Білім тарихы: Мұражай экспонаттары сыр шертеді

Білім тарихының мұражайы 1984 жылы 30 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Алматы қаласы, Митин көшесі, 6 үйі ғимаратында ашылған. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жарлыққа қол қойған құжат мұражайдың төрінде тұр.

Бұл мекеме 1997 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бұйрығымен Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының қарамағына берілді. Мұражай экспозициясы сонау XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі білім саласының тарихын, оның қалыптасуы мен өркендеп дамуын жан-жақты баяндайды. Онда 7 мыңнан астам экспонат бар. Олар – тарихи құжаттар, фотосуреттер, алғашқы және кейінгі буын оқулықтары, білім саласындағы қолданылған оқу құралдары.

Мұражай үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім экспозициясы қазан төңкерісіне дейінгі ағарту саласының тарихына арналған. XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ даласындағы алғашқы діни бағыттағы ашылған мектептер, киіз үй ішіндегі сабақ, басқа да көптеген фотосуреттер сол бір замандардағы балалар өмірінен сыр шертеді. Дін мектептерінің бәрі бірдей оқушыларға айтарлықтай білім бере алмады. Өйткені, қазақтардың мал жағдайына байланысты жиі көшіп-қонуы кейбір мектептерге қиындық тудырды. Мектептер көшпелі халықпен бірге болды. Мектептер жетіспеді. Әр ата-ана балалары үшін өздері отырған киіз үйін кезекпен босатып беретін.

Осындай қиындықтардан жаңаша бағыттағы мектептер ашу қажеттігі туындады. Бір экспозицияда республикамыздың түкпір-түкпірінде алғаш ашылған жаңаша бағыттағы мектептер, медреселер, гимназиялар жайында баяндалады. 1789 жылғы Омбыдағы тұңғыш қазақ балаларына арналған Азия училищесі, 1841 жылғы Ішкі Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан алғашқы қазақ мектебі, Хұсни-Жамалдың қазақ қыздарына арналған мектебіндегі 1864 жылы оқушыларымен түскен суреттері, 1892-1895 жылдардағы Верный қаласындағы (қазіргі Алматы) ер балаларға арналған гимназия, 1890 жылғы Торғайдағы және 1893 жылғы Қостанайда ашылған қыздар гимназиясы, 1899 жылы Жетісу аймағында қазіргі Талдықорғанның Ақсу ауданы Қарағаш елді мекеніндегі Мамановтар әулетінің өз қаржыларына салған «Мамания» мектебі, тағы басқа алғашқы мектептер туралы мағлұмат беретін фотосуреттер мен тарихи құжаттар ел тарихының айтулы беттері.

1921 жылғы ағарту саласындағы тарихи оқиғалардың бірі – республикамызда сауатсыздықты жою туралы төтенше комиссияның құрылуы болды. Келесі бір бөлім Қазан төңкерісінен кейінгі, яғни кеңес дәуірі тұсындағы білім беру саласының тарихына арналған. Кеңес дәуіріндегі тағы бір елеулі оқиға – 1929 жылғы араб қарпінен латын қарпіне көшу еді. Қоғам алмасуынан кейін қазақ тілі тең құқықтық мемлекеттік тілге айналды. Оқушыларды өз ана тілінде оқыту бағдарламасын, оқулықтар, оқу әдістемелік құралдар дайындау үшін өте маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттігі алға қойылды. Араб қарпі қазақ тіліне тән фонетикалық ерекшеліктердің берілуін қамтамасыз ете алмады және графикалық сызбалары күрделі қиындықтар туғызды.

Сондықтан 1929 жылы латын қарпіне көшу, оқу-ағарту саласындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Бұл жағдай оқу-ағарту ісіне қайтадан өзгерістер енгізуге тура келді. Латын тілінде жаңа оқулықтар шығару қауырт қолға алынды. Білім беру саласының латын тілінде алғаш дайындаған құжаттары: мектеп бітіру куәлігі, мақтау грамоталары, латынша жазылған оқулықтар, сол кездегі мұғалімдердің сабақ жоспарлары, тағы басқа экспонаттардың түпнұсқасы қойылған. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі білім беру саласының жағдайы, соғысқа кеткен әке, ағаларының орнына жұмыс істеген оқушылардың сол кездегі фотосуреттері және оқудан қол үзіп қалған оқушылар үшін кешкі және сырттан оқитын мектептер ұйымдастырылғандығы туралы құжаттар бар.

Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау ауыр жылдарында да үкімет халықтың жағдайын және білім беру ісін ерекше назарда ұстады. Сол жылдарда республиканың жүз мыңдаған мектеп оқушылары мен мұғалімдері ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласты. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, ұстаздық қызметін жалғастырған қаһарман қазақтар А.Құсайынов, Қ.Сұрағанов, М.Ғабдуллин, Р.Тоқатаев, Н.Бәй­кеновтерге арналған экспозиция­ны да көруге болады. Н.Бәйкеновтің кителі, шинелі, фуражкасы, басқа да жеке заттары экспозицияда тұр.

Мұражай экспозициясының бір бөлімі – қазақ елінің білім саласына арналған. Шығармашылық ізденістегі атақты ұстаздар: Өскемен қаласы Жамбыл атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ.Бітібаеваға және Алматы қаласы №138 өнер гимназиясының география пәнінің мұғалімі Ұ.Есназароваға, Алматы қаласы №159 мектеп гимназиясының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері А.Миразоваға арналған бөлімдер бар. Келесі экспозиция­мыз «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орта­лығына» арналған. Міне, осындай білім тарихы жинақталған мұражай жәдігерлері кімді де болса қызықтырмай қоймайды.     

Нұргүл СЕМБАЕВА,
білім тарихы мұражайының
бас маманы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий