Мархабат Байғұт: “Әдебиет пәнінің періштесі” әңгімесіндегі түйсік пен сезім

Шын жазушының негізгі міндеті-нені жазуда емес, қалай жазуда, қанша жазуда емес, не үшін жазуда. Осы тұрғыдан келгенде, Мархабат Байғұт  қалай жазуды, не үшін жазуды жақсы меңгерген. Неміс әдебиетінің жиырмасыншы ғасырдағы классигі Бертольт Брехт  «Шыңдықты жазудың бес айласы» деген атақты тұжырымдамасында «нені» жазу мен «не үшін» жазуды басты өлшем етіп, өзінен кейінгі толқынға осы талаптарды қағида ретінде ұсынып еді. Осыдан келіп, неміс әдебиетінде әйгілі «Брехт мектебі» пайда болды. Әрине, мен бұл жерде Мархабат Байғұт Брехтың бес айласын оқып алып, өз шығармаларын жаза бастады деген ой айтудан аулақпын, бірақ, шындықты жазуға талпынған жас қаламгер әуелі құдай берген табиғи түйсік арқылы жазуға отырады да, өсе келе, тәжірибе жинақтай келе, іздене келе өмір шындықтарын шынайы көркем әдебиет шындығына айналдыру  үшін бір ғана табиғи түйсіктің аздық ететінін сезініп, әлем әдебиетін аралағандай аралай бастайды.

Аралай бастайды да, оқыған-тоқығанын ой таразысынан өткізіп, солардың бір де біреуіне ұқсамаудың жолын қарастырады. Тіпті, олардан кемшіліктер де тауып, өз шығармаларында оны қайталамауға барын салады. Мархабат Байғұт әдебиетте өз жолын, өз қолтаңбасын, өз стилін тапқан жазушы, оның басқа ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана, Мархабат Байғұтқа ғана тән ерекшеліктері жетерлік. Әдетте, «талғамға бола таласпайды» деседі. «Әдебиет пәнінің періштесі» шығармасына Мұқағали ақынның «Менің нәзік жанымды кім түсінер…» деген өлең жолын эпиграф етіп таңдаған. Кейіпкер Баубектің тағдырын сана сүзгісінен, көз алдымыздан өткізе отырып: «Он жил так, будто  нес перед собою свечу» деген сөз ойға оралады. Бұл сөзді орыс жазушылары арасында Нобель сыйлығын тұңғыш иеленген Иван Алексеевич Бунин жөнінде әлдебір замандасы айтқан.

Буниннің 1915 жылы жазылған «Грамматика любви» дейтін әңгімесіндегі детальдің Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» әңгімесіндегі мына бір детальмен дәлдігін қараңыз. Балалығының базарын қыздырған, жастығының арман бесігін тербеткен қара шаңырағына Лушка есімді кейіпкер араға жылдар салып оралып, еденде кеудіреу кеуіп жатқан, тақтай бетін тұтаса жапқан алтын түсті өлі араларды көреді. Онда тұрған не бар дейсіз бе? Қуат қуанышынан, құштар әлемінен айырылған, удың өзін кезінде балға айналдырған махабаттың ажал құуы емес пе бұл-сұмдық қой! Баубекке де осы тағдыр дөп жазылған екен. Тіпті, «Грамматика любви» мен «Әдебиет пәнінің періштесі» тіркестері де ұялас тәрізді.

Өлі аралар туралы тұспалдауымызда мән бар. Жаз бойы гүлден шырын сорған аралардың аталықтары алдағы қыстың дайындығын аяқтайды да, ұрпақ өрбіту үшін аналықтарын ғана қалдырып, кешеу күзде өздері түгел қырылады. Неге? Уақытқа үйлеспегендіктен. Олар да кейіпкер Баубектей: «Біздің әлеміміз мына әлемге келмесе не шара? Мөлдіреп өттім өмірден. Былғанбай барам бақиға. Қалықтаймын-ау қанаттарымен. Ұштым да кеттім жеп-жеңіл» дейтін сияқты. Әрине, бұл-болжам. Табиғаттың тылсым құпиясы түйсігімізден әлдеқайда терең десек те, түйсіну құдіретін бағалаған жөн. Және бір мысал келтірейік:

Қара мақпал, алтын бунақ арасың,
Мұңлы шектей мұңлық күйге саласың.
Түсінбейін адамның ой-санасын,
Жайпай өтіп мейірімнің даласын,
Соғады әлі сұрапыл бір борасын,
Ысырыла ызғып кетіп барасың. Өзіміз еркін аударған бұл өлеңнен И.А. Бунин жоғарыдағы аталмыш әңгімесін он екі ай шамасы кейін жазыпты.Тағы бір жыл озғанда, айтқаны ақиқатқа айналғанын жалпақ жұрт көрді -1917 жылы Қазан төңкерісі бұрқ етті. Тыныштықтың астан-кестені шығып, ар-ұят, адамгершілік құндылықтары табанға тапталды. Алмағайып, аласапыран зұлматтың қорлығына, төңкерісшіл қарау күштердің зорлығына шыдамаған жазушы ақыры эмигрант атанып тынды. Туған елінен топырақ бұйырмай, моласы Парижде құлақ қилтитты. Міне түйсіну құдіреті! Әсіресе, өлеңнің соңғы екі қатарындағы қисынға Бунин тағдырының қиыса кеткенін көрмейсіз бе?!

Өтпелі кезеңдегі тұрпайы тұрмыстың, еліктеуі ерсі мәдениеттің құрбаны болған Баубектің де өлімі-кездейсоқтық емес. «Әлеуметтік әуеннің» сұрғылт сарыны әуелі Махамбеттің басын алдырған, Абайды тасырлардың таяғына жығып, Ахмет Байтұрсынұлын, Міржақып Дулатты, Мағжан Жұмабайұлын, Жүсіпбек Аймауытұлын, Әлихан Бөкейханұлын оққа байлаған. Солардың бағытын ұстануға, жолын қууға, ілімін ілгерілетуге, ісін мәреге жеткізуге талпынған уыздай жасты мүйізі қарағайдай қарадүрсінділік қарға адым ұзатпады. Баубек кейіпкердің болмысы-күйреудің қорқынышына қарсыласқан қорғансыз жас жігердің арпалысы, тарихи тағдырымыздың тамшыдай ғана көрінісі.

Әдебиет пен өнер аяқ астына түскен күндерде тірлік кешкен қарапайым мұғалім бабалары жаққан шырақты өзінен кейінгі ұрпаққа өшірмей жеткізуді армандады. Асқақ рухы қай кезде де Ар дейтін аяулы ауылдан табылатын. Еркін ерлігі-адамдарды сүйе білушілігі. «Қыздай сызылғанның қыздай сызылған  баласы мұзға жығылған дейтіндер де аз болмас. Ғайбатсыз-ақ, айбатсыз да аттанайын жалғаннан» деу үшін де кінәрәтсіз махаббат пен ождан тазалығы керек қой. Адал аңғалдықтың да суалатынын, қуаратынын сезбеді ол. Өмір тұтқынынан босап, өлім торына түскенге дейінгі сәл сәттік бостандықты сезген де шығар-ау. Бақиға былғанбай баруды көксеген, тектілікті тірек тұтқан пендеге сондай кешігудің өзі дұрыс та.

«Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятындағы сюжеттік желілердің қиылысу тоғысында ұлттық  мүдденің үдесінен шығуды көздеген жан жылылығының ұлғайған уайымы мен көмескіленген сана салғырттығының ықылас-ынтаны ықтыратын ызғары, кісілік пен кісәпірліктің бітіспес шайқасы бар. Ұрпақтың қайырымсыздануынан, қатыгезденуінен үрейі үдететін «жұқалтай жүрек» жігіттің тастай қара суыққа қарпылуында, іштей қызыл жалынға шарпылуында осындай сыр жатыр. Оның да қысқы ғұмырын құштарлық ғұмыры жұтып қойды. Шексіз сүйіспеншіліктің де жүректі қарашұбар жыландай шым-шым шағып тұратынын түсінуге Баубек әлі жас еді.

Сондықтан да «тұп-тұнық» күйде, толғана ақты». Аудан мен ауыл арасында Баубекке жеткізбеген төрт шақырым жер тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қысылтаяң қарбаласымызды еске түсіреді. Кімге оңай болды дейсіз?! Ол түні қайысып қара дақтардан, майысып барып құлаған» кейіпкерге зулаған мәшинелерде кәрі қыршаңқылық келте кекесінмен мырс етіп, салқын жарық саулаған май құю бекеттерінде тастан ойған сұп-сұр беттер бедірейіп, иесінің арсыз күлкісі қытықтағанда да мізбақпай отырғанына кім кінәлі? Қоғам ба? Әй, қайдам! Жазығы тізгін еркіндігін қолымызға тигізгені ме? Қоғам дегенініңіздің өзі адамдар мінез-құлқының жиынтығы емес пе?!

Өтпелі кезең заңдары тірлігімізді трагедияға тіреу үшін қабылданды деуге есі дұрыс кісінің аузы бармас. Кейіпкердің өз сөзімен айтсақ: «Пенделік, шіркін, қиын ғой. Қай дүние де құпия». Көп нәрсенің қиюы табылмай, қинауы көбейгені рас. Жабағы жүні түспеген жадау-жүдеу күндерде жекешелендірудің  желігі жындай ұйытқып, ойран-ботқа ойларға көмілдік. Сол шеңберді рухани қуатпен бұзып шыға алмасақ, сорға құлайтынымыз, танымсыз, талғамсыз, мәңгүртке айналарымыз сөзсіз еді. Баубек кейіпкер көлденең көгенкөзден көмек сұрайтын көркөкірек емес, көрсоқырлықтың кәкір-шүкірінен келешектің мөлдіреген көкжиегіне ертерек жетуді көздеген намысшыларымыздың бірі болатын.

Ол бүкіл арман-тілегін бір тамшыдай ғана таза ғұмырына сыйғызып өтті жалғаннан. Сұлу талғамының талқысы қатты жігіт Құдайдан қорықпайтындардың   адамнан ұялатынына сенбей кетті. Тоқтыққа емес, тоғышарлыққа қарсыласып бақты. Ащыны маңдайынан төгіп, тәттіні таңдайымен татты. Аңсарлы аңғалдығымен өмірді де, әдебиетті де алаңсыз сүйген жан жомарттығын танытты. Қойдай қоңыр жуастығымен жадымызда, айбынын айқайсыз-ақ асыратын биязы үнімен-нағыз адами дауысымен үнімізде қалды. Оның ақылды күлкісінде өткеніміздің өксігі, бүгінгіміздің бұлқынысы, келешегіміздің романтикасы тұнып тұрды.

Кейбіреудің үстірт ойлайтынындай, «Әдебиет пәнінің періштесі» отбасы ошақ қасының күйбеңшіл күңкілі емес, биікке талпынған бекзат болмысымыздың шерлі шежіресіндей шығарма. Ішкі әлемімізді нұрландыратын өміршеңдік қуаты мол мұңлы игілігіміз. Қайғырып отырғанда оқысаңыз қайғыңыздың өзіне тіл бітіргендей. Нағыз байлық сөз жиған адамда екенін зерек зерделеген әкелі-балалы кейіпкер не айтса да өмірдің, әдебиет пен өнердің, ұрпақ тәрбиесінің пайдасына айтыпты.

Көкірегі аяққаптай найсаптықтың, аярлықтың асқақтауынан, абыройдың аяқастылығынан қорқыпты. Сол себептен де бұл туындының түп қазығы -уақыт идеясы. Формасы -уақыттың тәкаппар тәртібі. Егер хикаятта ақтарылған ұлан-асыр сыр тұтасымен монологтар арқылы ғана баяндалмаса, онда тақырып пен стиль арасында түр мен мазмұнның бірлігі сақталмас еді. Сыршылдықтың еркін үлгісін таңдаған жазушы пәлсапалық толғамдарын қысылмай-қымырылмай толғау, қиялын қиырға самғату, кеңінен қамтып, молынан қарпу мүмкіндігіне ие болған. Мұнысы тұйықтан шығуға талпынған өтпелі кезеңдегі кейіпкердің  көңіл-күйіне сәйкес әрі үйлесімді. Алғы шепте күнкөріс қамы емес, поэтикалық ойдың озуы -тектілігіміздің белгісі.

Жайылып бара жатқан жалпақ судай жалған ділмарлықтай тіксінген қаламгер тіркестердің ырғақты құбылысына сезім сәулесін, жүрек жылуын жүгіртіп, мінез-құлық қырларын ашып көрсетуге, қисынды көзқарастар қалыптастыруға құнарлы психологиялық өзгерістерді рет-ретімен жүйелі пайдаланған. Көркемдік климатындағы температураның кенеттен күрт көтерілуі немесе күтпеген жерден төмендеуі сүйінішкүйінішімізді қатар қанағаттандырып, шығарманың үйлестірушілік рухы желеп-жебейді.

Сондықтан Баукең бейнесі бірыңғай патетикалық-трагедиялық ауанда емес, табиғатпен бірлікте, адамдармен қарым-қатынасы тақырыптық шеңбермен шектелмеген деңгейде жасалды деуге құқылымыз. Өзіне ғана тән түйсіну жаңалығы арқылы жазушы жеке тағдырдың орны толмас өкінішінен де мөлдіреген рухани дүние туғызып, қыршынынан қиылған өрімдей жастың рухани өнер өлкесіне -ажалсыздықтың әсем әлеміне тұрақтандырды. Бұл – қаламгер ерлігі. Оқисың да, ағаштан бесік те, табыт та жасалатынын ойлайсың.

Әдебиетті көп болып жасамайды. Әдебиет -жеке адамдардың еңбегінің жемісі. Біздің тәуелсіз еліміз  енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі отырғамыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес.

Айнур Жетпісбайқызы ЕРДЕНОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының баспасөз қызметкері, қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Ақмола облысының
Бурабай ауданының Щучинск қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий