Серке Қожамқұлов – 125: Тума талантымен сахнаның саңлағы саналған

Серке (Серәлі) Қожамқұлов 1896 жылғы мамыр айының 5-і күні Қостанай облысы, Қарабалық ауданына қарасты он үшінші ауылда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Серәлі. Бала күнінде анасы еркелетіп, “Серкем менің!” деп атаған. Ол Тройцк қаласындағы медреседе білім алған. Азамат соғысы кезінде Серке Қожамқұлов Әліби Жангелдиннің партизандық отрядында болады. Кейін білімін Орынбор қаласында жалғастырады. Оқу орнында, әскерде белсенділік танытып, әуесқой қойылымдарға қатысқан.

1923 жылы оқуын бітіріп, Қостанай қаласында сот тергеушісі болып жұмысқа орналасады. Ол жақта әртістік қабілетімен танылып, 1925 жылы тұңғыш Қазақ театрына режиссерлік қызметке жіберілген. Ол Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың іргесін қалаушылардың бірі болды. Театрда режиссер болып, сахнада Мырқымбай, Қоңқай, Көбікті, Қарабай, Еспембет сияқты образдарды сомдады. Серке Қожамқұлов қазақ кинематографиясының дамуына сүбелі үлес қосты. “Амангелді”, “Ақ раушан”, Шәкен Аймановтың “Алдар көсе”, “Біздің сүйікті дәрігер” музыкалық комедиясында басты рөлдерде ойнады.

Сіздердің назарларыңызға “АЛТЫН ОРДА” республикалық газетінің  2011 жылғы қаңтар айының 11-і күнгі сайтында жарияланған театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, талантты актер Серәлі Қожамқұловтың қызы Мәрияммен жүргізілген сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын ұсынамыз. Бүгінгі ұрпаққа қайталанбас болмыс-бітімді талантымен мойындалған Серәлі Қожамқұловтың қара шаңырағында отырған ұрпағысыз. Әкеңіз қазақ көрермендері үшін сахнаның тарланы болып қала бермек. Ал, сіз үшін әкеңіз кім еді? Бағамын перзенті ретінде көпшілікке қалай жеткізер едіңіз?

Әкеміз біздер үшін алып бәйтерек еді. Біз — балалары сол алып бәйтеректің шексіз сүйіспеншілігіне бөленген бұтақтары екендігімізді әрқайсысымыз өз орнымызды тапқанда білдік. Ата-анамызбен бақытты күндерді бірге өткізген, олардың иістері сіңген, талай тұлғалар бас сұғып, тізе бүккен қара шаңырақтың құдіреттілігіне күндер сырғып, жылдар жылжыған сайын көзіміз жете түсуде. Неге дерсің, қызым? Әйтеуір, қандай қиындық кездессе де осы шаңырақтың рухы бізді сол тығырықтан жетелеп алып шығады. Бұл пікірімді Ғабит Мүсіреповтің әкеме берген «барлық тіршілігімен, өнер-өнегесімен жұртқа ұстаз, періштедей таза, Сүлеймендей әділ» деген бағамдауымен және көптеген біртуарлардың айтқан пікірлерінің жандылығымен қабыстырар едім.

Алып талант алып бейнелер жасайды деген рас-ау. Әкемнің образ сомдаудағы ерекшелігі шынайылылығында болған. Яғни, ол өз кейіпкерінің іші мен сыртын бірдей аша білетін. Бүгінде ол ойнаған фильмдерді көре отырып, әкемді тағы да тани түскендей болам. Оның актерлік қасиетінің құпиясын енді… жаңадан көргендей болатынымды да жасыра алмаймын. Бұрын қалай байқамағанмын деп, өз-өзіме таңданыстан сауал қоямын. Осындайда әкемнің ертеректе Қарабай рөлін сомдаған қойылымын көруге барғандағы көрерменнің: «Ойбай-ау, мынау Қарабай ма?! Бұл әлі тірі ме?..» деп таңданыстан дауыстап жібергені есіме түседі. Сонда Қарабай образын жасаудағы шеберлігі соншалық, залдағы көрерменнің таңданысын тудырып еді.

Жалпы әкем қазақтың төл шығармаларынан бастап, Батыс және орыс драматургиясында 170-тен астам кейіпкердің характерін жасапты. 1925 жылдан бастап 1979 жылдың 25-желтоқсанына дейін әкем үнемі, үздіксіз театрда болыпты. Дәл осы жылы, осы күні әкеміз «Ана-Жер-Ана» спектаклінде ақсақал рөлінде соңғы рет ойнады. Арада алты күннен соң 83-тен 84-ке қараған шағында 31-желтоқсан күні таңертеңгісін мәңгілік ұйқыға кетті. Қандай қойылымда ойнамасын, балаларын театрдан тыс қалдырмайтын. Сенбі, жексенбі күндері міндетті біздерді қаз-қатар жетектеп алып, театрға алып келетін.

Музыкаға да бейімдеді. Қолы бос кезінде қара домбырасын алып, өзінің айтатын екі-үш халық әнін қайталап айтудан жалықпайтын. Әкеміздің жаны өнермен біте қайнасып кеткендіктен бе, балаларын да жаны нәзік салаға жетелей берді. Ал, тәрбиеге келсек, тәрбиені театрдағы жұмысымен қатар алып жүретін. Бір сөзбен айтсам, әкеміз тәрбиені де, өнерді де бірдей бойымызға сіңіре білді. Әкеміздің асқан зерделілігінің арқасында бүгінде бәріміз де бір-бір саланың мақтаулы маманымыз. Ата-анамыздан 5 қыз, 2 ұл болсақ, яғни, жетеуміздің де бірінші мамандықтарымыз музыка әлемі болды. Өкінішке орай, екі ұл о дүниелік болып кетті.

Үлкен ағамыз Ноян 1928 жылы Қызылордада театрда жұмыс істеп жүрген кезде дүниеге келген. Одан кейінгі Балдырған әпкеміз-дің таяуда 80 жылдығын атап өттік. Ол — қазақтан шыққан тұңғыш палеонтолог, биология ғылымдарының кандидаты. Балдырған әпкем КазГу-дің биология факультетіне құжатын тапсырып келгенде әкем: «Әр көбелектің артынан жүгіріп жүресің бе?» — деп ренжігендей болып отырғанда үйге Қаныш аға (Сәтпаев) кеп қалып, әкеме: «Сераға, бұл керемет мамандық, таңдауы дұрыс», — деген болатын. Айтқанындай-ақ, Қаныш аға Балдырғанның бұл мамандықты мықтап игеруіне үлкен қамқорлық танытқан.

Рената — Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте доцент. Рената әпкемнің үйлену тойында Сәбит аға Мұқанов асаба болып, ақжарма тілегін айтып, бата берген. Той үстінде Сәбит аға шампанды ашам дегенде ол төбеге атылып, сол орнында таңба қалып қойған. Арада қаншама жылдар өтсе де, сол таңбаның орны талай рет ақталса да кетпеді. Кей-кейде сол таңбаға қарасақ, сүйікті жазушы ағамыз еске түседі. Балым — Мәскеуде білім алған тұңғыш қазақ скрипкашысы, қазір ұлттық консерваторияда профессор. Әкеміз 1937 жылы қазақтың тұңғыш көркем киносы «Амангелді» фильміне түсіп жүргенде Балым дүниеге келіпті. Есімін Амангелдінің сүйген жары Балымның құрметіне қойған.

Менің есімімді Сәбит ағаның үйіндегі Мәриям апамыздың құрметіне азан шақырып қойған екен. Оқуымды аяқтап, қызыл диплом алып келгенімде әкем анама қарап: «Хадеке, анау алтын сағатыңды алып келші, Маймуткаға сыйлайық», — деп дипломымның көрімдігі-не екеуі алтын сағатты қолыма тақты. Әкем мені «Маймутка» деп еркелететін. Анамның екі алтын сағаты болатын. Бірі өзінікі, екіншісін 60 жасқа толған мерейтойында Шәкен аға Айманов алтын білезігімен қоса тарту еткен. Өзімнен кейінгі Салиха атты сіңлім пианист, екінші мамандығы — тіл әдебиеті. Салиха ғана өз күйеуінің фамилиясын алған, өзгелеріміз әкеміздің тегіндеміз. Сырым ініміздің ғұмыры қысқа болды. Бұл да пианинода оқыған. «Қазақ әдебиеті» газетінде фототілші болып қызмет атқарып жүрген кезде, 25 жасында қайтыс болды.

Мына өзің көріп отырған пианиноны әкем әлгінде айтып өткен «Амангелді» фильміне түскенде берген қаламақысына алған екен. Бұл фильмді түсіру Ленинградта басталған. Музыкасын Ахмет Жұбанов пен М.Гнесин жазған. Ахмет аға Ленинградтың консерваториясын бітіргендіктен ол қаланы жақсы білген. Сонда әкем екеуі музыкалық аспаптар дүкенін аралап жүріп пианиноға көзі түсіп: «Ақа, мынадай аспап балаларыма керек еді, олар оқуы керек», — депті. Ахмет аға осы пианиноны алуға көмектескен. Әкем Ахмет ағаны өзінен он жас шамасы кіші болса да «Ақа» деп атайтын. Негізінде әкем бала күнінде музыкант болуды армандаса керек, әке арманын орындап, бүгінде Балым екеуміз кәсіпқой музыкантпыз десек те болады. қырық жылдан бері П.Чайковский атындағы музыкалық колледжінде, скрипка класында аға оқытушымын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий