Азаттықтың айшықтары айқындалды
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласы жаңа жағдайдағы Қазақстанның болашақтағы бағыт-бағдарын анықтап берді. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін паш ететін маңызды белес.
Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Мақаланың басты ерекшелігі Мемлекет басшысының арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізіп, Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп, қарастыруы. Азат елде дүниеге келіп, бейбіт өмір сүріп жатқан жас ұрпақ байтақ жұртымыздың ғажайып жауһарларын білуге тиіс.
Дербестіктің алғашқы онжылдығында жаңа Қазақстанның іргетасы қаланды: Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты; Ұлттық валютамыз айналымға енді; Қарулы Күштеріміз құрылды; Ата Заңымыз қабылданды; алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды; еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді. Екінші онжылдық қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңімен айшықталды: мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуеті арта түсті; құрлықтағы барлық шекарамыз айқындалып, заң жүзінде бекіді; «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік; саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық: шекара мәселесін біржола шешілді, «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Ал алдағы төртінші онжылдық бізге жаңа міндет жүктейді. Мақсат айқын – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Ол үшін заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруымыз қажет.
Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Тарихымыздың кейбір ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді, ұлтымыздың жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн: Алтын орда тарихын зерделеу және көркем және деректі тарихи туындылар әзірлеу; кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым алу, Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру; азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігіне лайықты бағасын беріп, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
Тарихи сананы жаңғыртып, Ұлт шежіресін дәріптеу үшін ұлттық мүддемізге сай келетін жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде жаңа тарихымыз жазылуы тиіс, оның тұжырымдамасы жасалуы тиіс. Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қоғам мен құндылық еркін елдігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз.
Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен технология дәуірі. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір азаматы өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі азат ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс.
Клара БУЗАУБАКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің «Білім берудегі менеджмент»
кафедрасының меңгерушісі, педагогика
ғылымдарының докторы, профессор