Онлайн сабақ – бүгінгі уақыттың талабы

Білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі –  болашақ мамандарға терең, жан-жақты  білім беру. Білім жүйесінің заман талабына, уақыттың сұранысына қарай ғарыштап дамуы, әрбір педагогтан сабақты онлайн режиміне сай әзірлеуін  талап етіп отыр. Онлайн сабақ – қашықтан оқыту формасының бір түрі. Ұйымдастырылу жағынан онлайн сабақтар белгілі уақыттың көлемінде,  кестеге сәйкес, мобильді құрылғыларды пайдалану арқылы синхронды түрде өтеді.

Осы орайда облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тәжірибе алмасу мақсатында онлайн сабақтар өткізілді. Оқытушыларға оқытудың заманауи инновациялық әдістерін, цифрлық технологияларды қолдану, сабақты сапалы беру  міндеттері қойылды. Жаңа білім беру жүйесінің міндеттері тек жеке тұлғаны қалыптастыру, дамыту, білім, біліктерін жетілдіру ғана емес, тез өзгеріп жатқан техника мен технологияларды, алған білімдерін өмірде қолдана алу жолдарына бейімдеу болып табылады. Осыған сәйкес Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің, 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы,  0105104  «Бастауыш білім беру мұғалімі қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша педиатрия негіздері пәнінен, «Мектепке дейінгі мекемеге қойылатын гигиеналық талаптар» тақырыбында Теңізбаева Меруерт Молдахметқызы БҚ11-20 тобымен Zoom қосымшасы  арқылы онлайн сабақ өткізді.

Сабақтың мақсаты: мектепке дейінгі мекемеге қойылатын гигиеналық талаптар мен міндеттері туралы түсінік қалыптастыру, мектепке дейінгі мекемедегі гигиенаның негізгі талаптарын талдау, талаптар бойынша жұмыс жасау, мектепке дейінгі мекемедегі жер учаскесін, ойын, топ, жатын бөлмелерін, балабақшада қолданатын  ойыншықтарға қойылатын ережелерді талдау болды. Сабақ барысында блум таксономиясы негізінде тапсырмалар беріліп, жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы тиімді әдістер қолданылды. Оқытушы оқытудың әртүрлі кезеңдерінде критериалдық бағалаудың құралдарын пайдалана алды.

Білім алушылар жамборд тақтасы арқылы кері байланыс беріп, өз бетінше білім алып, алған білімді өмірде қажет жағдайларда қолдана білуге дағдыланды. Білім алушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған  білім мен тәрбиені ұштастыра беретін осындай сабақтардың нәтижесінде болашақ кәсіби шебер мамандар дайындалатыны сөзсіз. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», — деген сөзі оқытушылардан шығармашылық пен ізденісті, ұтқырлықты, жаңашыл болуды талап етіп тұрғандай.

Айгүл Әбілқызы АБЖЕНБАЕВА,
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі
директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі
орынбасары, Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий