Стратегиялық менеджмент және басқару құзыреттілігі

Осы мақаланы жазу себебім, салалық министрлік ұйымдастырған білім беру ұйымы басшыларының ұлттық біріңғай тестілеуіне дайындық барысында бірнеше қиындықтар туындағаны болды. Маңызды дайындық материалдарының табылмағанын айтпағанда қайдан не оқимыз және қалай дайындалуымыз қажеттілігіне байланысты түрлі ойлар мазалағаны сөзсіз.

Ия үздіксіз ізденістің өзі нақты нәтижелерге бастайтындығы белгілі. Сондықтан бұл сынақтардың жетекшілердің басқару деңгейін дамытумен қатар құзыреттілікті арттыруға септігін тигізгені даусыз. Өйткені бұл тестілеу басшылардың стратегиялық менеджмент саласында жазылған көрнекті ғалым зерттеушілердің сараптамалық бағыттағы құнды еңбектерін оқуына түрткі болды. Мемлекеттік білім саласындағы басқарушылық шеберлігіне қоса қарымы мен қабілетін шыңдауына көмектескені анық.

Білім беру ұйымының басшылары басқару үдерісін ұйымдастырып, оның тиімділігін арттыру үшін міндетті түрде стратегиялық менеджменттің негізгі теориялық тұжырымдары мен мазмұнын берік бағамдап, жинақтаған тәжірибесін тиімді түрде іс жүзінде қолдануға дайын болуы керектігін терең түсінуі тиіс. Курстық оқулар барысында басшылық жасаған жылдардағы жетістіктеріммен қатар қате-кемшіліктердің барын байқадым. Осы ұсынып отырған көмекші құралымда көңілге түйгенімді басқалармен бөлісу арқылы алдағы тестілеуге қатысатын білім беру ұйымдарының басшыларының игілігіне пайдаланылуын көздедім.

Себебі дайындық барысында әріптестерімнен көптеген сұрақтар түскендіктен, жауаптарын қағазға мұқият жазып алған болатынмын. Ең бастысы білім саласында басшылық қызмет атқарып жүрген тәжірибелі маманға стратегиялық менеджментті жетік білу қажеттілігін терең түсіндім. Синергия университетінің білім саласындағы менеджмент факультетіндегі магистратура бөліміне құжат тапсырып, сынақтарда бақ сынағаным да сондықтан. Қазіргі таңда бұрын алған жоғары білімімді жетілдіру үшін оқу үдерісін қашықтан жалғастырудамын. Бұл да менің кәсіби дамуыма үлкен септігін тигізді. Яғни әрбір басшы заман талабына сай біліктілік деңгейін ұдайы арттыруы қажет.

Ең бірінші кездескен қиындық берілген сұрақтардың арасында біз бұрыннан білетін педагогикалық менеджмент туралы сауалдардың болмауы. Әрине бірінші кезекте сынақ тапсырған әріптестерімізбен кері байланыс орнатып, мын-жайды анықтағанымызды жасырмаймыз. Нәтижесінде сұрақтардың дені стратегиялық менеджмент, персоналмен жұмыс, адам ресурстарын басқару бағыттарын қамтыған екен. Сонымен қатар ұсынылатын оқу құралдары тізімінің кеш келгенімен бірге дайындыққа аз уақыт берілгені біраз қиындық келтірді. Гриффиннің «Менеджмент» еңбегін оқуымыз көп пайдасын тигізгені анық.

Себебі бұл оқулықта тақырып терең талданып, нақты мысалдармен анық түсіндірілген. Бердалиевтің «Стратегиялық менеджмент», Нұрсейтованың «Персоналды басқару» кітабы көп көмегін берді. «Стратегия» сөзі грек тілінен тәржімалағанда «соғыс құралы» мағынасын білдіреді екен. Демек бұл ұйымды басқару барысында менеджер қолданатын тиімді дағдылар мен әдіс және тәсілдерінің жиынтығы. Ол үшін алдымен мақсатқа жету қызметтерімізді айқындап алған жөн. Міне осы тұста басқару функциялары немесе қызметтері өте қажет.

Олар: жоспарлау және шешім қабылдау  (ұйымның мақсатын таңдау  және оған қол жеткізу үшін дұрыс шешім қабылдау); ұйымдастыру (әрекеттерді және ресурстарды топтастырудың ең жақсы жолын айқындау); жетекшілік ету (ұйымның мүдделері үшін қызметкерлерді ынталандыру) – мотивация; бақылау (мақсаттарға қол жеткізу үшін күнделікті әрекеттерді бақылау және түзетіп отыру. Қызметтерімізді анықтап алғаннан кейінгі кезекті қадам нені жоспарлайтынымызды білу.

Олар: адами, қаржы, материалдық және ақпараттық ресурстар, ұйымдастыру, жетекшілік жасау және бақылау. Мектептің стратегиялық бағытын немесе даму жоспарын айқындағанда болжау, миссия, мақсат пен міндеттерімізді нақтыласақ шешім қабылдаудың ең маңызды жолы осы. Міне бұл ретте ұйымның сыртқы және ішкі ортасының ықпалы анықталады. Жоғарғы табысқа жеткісі келген басшылар жетекшілік жасаудағы жеке қабілеттеріне қоса дағдыларын тиімді қолдану қажет. Басқару дағдыларына тоқталсақ: тұлғааралық, коммуникативті, ақпараттық, техникалық, ой-тұжырымдау, шешім қабылдау, бағалау және уақытты жоспарлау.

Басшыда техникалық дағды болмаса ұйымда жұмыстың жүруі қиын. Мәселен ол сабақты жөнді бере алмайтын болса, оқыту үдерісін талдай алмайды деген сөз. Ұйымда болатын қарама-қайшылықтарды шешуге басшының тұлғааралық дағдысы қажет. Болашақты бағамдап, жұмыстың жоспарын тиімді жасауға ой-тұжырымдау дағдысынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Стратегия ең алдымен өндіріс деңгейіндегі ағымды басқарумен жоғары деңгейдің айырмашылығын көрсетеді. Оның көптеген анықтамалары бар.

Стратегия – дамудың жалпы бағыты, басқарудың жоғарғы деңгейіндегі шешімдерді талап ететін әлуетті қызмет. Стратегиялық басқару дегеніміз – ол ұйымдардың қоршаған ортамен өзара қатынастарын басқару барысындағы ұйымдардың мақсатын жүзеге асыру миссиясы және тағы да басқалар. Сондықтан басқару құзыретімізде жаңылыспай ұтымды ресурстарды пайдалану арқылы тиімді әрекеттер ұтымды ұйымдастыра білейік.

Күләш Мұхтарқызы АБДУЛЛАЕВА,
№57 орта мектептің директоры,
Жамбыл облысының Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий