Тәуелсіздік – тәңір берген тәтті сый

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын жариялады. Мақаламен барша азамат танысып үлгерді деп ойлаймын. Шәкірт тәрбиелеп, жас буынға білім беріп жүрген ұстаз ретінде мен де өз ойыммен бөлісуді жөн санадым. 

Иә, осы жылы қасиетті Тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Еліміз егемендік алған жылдары дүние есігін ашқан сәбилер, орда бұзар 30 жасқа толды. Ел тізгінін ұстайтын азамат болды. Адам ғұмырымен 30 жыл біршама уақытты көрсеткенмен, тарих бойынша аса көп уақыт емес. Десе де, еліміз осы жылдары еңсесін тіктеп, ілгері дамыған ел қатарына қосылды. Шекарасы бекем, өз саясаты, өз заңы бар, шет мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатқан егеменді ел болдық. Қазақ тарихы осы 30 жылмен өлшенбейді. Қазыналы тарихымыз сонау сақ, ғұн дәуірінен бастау алатынын, сол дәуірден бері ата-бабамыз қасық қаны қалғанша байтақ Қазақ елін болашақ ұрпаққа табыс етті.

Президент осы мақалада ел арасына іріткі салғысы келетін сырт көздердің пиғылын ашып көрсетіп, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысу керек деп басып айтты. Тарихты білу маңызды. Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев тарихшыларымыздың еңбегі оқу, білім саласынан шықпай, зор еңбекпен жалпақ жұрт таныспай жатқанын да қозғады. Халық маңызды деректерді көркем, деректі фильмдер арқылы жақсы қабылдайтыны белгілі. Президент те тарихи фильмдерді көбірек түсіруге мән беру керек екенін айтады. Расымен, қай елді алып қарасақ та өз тарихын қозғап, тұлғаларын дәріптеп фильм түсіріп жатады.

Ұзын-сонар сериалдарын да сүйіп тамашалаймыз. Тіпті сол фильмдер арқылы өзге елдің тарихынан хабар алып, тұлғаларын танимыз. Бұл да бір саяси қадам, халықты өз тарихын құрметтеуге, тұлғаларының еңбегін насихаттауға бағытталған жұмыс болса керек. Біздің елде де соңғы кездері тарихи фильмдер түсіріліп жатыр. «Қазақ елі», «Томирис», «Жау жүрек мың бала», «Құнанбай» сынды фильмдерді халық жылы қабылдап, қызығушылықпен тамашалады. Әрине, айтылған сын-пікір де болды. Кез-келген жұмысқа сын айтылуы заңды құбылыс. Бастысы, бетбұрыс бар. Бұл тұста тарихшылар мен кино саласының мамандары жұдырықтай жұмылып жұмыс атқарулары керек.

Бүгінгі жастарымыз тыныш заманда алаңсыз өмір сүргенмен, халқымыз қиын заманды басынан кешті. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқы үшін ауыр кезеңдер болды. Талай азаматты арамыздан алып кеткен зұлмат жылдар халқымыздың басынан өтті. Енді өткен кеткенімізді саралап, ұрпағымыз тарихымызбен мақтану және оны құрметтеуі үшін сол қатпар-қатпар тарихымызды жүйелеуіміз керек. Президент мақаласында «Әрбір халық арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс.

Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген салмақты ой айтады. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақаласының «Қоғам мен Құндылық» деген бөлімінде халқымыздың қасиетті құндылығы – тіліміз бен кең байтақ жеріміз жайлы тереңнен сөз қозғап, толғана айтады. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дайін кең көсілген жеріміз ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Оны біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Дәл осы мақаладағы Президенттің «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет» деген сөзі жүрегімізге тыныштық, көңілімізге жұбаныш сыйлағандай. Рас, жеріміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ма деген күдік әрқайсымызда болды. Оған сырттағы араздату күштер, қаңқу сөздер әсер еткені тағы бар. Осы бөлімде Президент қасиетті тіліміз жайлы салмақты сөз саралады.

Мемлекеттік тілді әрбір ел азаматы білуі керек деген ойын да нақтылап айтты. Бұл сөз барша еліміздің азаматына қатысты. Қазақ тілін білу тек қазақ халқына емес, елімізді мекендейтін барша ұлт өкілінің міндеті. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар.

“Ең бастысы, ынта болуы керек» деген Мемлекет басшысының бұл үндеуі аз уақытта нәтижесін береді деп сенемін. Иә, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл мақаласы көпке ой салып, барымызды бағалауға бағытталғандай. Біз бақытты елміз. Кең байтақ жеріміз, қасиетті тіліміз, тату-тәтті еліміз бар. Бұл байлық, бақыт бізге оңайлықпен келмеген. Осыны жастарымыз ұғынып, көңілдеріне түйіп қастерлі байлығымызды сақтап, келешекке жеткізсе деген тілегіміз бар. Тәуелсіздік – басты байлығымыз! Тәуелсіздік – тәңірдің бізге берген тәтті сыйы!

Марина КЕНЖЕБАЕВА,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент,
Дулати Университеті, Жамбыл облысының Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий