Президенттің депуттарға айтқанын халық аманаты ретінде қабылдауға болады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айының 15-і күні жетінші шақырылған Парламент депутаттарының бірінші сессиясы алдында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бірінші кезекте Қазақстанның тұрғын халқы парламенттің жаңа құрамына орасан зор үміт артып отырғандығын айрықша атап айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы парламенттің заң шығарушылық қызметімен қатар бақылау қызметі де бар екендігіне тоқталды.

Осы құзіреттілікті тиімді пайдалану қазіргі заманғы қазақстандық парламентаризмнің институционалдық негіздерін едәуір дәрежеде нығайта түсері даусыз. Бұл жағдайды оңтайлы қолдана білу, сөз жоқ, Мемлекет басшысының «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген саяси формуласымен үндесіп жатады. Президент депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғай отырып, табандылық көрсете білулері керек екендігін еске салды. 

Президент өз сөзінде еліміздің алдағы уақыттағы дамуы үшін маңызды бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Бірінші кезекте – Парламенттің еліміздің өмірінде алатын орны мен маңызын арттыру мәселесі. «Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек». Мемлекет басшысы сонымен қатар Парламенттің алдында тұрған маңызды екі міндетке баса назар аударды. «Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу». Президенттің пікірі бойынша, «жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек».

Президент басымдық берген келесі маңызды мәселелердің бірі – партиялардың Мәжіліске өту шегін төмендету. «Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ке төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады». Мемлекет басшысы сайлауға қатысты тағы мынадай маңызды пікірін ортаға салды: «Шын мәнінде баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн». Бұл жағдай сөз жоқ, саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейте түседі және олардың белсенділіктерін арттыруға итермелейді.

Президент тоқталып өткен келесі бір өзекті мәселе – жастар саясаты. «Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады». Иә, шынында да жастарымыз жүйелі түрде жүргізілетін және оң нәтижелерге бағытталған мемлекеттік саясатты қажет ететіндігі даусыз. Өскелең ұрпақ қабылданған осындай шаралардың нәтижесінде ұтымды жағдайға қол жеткізеді деп сенеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде басқа да бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Мемлекет басшысы Парламенттің алдағы уақыттағы қызметіне орай тұжырым боларлық және бағыт-бағдар беретін мынадай қорытынды сөздер айтты: «Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн. Парламент – ел мүддесі үшін тер төгіп, аянбай қызмет істейтін қайнаған жұмыстың ортасы. Халқымыз бізден оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстағанымыз абзал». Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың депутаттарға айтқан осы сөздерін жалпы халқымыздың аманаты деп қабылдағанымыз дұрыс болар, оқырман қауым!

Режеп Уразбаевич БАЯРИСОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,
философия және саясаттану кафедрасының аға
оқытушысы, 
саясаттанушы, Жамбыл облысы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий