Ядролық сынақ және қазақ даласы: Ғылыми танымдық онлайн конференция
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бастамасымен «Ядролық сынақ және қазақ даласы» тақырыбындағы ғылымитанымдық онлайн конференция ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Шараға университет оқытушы-профессорларымен қатар, Ресейдің Томск политехникалық университетінің профессоры Н.Барановская, Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты ядролық процестер зертханасының инженері Д. Азнабаев қатысты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Б.Прмантаева конференцияны ашу барысында Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы қадамдарының бірі – әлемдегі қуаты тұрғысынан төртінші ядролық қарудан бас тартуы болғанын айрықша атап айтты.
– Семей полигоны алаңында қырық жыл бойы 500 ядролық сынақ өткізілгені белгілі, Қазақстан ядролық қарудан өздігімен бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде әлемге бейбіт даму жолын таныстырып, жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосты, – деде ол өзінің сөзінде. Университеттің оқытушы профессорлары баяндамаларында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихына шолу жасап, аталмыш қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған ядролық сынақ саны азайтылып, атом қаруының сыналуына қарсы ашық түрде жасалған әлемдегі тиімді шаралардың бірі болғанына тоқталды.
Сонымен қатар конференция барысында ядролық сынақтар мен оның зардаптары, ядролық техногенез және оның биогеохимиялық көрсеткіштердегі көрінісі туралы жан-жақты талқыланып, университет және Ресей ғалымдары ойларын ортаға салды. Ядролық қару мәселесі әлі көптеген ғылыми конференциялардың мазмұнын айқындай беретіні анық. Шараны қорытындылай келе қатысушылар ғылыми тұжырымдары, құнды ой-пікірлерімен бөлісіп, аталмыш конференцияның осы саладағы ғалымдар ынтымақтастығын нығайта түсетініне жеткізді.
Загрузка...