Тәуелсіздігімізге 30 жыл: Мардымды мақаланың маңызы мол

Әдетте, мемлекеттер көшбасшыларының үндеулері, халыққа жолдаулары, баспасөз беттеріндегі мақалалары қалың бұқараның қызу талқысына түсіп, кеңінен насихатталуы дәстүрге айналған үрдіс. Жаңа жылдың жаңа жұмыс аптасы жақсылығы мол жарияланыммен басталып,  Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген, терең ойлы мақаласымен серпілді. Маңызы зор, мазмұны қымбат мардымды мақалаға қатысты мен де өз ойымды орталарыңызға салғым келді.

Тәуелсіздігі тұғырлы, татулығы тұрақты, экономикасы қуатты Қазақстанның үшінші онжылдығы таразыланатын жылдың жаңаруында ұлттық құндылықтарымыздың бағасын биіктеткен бұл мақаланың дер кезінде жарияланғаны бір бөлек, жұртшылықтың жүрегіне жол тартуы бір төбе болды деп айта аламыз. Абайша айтқанда, «айналасы теп-тегіс, жұмыр келген» бұл жарияланымның әр сөйлемі ұлттың ұйысуын ұқтырып, қазақты рухани қолдап, сөз құдіретінің тереңдігін сездіреді. Президент мағынасы мол мақаласын төрт бөлімге бөліп, сол арқылы қоғамдық сананы оятуға, ұлт намысын жігерлендіруге үн қосқан.

Бағдар мен белес. Мақаланың бастапқы бұл бөлімі өткенімізді бағалап, келешегімізді бағамдауға бағытталған. Тәуелсіздік жылдарының жемісті жылдарын үш кезеңмен бөліп қарастырған Президент азаттықтың алғашқы онжылдығын еліміздің іргетасын қалаумен сауатты сабақтастырған. Әрине, тоқырау кезеңіндегі қиындықтар ел экономикасына әсер етпей қойған жоқ. Десе де, Ата Заңымыздың қабылдануы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – Тәуелсіздік қадамын тәй-тәй басқан ел үшін зор жетістіктердің бірегейлері болды.

Мақала авторы осы бір өтпелі кезеңдердегі Елбасының ерлікке пара-пар істерін айрықша атап, ядролық қарудан азат етілуімізді, ел дамуының жасампаз жобасы «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануын, Ұлттық қорымыздың құрылуын, астанамыздың Алматыдан Ақмолаға ауысуын, қандастарымыздың атажұртқа ағылуын ұлт бағына балаған. Қасым-Жомарт Кемелұлының жүректерді тебірентер әрбір тіркестері егемендіктің құндылығын сезідіреді. Мемлекет Басшысы мақаласында тәу етер Тәуелсіздігіміздің екінші онжылдығын ел экономикасының әрленуімен әсерлендіріп, шекарамыздың шегенделуін шексіз қуанышқа теңеп өтті. Дамуыдың жаңа дәуірін сөз еткен автор осы жылдары ауқымды шаралардың ұйытқысы болғанымызды ерекше еске алған.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму секілді өміршең бағдарламалардың жүзеге асырылуын Президент дамудың үшінші онжылдығында баяндап, табысты жалдардағы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін екшелей білген. Сол себепті Елбасының Тәуелсіздіктің мәңгі символы ретінде бағалаған. Бұл тебіреністі әрбір қазақстандық сүйіспеншілікпен қабылдайды деп есептеймін. Қасым-Жомарт Кемелұлы: – Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу, – деп Қазақстандық дамудың қарқыны мен жаңа саяси-экономикалық реформалар мен сананы жаңғырту жылдарына аяқ басқанымызды тілге тиек еткен. «Бағдар мен белес» деп аталатын бұл алғашқы бөлімді Президентіміз парасаттылықпен қорытындылап, халықтың әл-ауқатын арттыра түсуді, алайда, болуы мүмкін сын-қатерлерге төтеп беруге дайын болуымызды меңзеген.

Таным мен тағылым. Бұл Президент пәрмен берген екінші басымдық. Тарихсыз ұлт болмайтынын ерекше ескерген автор өз мақаласының бұл бөлімінде ұлтымыздың тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттау қажеттігін алға тартқан. Мәселен, Мемлекет Басшысы қазақтың басынан өткен небір нәубетті жылдарды түбегейлі зерттеу жұмыстарын жалғастыру, Алаш арыстарының асыл мұраларын игеру істерін ілгерілету, сапалы тарихи фильмдердің қатарын арттыру, Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын лайықты бағалау қажеттігіне  айрықша мән берген. Бұл мақсаттарға қол жеткізу арқылы біз жастар мен кейінгі ұрпаққа өлшеусіз мұра қалдыра алатынымыз ақиқат. Осы тұста Президент ғалымдар мен жазушылардың еңбектері ерекше бағалануы қажеттігін атап өтті. Осылайша, бұл бөлімді «Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп қорытындылады. Бастысы ұлттық идеологияның салтанат құрар кезеңі келгенін байқадық.

«Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын». Бұл қанатты сөз Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған маңызды мақаланың «Қоғам мен құндылық» деп аталатын бөлімінің менмұндалайтын қатары. Бүгінге бұқараның бас ауруына айналған жер мәселесіне Президент ерекше тоқталып, қазақ жерінің ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін, сатылмайтынын шегелеп, нүктесін қойды. Ата-бабаларымыздың ба, қазіргі әрбір қазақтың да көксегені де осы еді. Алайда, Мемлекет басшысы қазақстандықтарды талайға талас тудыратын сол туған топырағымыздың, қара жердің қадірін білуге шақырды. Ұлан-ғайыр даламызды, таңғажайып табиғатымызды таза ұстап, ондағы әрбір жан-жануарға жанашырлық танытуымызды өтінді Президентіміз. Мұның өзі ұлттық намыс пен сананы сілку, жастарға дұрыс тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығына мән беру, өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулуды көрсетеді.

Коғам мен құндылық тарауының бір тармағын – мемлекеттік тіл төңірегінде  өрбіткен Президент қазақ тілін меңгеруге Үкіметтің де ниетті болуын ерекше сынға алды. Осылайша, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деген ойын ортаға салды. Тіл жанашырларының ғана емес тұтас ұлттың патриоттық сезімін оятқан осы сөздің өзі де жетіп артылады. Ел бірлігі мен ыдырамас ынтымағымызды басты құдіретімізге балаған Президент әлем мойындаған ұлтаралық келісімнің нығайта түсуіміз керектігін тағы бір мәрде қадап көрсетті. Сонымен қатар, қазақстандық халықты біріктіретін іс-шаралардың маңызына тоқталып, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасаудың қажеттігін ұсынды.

Мемлекет Басшысының отаншылдығымызды оятқан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы маңызы мол мақаласы «Ұлағат пен ұстаным» тақырыбындағы тараумен өрбіген. Бұл бөлімде саяси жаңғырудың жаңа белесіне қол жеткізітеніміз кеңінен айтылып, ел күткен жаңа жобалардың жүзеге асатыны жазылған. Мәселен, елді демократияландыруға бағытталған бұл бөлім Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізудің маңыздылығымен ерекшеленіп, келешекте бұқараның талап-тілегінен туындаған ауыл, кент, аудан әкімдерінің сайлау келетінімізді көрсеткен. Мұның өзі Мемлекет Басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан көрініс берсе керек. Президентіміз жоспарлаған көппартиялы Парламентті қалыптастыру қағидасы да көптің көңілінен шыққанын жасырмаған абзал.

Келер ұрпаққа экономикасы қарқынды, жері ауқымды, қауіп-қатерге қауқарлы, дамыған елді табыстау негіз мақсаттардың бірі екенін екшелеген автор бұл жолы да жастарға жанашырлығын назардан тыс қалдырған жоқ. Президенттік кадрлық резервтің өз жемісін беруін ескерсек, Президент жанындағы Жастар кеңесі қызметін жандандыруды, жастарға барынша жағдай жасау жұмыстарының жалғасатынын тағы бір мәрте атап өтті.  Сөз соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының мазмұны терең мақаласының маңызды екенін жеткізіп, ел игілігі жолында атқарар қызметінің жоғары болатынын айта кеткенді жөн көрдім. Біздің міндетіміз – парасатты Президентіміздің пайымын паш ету болып қала бермек. Бастысы – ел Тәуелсіздігі тұғырлы, тұрғындары ғұмырлы болсын демекпін.

Гүлнар Бабабекқызы ЕСҚАЛИЕВА,
Білім және ғылым қызметкерлері
Қызылорда облыстық комитетінің төрайымы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий