Академиялық ұтқырлық мектептің стратегиялық даму бағытына айналуы тиіс

Мектептегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы – белгілі бір академиялық кезеңге  жоғары сынып оқушыларының білім алу үшін басқа орта білім беру мекемесіне бір тоқсанға немесе бір жылға баруы. Сондай-ақ бұл интеллектуалдық алға ілгерушілік пен  білім берудегі интеграция, тәжірибе алмасудан тұратын  көп жоспарлы үдеріс. Демек академиялық ұтқырлық кез-келген мектептің стратегиялық даму бағыттарының біріне айналуы тиіс.

Еліміз еуропалық білім беру кеңістігіне кіргелі, отандық жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының академиялық ұтқырлығы белсенді түрде дамыды. Осы уақыт аралығында бұл бағдарлама өзінің өміршеңдігін көрсетті. Уақыт академиялық ұтқырлықты орта білім беру жүйесіне енгізу қажеттігін дәлелдеп отыр. Мұны білім саласындағы бірнеше өзекті мәселенің шешімі деп қабылдаған дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап баратындығын айтқан. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы ауыл мектептеріндегі балалар дарынды балаларға арналған интернаттарда бір тоқсан бойы білім алу арқылы үлкен тәжірибеге ие болады.

Оқушыларға тек білім ғана емес, өмірге де үйрететін қабілеттіліктер қажет. Бағдарлама баланы тұлға ретінде қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді. Әрі мектептердің бір-бірімен ынтымақтастығы, әдістемелік тәжірибе алмасу мүмкіндігі кеңейеді. Бағдарлама арқылы балаүш құзыреттілікті игеріп шығады. Арнайы құзыреттілік — өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті. Әлеуметтік құзыреттілік – басқа  ортамен тіл табысу қабілеті. Сапалы білім алу құзыреттілігі – педагогика және психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті. Жаңартылған білім беру идеясы оқушы меңгерген білім, дағдыны тәжірибеде қолдана алуды көздейді. Олай болса мектептегі академиялық ұтқырлықтың берері көп. Ауқымды жобаны қолға алу үшін екі мәселе шешімін табуы керек.

Біріншіден, мектептегі академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсыным құрастыру. Әдістемелік ұсыным – үздік халықаралық білім беру практикалары контексінде академиялық ұтқырлық мәселелерін дамыту мәселелері туралы ақпараттардан тұрады. Аталған құрал оқушы мен ұстаздарға, сапа менеджменті саласындағы сарапшыларға, кәсіби қоғамдастықтар өкілдеріне арналады. Екіншіден, ұтқырлықты реттейтін нормативтік құқықтық база. Жалпы орта білім беру стандарты бірдей болғандықтан бұл ретте ешқандай сұрақ туындамауы қажет. Сол себепті академиялық ұтқырлық орта білім беру мекемелерінің арасындағы меморандум арқылы да жүзеге асуына мүмкіндік жасау тиімді болмақ. Қорыта айтқанда, орта білім берудегі академиялық ұтқырлық – білім беру саясатын реформалаудың бастауы.

Бағдәулет Асанұлы НҰРМАТ,
Абай атындағы дарынды балаларға
арналған
гимназия директорының
орынбасары, Павлодар қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий