитель С. Петербурскаго учебного округа. Председатель юридической испытатель­ной камисси. Правитель канцелярии. № 19153.

Дипломдағы «весьма удовлетворитель­но» дегеніміз – қазіргіше «өте жақсы» деген баға, ал «удовлетворительно» – «жақсы» дегенге сәйкес келеді. Бұл арада сабырмен ойлап, зерделеп қарасаңыз, дипломның өз иесіне тимегені де көрініп тұрғандай. Қазіргідей қалтаға салып жүретін қатырма емес, ол кезде диплом қызмет орнында сақталатын болған. Ал диплом иесінің білімі туралы мағлұмат оның бас жұмысында (послужной список) беріледі екен. Бас жұмысы әрі еңбек кітапшасының орнына жүрген. Адам қай жерде мемлекеттік қызмет атқарса, бас жұмысы соңынан еріп жүреді. Бас жұмысына барлық бұйрық-жарлық, алғыс-сөгіс, тіпті сыйлық берілгеніне дейін тіркеліп отырады. Ж.Ақбаевтың мұрағат қорында сақталған бас жұмысын да көрдік.

Бірінші жазу: «Императорлық Санкт-Петербург универ­ситетінде оқып, заң ғылымының курсын 1-дә­режелі дипломмен бітірді. 1903 жылғы 10 шілдедегі № 24 бұйрық­пен Омбы сот палатасына сот қызметіне кіші үміткер (младший кандидат – авт.,) ретінде қабылданып, қылмысты істер департаментіне орналасты». Екінші жазу: «1904 жылы 8 маусымда Се­мей округтік сотының қарауына жіберіл­ді». Үшінші жазу: «1904 жылғы 16 тамызда кері шақырылып, Тобыл округтік соты хатшы­сы­ның көмекшілігіне 22 тамыз күні тағайын­далды». Ескерте кетейік, ол кезде жоғары білімді заң маманының өзін, мейлі ол магистр болсын, ең төменгі кызметке тағайындап, бес жыл сынақтан өткізіп, тәжірибеге қанықты­ратын тәртіп болған. Және де болашақ сот қызметкері әрі қылмыстық істерді, әрі аза­маттық дау-шарларды шешуге машықтанған. Адам тағдырын шешетін заң қызметкерінің көзін қанықтырып, осылайша, бар­лық саты­дан өткізуі дұрыс та шығар…

Қайраткерлікке қадам. Сонымен, ұлтының ұлы қайраткерлерінің бірі, заңғар заңгер Жақып Ақбаевтың саяси-әлеуметтік қызметі осылайша, бастау алады. Оның бұдан кейінгі тағдыр-талайы тынымсыз күреске, отты оқиғаларға толы болғаны белгілі. Елінің ертеңі үшін есепсіз еңбек сіңір­ген тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты мерзімді басылымдарда аз жазылған жоқ. Біз бұл жолы Ж.Ақбаевтың Санкт-Петербург университетінде оқыған жылдарғы өмірі, оның «болар бала баспын дер…» демекші, әуел бастан-ақ саяси көзқарасы берік, азаматтық ұстанымы мықты тұлға болып қалыптасқанын сөз етумен шектелгіміз келді. Оған сирек мұрағат материалдарын дерек-дәйек еттік. Осы орайда Ж.Ақбаевтың білім-ғылым жолындағы жорығын қазіргі жас өскін жеткіншектерге, болашақ мамандарға үлгі-өнеге етуге әбден тұрарлық.

Дегенмен сөз соңында Ж.Ақбаевтың қайраткерлік өмірінен де, Алаш қозғалысына қатысы жөнінен де қысқаша мәлімет бере кетсек пе дейміз. 1905 жылғы шілде айында Омбы қала­сын­да патша әкім­шілік орындарының мә­жілісі өтіп, онда Дала өл­кесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауына қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешім­ге қарсылық ретінде Ә.Бө­кей­­­ха­новтың ұйым­дас­ты­руы­мен, Қарқаралы уезінің 42 қазағы – өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қа­зандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп жатты. Іле-шала осын­дай митинг, шерулер 19 қазанда Омбы қала­сында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп ке­теді. «Үкіметке тіл тигізгені» үшін ол қызметінен қуыла­ды.

Артынан ол Кереку қа­ласы, Бая­н­ауыл станица­сын­да жиындар өткізіп, пат­ша режимін шенеген сөздер сөйлейді. 1905 жылғы 15-16 қарашада Қарқаралы қала­сын­да өткен үлкен жиында ол тағы да жалын­ды сөз сөй­лейді. Патшаның жергілікті әкімші­лігі «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыз­дық жасады» деген желеумен 1906 жылғы 11 қаң­тарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнел­теді. Міне, осы кезден бастап Ж.Ақбаев патша және Ке­ңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады. Жетісу облысының Қапал уезіне екі жылға жер ауда­ры­лады. Қайда жүрсе де ол пат­ша шенеунік­терінің пара­қор­лығын, халыққа жасаған оз­быр­лығын үнемі әшкере­леп отырады. Қар­қа­ралы уезін­дегі шаруалар учаскесі­нің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақор­лы­ғын әшке­релейді.

Қапалда жүр­ген­де де келім­сектерден қиянат көрген қазақ­тардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісов­пен бірлесіп, сот барысында әділ шешім шығаруға ықпал жасайды. Ақбаевтың патша әкім­­шілігінің жоғары орын­да­рына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда жүрген мер­зімін қысқартып, не сот үкі­мін бұзу жөніндегі арыз-ша­ғымдарында (мысалы, сена­тор граф Паленге жазылған осы құжатты және Ақбаев­қа қатысты басқа да мате­риалдарды алғаш тауып, жа­риялаған белгілі ақбаевта­нушы-ғалым М.Құл-Мұ­хам­мед, сонымен қоса бұл тақырыпқа белгілі қаламгер, ғалым З.Тайшыбай да байыпты барлау жасаған) өзінің жеке басы­ның мәсе­лелері көрініс тап­қандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ол құжат­тарда патша әкім­шілігінің озбырлық, зорлық-зом­былық, зы­миян­дық саясаты, шенеуніктердің парақор­лығы, жер мәселесінің ушы­ғуы сияқты мәселелер көтерілген.

Ақпан төңкерісінен соң 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр ара­лы­ғында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық ко­ми­тетінің мүшелігіне де сай­ланады, сол жылғы 24 қыр­күйекте өткен кеңесіне де қатысады. 1917 жылғы шілде айында болған Жалпы қазақтық съез­де Құрылтай жина­лысқа депутаттыққа ұсыны­лып, ал желтоқ­сан­дағы съез­де Алашорда үкіметінің мүше­лігіне өтеді. Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкі­меттер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жаза­сына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шыр айналып, Алаш­орда үкіметінің мүшесі ре­тінде Алаш ісіне толыққанды бел шеше араласу мүмкіншілігінен айырылады. Ж.Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серік­тері А.Байтұрсынов және Ж.Досмұхамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келді.

Түйін: Бір сөзбен, Жақып Ақбаев – саяси күрес қазанында қайнап, нәтижесінде халқы­ның ар-намысы боларлық дәрежеге көтеріле білген ұлттық интелли­ген­ция өкілі. Өзі айтпақшы, оның рухы өлмейді! Қазақ халқы барда, Тәуел­сіз еліміз тура жолға түсіп, ұлттық ұлы мұраттарымыз алдыңғы қатар­ға шығып жатқан алмағайып кезеңде ұлтын, елін, жерін сүюдің, соған қалтқысыз қызмет етудің қапысыз үлгісі болып, мәңгі жасай береді!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий