Қазақтың ұлттық ойындары

Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгімәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Атабабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек өмір сүруімізде ұлттық ойындардың атқаратын міндеті айрықша. Қазақ халқы материалдық мұраларға қоса мәдени қазыналарға да аса бай халықтардың бірі.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Ойын баланың негізгі іс – әрекетінің бір көрінісі болып табылады. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болама?» деп айтқандай ойын бала өмірінде ерекше орын алады. Ойынды көркемдік іс – әрекетінің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойынға шартты түрде мақсаттар қойылады, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс – әрекет бала үшін қызықты. Ойын балаларға ақыл – ой, адамгершілік дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі.

Балалар ойын барысында өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Ойын тәрбие құралы арқылы ақыл – ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, жақсы ұғысады және өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай, олардың көзқарастарын, мінез – құлықтарын қалыптастыру құралы деп те ерекше бағалаған. Ойынды сабақта қолдану оқушының ой – өрісін жетілдіру мен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы деп білген. Бос уақытта әртүрлі ойындар ойнаған баланың денсаулығы үшін өте пайдалы.

Жастардың ұлттық сана – сезімнің дамуында қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, олардың жауынгерлік рухта ержетуін ұқыптылықпен қадағалаған. Жалпы баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл әрекеті ойын арқылы басталады. Ойын адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Сондықтан бала үшін ойынның мәні ерекше. Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ға­сырлар қойнауында жатыр. Осы ойындар негізінде әр халық әртүрлі жаттығулар жасау жолымен дене- шынықтыру ісінің негізін салды.

Бұл бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсарта түсуде пайдасы зор екені белгілі. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан халықтық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пай­даланудың зама­нымызға сай ұр­пақ тәрбиелеуде ора­сан пайдасы тимек. Ойын әр баланың алдынан өмірдің жарқын сәттерін ашып, жеке қасиеттерімен біте қайнасып, әрі қарай дамуымен ұштасады.  Қазақтың ұлттық ойындары тақырыпқа өте бай және алуан түрлі.

Ұлттық ойындарымызда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі қамтылып, халықтың асыл мұрасын баланың бойына сіңіру қарастырылған. Сондай-ақ адалдық пен күштілікке ұмтылу, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық секілді құндылықтарға мән берілу байқалады. Мұның бәрі – халық данышпандығының белгісі. Буыны бекіп келе жатқан балаларды мергендікке, шапшаңдыққа, ептілікке баулитын спорттық ойындарымыз да баршылық. Үлкенге де, кішіге де арналған, өмір бойы құндылығын жоғалтпайтын ойындар да жетерлік.

Ұлттық ойындар екі топқа бөлінеді, спорттық және ақыл ойға арналған ойындар болып. Ұлттық ойындарға мына ойын түрлері жатады: «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Асық», «Ақсүйек», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Көкпар», «Күміс алу», «Жамбы ату». Бұл ойындар баланың еңбекке деген қарым – қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр да епті, зерек те алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді. Ұлтымыздың асыл қазынасы болған ұлттық ойындарымызды жоғалтып алмай, ұрпақтан – ұрпаққа жетуін насихаттау, халқымыздың, баршамыздың міндетіміз.

Дана Мақсатбекқызы ШАХЗАДАЕВА,
Н. Ә Марабаев атындағы №7 лицей мектебінің
дене шынықтыру пәні мұғалімі, Маңғыстау
облысының Ақтау қаласы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий