Салауаттылық салтымыз: Денсаулық – қоғам байлығы

Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан бастап осы ұстанымды басшылыққа алып келеді. Қоғамның денсаулығы бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру міндетін жүзеге асыру жолындағы басты тірек. Қоғам мүшелері салауатты өмір салтын дұрыс ұстанса көптеген аурулармен мазасызданбайтындығы анық.

Ол үшін дұрыс тамақтану, қоршаған ортаны жақсарту, сонымен қатар дене тәрбиесімен айналысуы керек. Сонымен қатар ағзаны улайтын темекі мен алкогольден бас тартып, тазалық пен санитария шараларын сақтау үшін күрес жүргізіп отыру қажет. Денсаулық әлеуметтік байлықтың негізі болғандықтан оны сақтап, нығайтуға барлық жағдайлар жасалуы міндетті болып табылады. Денсаулық – бұл әр адамның ғана емес, бүкіл қоғамның құнсыз күйі.  Жақын және қымбатты адамдармен кездескенде және қоштасқанда біз оларға мықты және зор денсаулық тілейміз, өйткені ол – бақытты және толымды өмірдің кепілі және негізгі шарты. Ауырмау үшін спорттың, дене қимылының адам өмірінде алар орны ерекше екені жақсы білеміз.

«Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сыр берсе, онда денді сауықтыру керек», – деп денсаулықтың қадірі туралы шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби асқан білгірлікпен айтқан екен. Біреулер денсаулықты әсемдікпен, әдемілікпен байланыстырады. Енді біреулер үшін денсаулық — күш-қуат, ерік-жігер, салауатты ой сана. Тағы бір топ ағзадағы сырқат белгілерін айта бастайды. Шындығында, біздің денсаулығымыз қоршаған ортамызға, тыныс-тіршілігімізге тікелей байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысында: Денсаулық — физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі, – ретінде түсіндіріледі. Бірақ, бұл менің ойымша, келешекке бағытталған анықтама.

Қазақ халқы дұрыс айтқан: «Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық, үшінші байлық — он саулық», – дегенді. Мамандардың зерттеуіне сүйенсек еліміз бойынша абсолютті жүз пайыз дені сау адам жоқ. Халықтың жиырма пайызын салыстырмалы түрде ғана дені сау деп айта аламыз. Бірақ қатты күйзеліс, қатерлі факторлар әсер ететін болса, олар бұл санаттан шығып қалуы ықтимал. Енді 40%-ы сырқаты емделсе де, нәтижесі нашар жандар. Адамға кез-келген ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Соның әсерінен әртүрлі күйзелістер пайда болған адам өз күшімен бұл жағдайдан шығып кете алмайды. Жиырма пайызы ауру алды күйде және аурулардың созылмалы түріне өткен. Енді қалған 20%-да түрлі созылмалы сырқаттар бар.

Бұл азаматтардың жалпы денсаулығын қалпына келтіру оңай емес, бірақ сол аурулардың асқынуының алдын алуымыз керек. Бір ауру екінші дертке ұласпағаны дұрыс. Медицина мамандарының кәсіби тұрғыдағы қызмет көрсету сапасын айтпағанда, кез-келген адам және әрбір ұжым денсаулыққа көп көңіл аудару қажет. Денсаулықтың дұрыстығына қажеттілік әр жаста түрлі көрініс береді. Жаңа туған балаға ананың сүті жәй ғана мұқтаждық емес, денсаулығының негізгі көзі. Бүлдіршін өсе келе оның орнын толықтыру үшін тағам рационынан басқа құндылықтарды керек етеді. Май қосылған тамақтар, белок дүниесі, сосын жеңіл кәдімгі тағамдар молырақ болуы керек. Мектеп жасына келгенде бала ойнайды, яғни дене қимылы мол болғандықтан, олардың да тамағында өзгерістер болады.

Өз ортасына сәйкес денсаулығы жақсы болуы үшін отырып жұмыс істейтін ғалымдар, мұғалімдер, дәргерлердің энергия жұмсау мөлшері аз болғандықтан, тамақтың сапасы да басқаша түрленуі заңды. Жалпы, денсаулықтың елу үш пайызы өмір сүру салтына байланысты. Он сегіз пайызы сыртқы ортаның әсерінен. Жиырма пайызға жуығы адамның тегіне, яғни тұқым қуалаушылықтан тұрады. Сонда қалған 5-10 пайызы ғана медицина мамандарының қолында. Демек әр адам денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жаны мен тәнін таза ұстауы тиіс. Салауаттылық салты санадан бастау алады. Денсаулық – жеке бастың мүддесінен жоғары тұратын тұтас ұлттың игілігі. «Асқан байлық не керек, денсаулығың болмаса» – деген түйінді тұжырым жасаған байырғы бабаларымыз ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді қаперге салуы тегін емес.

Гүлім АМАНТАЙҚЫЗЫ,
Н.Ә Марабаев атындағы №7 лицей
мектебінің дене шынықтыру  пәні
мұғалімі, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий