Оқытуда озық технология негіздерін ұтымды қолдану
Қазіргі таңда елімізде білім берудің жаңа жүйесі дайындалып, жаһандық білім беру кеңістігіне енуге батыл бірқатар қадамдар жасалынуда. Білім берудің мазмұны жаңарып, оларды технологиялық-педагогикалық тұрғыдан жетілдіру қажеттігі туындауда. Білім беру деңгейіндегі озық технологияларды пайдаланудың мақсаты – үйрете жүріп, үйрену.
Ғылымның қай саласы болсын, оқытушылар қауымы алдына зор міндеттер жүктейді. Соның ең бастысы – сапалы білім мен саналы тәрбие беру барысында білімгерлердің шығармашылық қабілеттерін, ақыл-ой белсенділігін дамыту. Себебі, білімді жастар ғана ел егемендігін баянды етіп, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қоса алады. Қоғамның жоғары педагогикалық білімді мамандарға қойылатын талаптары да соңғы жылдары күрделенді.
Жаңа қоғам оқытушысы – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді жасампаз, рефлексияға қабілеті басым, экологиялық білімді, шығармашыл тұлға, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі көрсету (ұмтылысы, әдіснамалық қалыптасуының жоғары деңгейін сипаттайтын әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтік), ақпараттың және біліктіліктің басқа түрлерін меңгерген құзырлығы жоғары маман. Сондықтан, оқытушы білімнің өзіндік құндылығын анық саналы түсініп, өз пәнін жетік білуі тиіс.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі – жаңа технология негіздері болып табылады. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың ақпарат құралдарымен айрықша жұмыстана білуіне назар аударған жөн. Білім беру саласында озық технологиялардың енуі оқытушының ойлану стилін, оқыту әдістемесін өзгертеді. Оқу-тәрбие үрдісінде теориялық және әдістемелік білімімді ұдайы толықтырып, үздіксіз ізденіп, өз мамандығым бойынша білімімді жетілдіріп және психология мен педагогика ғылымдары жайындағы жаңалықтар мен озық тәжірибелерді үнемі пайдаланып отырамын.
Сонда ғана мен өз еңбегімнің жемісін көріп, оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне бүгінгі күннің көтеріңкі талабына сай үн қосамын деп ойлаймын. Үздіксіз іздену – бүгінде өзіме қойылып отырған басты талаптардың бірі. Өйткені, әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық алдыңғы қатарлы тәжірибені жетік игеру – сапалы, тиімді, нәтижелі жүргізілген сабақ пен білімгерлердің жоғары білімінің кепілі. Оқу-тәрбие үрдісінің сабақта дұрыс жүргізілуі үшін әр алуан оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімдісін мүмкіндігінше және студенттердің жеке жағдайларына байланысты таңдап алуға көп көңіл бөлемін.
Оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді таңдап алу оқытуда табысқа жетуге негіз болады, әрі сабақтың тиімділігі мен сапасын барынша арттыруға мүмкіндік береді. Білімгерлерге терең білім беру үшін оқытушы мына төмендегі қағидаларды есте сақтағаны жөн деп есептеймін: оқытушы пәнді жетік терең меңгеріп, оны студенттерге ғылыми тұрғыдан негіздеп, қарапайым тілмен, өмірмен байланыстыра отырып бере білуі қажет; студенттердің жеке-дара ерекшеліктеріне қарай жеке бастарының психологиясын, жан дүниесін жете біліп, әр студенттің жүрегіне жол таба білуі абзал; әрбір білімгерге, бүкіл топқа қатаң талап қоя білуі қажет.
Ғылым мен педагогика саласындағы жаңалықтарды үнемі пайдаланып отыруы тиіс; мүмкіндігінше, кейбір үлкен тақырыптарды топтап, жеке блоктар түрінде топтастырып өткізе білуі керек; студенттерге ұзақ уақыт есте сақтау қабілетін арттыру үшін жаңа сабақты, әсіресе заңдылықтар мен құбылыстарды тірек белгілері мен тірек конспектілері бойынша берген жөн; білімгерлердің сапалы да тиянақты білім алуы үшін әр бөлім, әр тақырып бойынша олардың білімдерін тексеріп отырған жөн.
Мұнда әсіресе студенттердің білімін тексеруде мына төмендегідей әдістерді қолданған тиімді: сын тұрғысынан ойлау бойынша, өзін-өзі тексеру, тестік жүйе, кері байланыс және тағы да басқа мүмкіндіктер: сабақта халықтық педагогика элементтерін де ұтымды пайдалану қажет. Ол үшін: а) халық аңыз әңгімелерінен, өлең-жырларынан үзінділер келтіріп, олардың мағынасын түсіндіруге; ә) әр түрлі табиғи құбылыстарға байланысты жұмбақтар шешіп, сөзжұмбақ, бейнесөз құрастыруға болады; сабақта оқушыларды таң қалдырып, себебін білгілері келетін әр түрлі қызықты тәжірибелерді ұдайы қолданған орынды.
Ең бастысы, әрбір сабақ өз дәрежесінде жоғары деңгейде өтуі қажет. Оқытудың осындай жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалану оқытушыны табысқа жетелеп, білімін шыңдай түседі. Жас ұрпақтың жаңаша ойлануына, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселе. Бүгінгі білім беру ісіне қойылар талаптар қай кездегіден де күрделі, маңызды. Өйткені, бізді дамудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Сол кезеңге лайық ұлттық санасы жаңғырған жаңа ұрпақ тәрбилеу міндеті мойнымызда. Барлық кедергілерді жеңу, табысқа талпыну өз қолымызда деп білемін.
Айгерим РАТОВА,
Түркістан жоғары көпсалалы қол өнер
колледжі информатика және физика
пәндерінің оқытушысы